Баған

“Жылу”

Бастауыш сыныптың оқушысымын. Ол кезде Кеңес үкіметінің дүрілдеп тұрған шағы. Қой шаруашылығымен айналысатын «Еңбек» совхозындағы бір шо­панның бір отар қойы қырылып қалатын болды. Ойын баласы болғандықтан, мәнісіне сол кезде жете түсіне қоймағаным да рас. Арам өлтірмейін деп, шо­пан қойдың бәрін бауыздады. Қазіргідей базарға әкеліп сата да алмайсың, қойшының ұлы ат-арбамен жүріп, ауылдағы әр үйге екі-үштен таратып берді. Күзге таман уақыт болатын, семіз қойдың еті біздің үйге де келді.

Ол кезде совхоздың бір қойының қылшығы қисайса сотталып кете беретін кез. Әлі ер жетпеген шиеттей бала-шағасы бар қойшының отбасының берекесі кетіп, балаларының жүздерінен күлкі қашты. Бірақ, 50-60 қана үйі бар ауыл адамдары жиылып, шама-шарқына қарай, екі-үш қойдан жылу жинап, отардың орнын толтырды. Айтпағым басқа…

Жақында әріптесім Қасымхан Ғалым мал ұрлығына қатысты сараптамалық материал жазғаны бар. Мәселенің мәнісін білу үшін құқық қорғау органдарымен хабарласпай ма? Бұрынғыдай далада еркін жатқан мал емес, әрқайсысының құжаты да бар. Атын атап, түсін түстеп те қойған. Солай бола тұра, тыйылмай тұрған мал ұрлығына не себеп демей ме?! Сөйтсек, кінә – ауылдың ақкөңіл, аңғал адамдарының өздерінде екен. Құқық қорғау қызметкерлері ауылды қан қақсатқан ұрының ізіне түсіп, қолға түсіргенімен де, жеме-жемге келгенде «ауылдың атпалдай азаматын соттатып жіберіп, қалай қарап отырамыз?» деп, үй-үйді аралап жылу жинайды екен малын алдырғандар. Малдарын алғызғанымен қоймай, ұрыны соттатпаудың амалымен өз қолдарымен тағы бір бас ірі қарасын әкеліп береді.

Ал, босап шыққан соң, елдің бетіне қарауға жүзі шыдамай, ұялып, түзелейін деген ұры бар ма?! Бір-екі ай інін сауғалаған тышқандай үнсіз отырып, қайтадан қарекетіне басады. Бұған құқық қорғау органдары да шарасыз. Кешірдім деп, малын алдырғаны, жаздым-жаңылдым деген мал ұрлағаны алдына келген соң, заң солай, анау-мынау ауыр қылмыс болмаған соң, босатуға мәжбүр.

Кез келген нәубетті бірлесіп отырып жеңетін еліміздің жылу жинау дәстүрі, әлбетте, бақытсыз жағдайға тап болғанда, қайғыға душар болғанда, шаңырағы шайқалып, мал-мүлкінен айырылғанда жинаған. Ал, арам жолмен шығынға ұшырағандарға жылу жинағанды көрмеппін. Қол-аяғы сау бола тұра, ұрлықпен күнін көрген, өзгенің емес, ауылдастарының өзін қан қақсатқан ұрыға «жылу» жинап, әп-әдемі дәстүрдің сиқын кетіріп алғандаймыз.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің
саясат және құқық бөлімінің
меңгерушісі

Басқа материалдар

Back to top button