Бас тақырыпОблыс әкімі

Жылу беру маусымы: «Қыс шанаңды жаз сайла»

Сейсенбіде облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен бейне-селектор режиміндегі кезекті аппарат мәжілісі өтті. Күн тәртібінде мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру, сондайақ, алдағы жылу беру маусымына дайындық туралы маңызды екі мәселе қаралды.

АРЫС: қалпына келтіру жұмыстары қалай жүруде?

Алқалы жиынды бастамас бұрын, аймақ басшысы облыстағы кадрлық ауыс-түйіс мәселесіне тоқталды. Сөйтіп, облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы болып Нұржан Жетпісбаев тағайындалды. Айта кетейік, бұған дейін Нұржан Арғынұлы «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы қызметін атқарған болатын. Өз кезегінде, аймақ басшысы жаңа басшыға үлкен сенім артатынын жеткізіп, қызметіне сәттілік тіледі.

Бұдан соң, Ерлан Жақанұлы Арыс қаласындағы оқыс оқиғаға қатысты атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды.

  • Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада Арыста болып қайттым. Байқағанымдай, жұмыс көлемі – өте үлкен. Солай бола тұра, барлық жөндеу жұмысын тығыз мерзімде атқару қажет. Басты мақсат – тұрғындардың қолайлы жағдайда өмір сүруін қалпына келтіру. Оқиға орнында 200-ден аса қарағандылықтар табанды тер төгуде. Жұмыс қарқыны өте жақсы. Әсіресе, бірінші орынбасарым Асылбек Жексенбайұлы бастаған осы облыс азаматтарының жұмысы көз қуантады, – деді Ерлан Қошанов.

Елдің оңтүстік аймағында атқарылып жатқан бұл ауқымды жұмыстар турасында облыс әкімінің орынбасары Ермағанбет Бөлекбаев баяндады. Оның айтуынша, осы күні Арыстағы 73 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде, 62 жеке тұрғын үй мен 301 пәтер бар. Бұл жұмыстарға 241 жұмыскер тартылды. Жұмыс кестесі сақталуда. Бұдан бөлек, 10 тұрғын үй мен 208 пәтерді жөндеу қалып отыр. Алайда, бұларда жұмыс ауқымы айтарлықтай көп емес. Барлық жұмыс өз мерзімінде аяқталады.

  • Тағы да қайталап айтамын. Қалпына келтіру жұмыстарын мерзімінде әрі сапалы жүргізу үшін барлық мемлекеттік орган басшылары мен әкімдер жан-жақты көмек көрсетуді жалғастырыңыздар. Барлық жұмыс қысқа мерзім аралығында аяқталуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Мүмкіндігі шектеулінің мүмкіндігін шектемейік

Сөйтіп, күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру туралы облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова баяндады. Оның айтуынша, мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау және олардың құқықтарын қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басты назарында. Осы күні облыста мүмкіндігі шектеулі 67 мың тұрғын өмір сүруде. Ол – жалпы тұрғындардың 4,9%-ы. 2012 жылдан бастап елімізде ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету мен өмір сүру сапасын арттыру мақсатында үш кезеңді қамтыған ісшаралар жоспары жүзеге асуда.

– Іс-шаралар аясында жүзеге асқан жаңашылдықтарға тоқталғым келеді. Яғни, нысандардың әлеуметтік қимылқозғалыс инфрақұрылымдарын бейімдеу және төлқұжаттау бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Мүгедектердің әлеуметтік қорғалуы саласына қатысты үйлестіру Кеңесі құрылды. Мүгедектер ісі жөніндегі штаттан тыс кеңесші институты енгізілді. Инватакси қызметі де ұлғайды. Кохлеарлы имланттағы (есту және сөйлеу қабілетінің орнын толтыратын медициналық құрал) сөйлеу процессорларын ауыстыру және күйге келтіру қызметі пайда болды. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға берілетін міндетті жеке бас тазалығы заттарының көлемі ұлғайды. Ыммен сөйлеу мамандарының қызмет көрсету уақыты ұзартылды. Техникалық бейімдеудің құрал-жабдық тізімі 32-ден 55-ке дейін кеңейтілді, – деді Әсем Жүнісбекова.

Басқарма басшысының айтуынша, Тұңғыш Президенттің тапсырмасы негізінде биыл 28 мамырда Үкімет ерекше қажеттілігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету мен өмір сүру сапасын арттыру туралы 2025 жылға дейінгі мерзімді көздейтін Ұлттық жоспарды бекітті. Ал, 2017 жылдан бастап мүгедектер қажеттілігін өтеу мақсатында шипажайлық-курорттық емдеуге, қимыл-қозғалысқа қажет техникалық жәрдемші құралдар мен арнайы құралдарды алуға бөлінетін қаржы көлемі ұлғайды. Биыл мүгедектерді әлеуметтік қолдауға облыс бюджетінен 1 млрд. теңгеден астам сома бөлінді. Бүгінде аймақта 1150 бірлік сурдотехникалық, 797 бірлік жылу-техникалық жабдық сатып алынып, үлестірілді.

  • Облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандар шипажайлық-курорттық емдеуге Шучинск қаласындағы «Алмаз» шипажайына бекітілген кестеге сәйкес 10 күнге жіберіледі. Облыс тұрғындары кездесулерде, жеке қабылдау барысында шипажайлықкурорттық емдеу күндерінің санын ұлғайту мәселесін бірнеше рет көтерді, – деді Әсем Жүнісбекова.

Оның айтуынша, Қазақстанның басқа өңірлерінде мүмкіндіктері шектеулі адамдар шипажайда 12 күн бойы демала алады. Қарағандылықтарды қала аумағынан тыс жерлерде емдеу мерзімін ұлғайту мақсатында бюджеттен қосымша 64 млн. теңге бөліну қажет. Бұл ретте, облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы облыстың қаржы басқармасына бюджет өтінімдерін бағыттады.

  • Өз орынбасарларыма, сондай-ақ, облыстың қаржы басқармасының басшысына осы мәселені реттеуді және ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған шиипажайлық-курорттық емдеу мерзімдерін ұлғайтуға қаражатты іздестіруді тапсырамын, – деді Ерлан Жақанұлы.

Өз кезегінде, өңір басшысы ерекше қажеттілігі бар адамдарға жеке көмекшілер мен инватакси беру маңыздылығы туралы да тілге тиек етті.

Жылу беру маусымына – жүйелі әзірлік

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – облыстағы 2019-2020 жылдарға арналған жылу беру маусымына дайындық мәселесі бойынша облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов баяндады. Оның айтуынша, осы күні 8 станциядағы 10 қазандық пен 4 турбинаның жөндеу жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда кестеге сәйкес, 14 қазандық пен 5 турбинаның жөндеу жұмысы жүргізілуде. Қалған 18 қазандық пен 6 турбинада да кестеге сәйкес жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Теміртаудағы №2 жылу электр орталығында да жөндеу бағдарламасы бекітілген кестеге сай атқарылуда. Есеп беру кезеңінде, 1 қазандық пен 1 турбина жөнделуде. №5 қазандықтың кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмысы – 85%-ды құрауда. Бұл жұмыс биыл 13 шілдеде тәмамдалады. №4 қазандықта да жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер компания анықталды. Қажетті материалдың барлығы бар.

Бұл ретте, көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандарды жылумен қамту мәселесін де айналып өтуге болмайды. Бұл күні жоспар бойынша 50%-ды құрауы қажет жұмыстың кезеңдік орындалуы 45%-ды ғана құрап отыр. Қазандықтарды, инженерлік желілерді, тұрғын үйлер мен мәдени нысандардың жылу желілерін жөндеу барысында кестеден кешігу байқалады. Қарағанды, Балқаш, Сәтбаев, Саран қалалары мен Ақтоғай, Жаңаарқа, Нұра, Қарқаралы, Ұлытау аудандарында қазандық жабдығын әзірлеу жұмысы басталмай отыр.

Сондай-ақ, жоспарлы 50%-дық кешігулер Саран қаласы мен Жаңаарқа ауданында тіркелді. Бүгінде тұрғын үй жертөлелеріндегі 30 жылу беруді басқарудың автоматтандырылған жүйесінің 19-ы аулаға шығарылды. Қалған 11 жүйені аулаға шығару жұмыстары бекітілген кестеге сай жалғасуда. Бұл жұмыстар жылу беру маусымы басталмай тұрып тәмамдалады. Айта кету керек, Шет ауданына қарасты Ақадыр кентінде қазандықтың жөндеу жұмыстары басталды. Мердігер ұйым жұмысқа кірісті. Ол да жылу маусымы басталар 1 қазанға дейін аяқталады.

Алайда, әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандардағы жылу беруді басқарудың автоматтандырылған жүйесін аулаға шығаруға қатысты кедергілер орын алуда. Олар – Абай, Нұра, Осакаров, Шет аудандарында орналасқан. Аталған аудандарда газдандыру мәселесін ескере отырып, 74 жылу беруді басқарудың автоматтандырылған жүйесін аулаға шығару қажет. Бұл жұмыстарды газдандырумен қатар жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, Шахан кентінде орталықтандырылған қазандықтың құрылыс жұмысына қатысты сот процесі жүруде.

Басқарма басшысы әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандарға отын жеткізу мәселесін де тілге тиек етті. Алдағы жылу беру маусымында оларға 1366 мың тонна, ал, коммуналды-тұрмыстық нысандарға 559 мың тонна көмір қажет. Осы күні көмір қоймаларында түгендеу жұмыстары жүргізіліп, көмір жеткізудің жоспарлы әрекеті басталды. Әлеуметтік, мәдени және тұрмыстық нысандарды көмірмен қамту мақсатында конкурстық процедуралар жүргізіліп, мердігерлер анықталды. Нәтижесінде, бюджеттік мекемелерге 138 мың тонна көмір сатып алуға конкурстық процедуралар аяқталды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да атқарыла береді.

Өз кезегінде, аймақ басшысы жылу беру маусымы басталмай тұрып, көмірді алдынала сатып алу турасында тұрғындарды ақпараттандыру қажеттілігін алға тартты.

Қауіпсіздік – қатаң бақылауда

Аймақ басшысы жолдардағы, су қоймаларындағы қайғылы оқиғалар мен көпқабатты үй терезелерінен құлап түскен балалар мәселесін да көтерді.

  • Әке ретінде мені бұл мәселе өте қатты алаңдатады. Өткен аптада екі оқиға болды, оның бірі қайғылы аяқталды. Балалар москитті тордың сенімсіздігін түсінбейді. Сондықтан, бірінші кезекте жауапкершілік сіздер мен бізге артылады, – деді облыс әкімі.

Ерлан Қошанов облыстың төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің қызметкерлеріне алдын-алу жұмыстарын күшейтуді, үгіттеу роликтерін түсіруді, ісәрекеттердің ережелері мен қорғаныс құралдары туралы әңгімелеуге, қажет болғанда пәтер аралауды тапсырды.

  • Ауа райын болжаушылардың мәліметінше, таяу күндері аптап ыстық күтілуде. Адамдар демалуға, шомылуға барады. Құтқарушылардың жұмысын күшейту қажет. Облыстың төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарға судағы әрекет ережесін түсіндірсін. Балалар қараусыз қалмауын және ересектердің алкогольді ішімдікті шамадан тыс пайдаланудан шектелуін еске салсын, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жол-көлік оқиғаларына да зейін аударды. Полиция қызметкерлеріне Қарағанды қаласынан Топар кентіндегі, Балқаш, Теміртау қалаларындағы және Баянауыл ауданындағы демалыс орындарына апарар жолдарда жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін бақылауды күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ, әкімдер мен басқарма басшыларына қағазбастылықтан арылып, нақты іске көшу қажеттілігін жеткізді.

  • Қарағандыдағы Ермеков 60 мекенжайында орналасқан көпқабатты үй тұрғындары әлеуметтік желіде нысандағы жабын плитасы иіліп кеткенін жазуда. Төтенше жағдай қызметкерлері тексеріп, тұрғындарға өздерің шешіңдер бұл мәселені деген екен. Бұл не масқара? Нұрлан Әубәкіров, қала әкімі ретінде неге назардан тыс қалдырасыз бұл мәселені? Әлде, адам шығынын күтіп отырсыздар ма? Бюрократияның ең сорақы үлгісі – осы! Бүгіннен қалдырмай шешіңіздер тұрғындар мәселесін, – деді Ерлан Қошанов.

Жиын соңында облыс әкімі басқарма басшыларына, қала және аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, жұмысты күшейтуді тапсырды.

Рауан ҚАБИДОЛДА.

Суретті түсірген: Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button