Жаңалықтар

Жылқышы: кеше және бүгін

Балалық шағым жайлауда өтті. Жылқыны қайырып келу, бие байлау, бие сауысу секілді шаруалар бала болсақ та, біздің мойында еді. Жайлауға түнделетіп жылқышылар келетін. Астарына аласұрған айғыр мінген, саптама етігіне сегіз өрім дырау қамшысын сұға салған батыр тектес жігіттер. Есік пен төрдей атқа отырған, қарынан құрығы түспейтін ақсақалдар да бар ішінде. Олардың жылқы бағуы да, айтатын әңгімелері де ерекше еді ғой, шіркін! Түн ортасында жылқыларын жусатып, біздің жайлауға келіп, шай ішіп, ет жеп, таңғы төртте жылқы жинауға қайта кетуші еді. Жылқы бағу мәдениеті, қазақ жылқышысының келбеті сол кісілермен қоса кеткен секілді.

Қазіргі жылқышылардың астында – мотоцикл, қалтасында – ұялы телефон. Бұл игіліктер – жоқ із дегенде тез хабарласуға, төңіректі «шарлап» келуге расымен таптырмас құралдар. Қасқыр тартып кеткен жылқының фотосын мал иесіне шалғайда тұрып жібере салғанда замана талабына бейімделген жылқышыларға еріксіз сүйсінесің. Таяқтың екі ұшы болатындығы секілді, бұл өзгерістердің зиянды тұстары да жетерлік. Жылқыны күні-түні мотоциклмен қуғандықтан, ет жинамауы, биелердің құлын тастауы немесе сүтінің қашуы сынды құбылыстар жиілеп кетті. «Таңертең ауылға жылқы келгенде қарасам, биелерімнің жотасында бір елі шаң тұрады» дейді бір ауылдасым. Қазақы түсініктегі жылқышылық біздің Арқа өңірінде тек қыс мезгілінде ғана қалған болар… Оның өзінде көп жылқышы бүгінде моторлы шананы тақымдап алыпты деп естиміз.

Қазір ауылдарда жылқышылар жылқы басына орта есеппен 10002000 теңгеден алады екен. Мәселен, 100 түтінді ауылдан 1000 жылқы шықса, оны төрт жігіт бағар болса, қолдарына айына 250 000 теңгеден алады. Қалада жүрген қаймананың қолына түсе бермейтін сома.

Жылқышылық кез келген ауыл баласының қолынан келе бермейді. Ол үшін физикалық күш те, ыстықсуыққа төзімділік те, аңшылық түйсік, тас-қараңғы түнде немесе ат құлағы көрінбес боранда жер бедерін айыра білетін қасиеттердің де болуы шарт. Міне, сондықтан да, жігіттердің көбі 50 мың теңгелік күзет жұмысын немесе басқа да қара күшті қажет ететін жұмыстарды жағалап жүр. Жылқы бағу – 2240 жас аралығындағы 100 жігіттің әрі кетсе, бес-алтауы ғана бағындыра алатын кәсіп. Мойындарына жауапкершілік алғаннан кейін боранды күні ығып кеткен, ит-құсқа жем болған, ұшты-күйлі жоғалған жылқылардың өтеуі – осы жігіттердің тарапынан. Сол үшін де олардың еңбекақыларынан алып қалып, «қара күнге» сақтайтын жеке қоры болады. Мал иесімен келісімге сай, орнын малдай немесе ақшалай жауып отырады. Жылқышыларда табиғаттың «тосынсыйларынан» өзге де өзекті мәселелер бар. Ол – жазда маңайдағы шаруа қожалықтарының егіндеріне, шабындықтарына жылқы түсірмеу, жердің тақырлануына байланысты қос ауыстырып

отыру секілді дүниелер, яғни, осы кәсіптің ажырамас бөлшегі. Ауыл жылқышыларының мәселелері тек бұлармен шектелмейді. «Қазір жұрт біреудің ақшасын санағанды ұнатады. Сырт көзге біз ақшаны күреп табатын секілдіміз. Бірақ, біздің табысымыз ауылдағы әр үйдің мүмкіндігіне тікелей байланысты. Біреулер жылқының бағым құнын айдың басында берсе, біреулер 2-3 ай кешіктіреді. Қолыңа қомақты қаржы бірден түспейді. Біздің де бала­шағамыз бар екенін кейде ауылдастарымыз ұмытып кетеді. Біреулер солардың жылқысын тегін бағуымыз керек секілді кісімсіп барып береді», – дейді Шет ауданындағы жылқышы Жағыпар Байжанов.

Осы мақалада сөз еткен мәселелерді Жәнібек Әлиман атты ақын бауырымыз өзінің «Жылқышы» атты триптихінде әдемі суреттейді. Поэма (бұл шығарманы поэма деуге батылым барады) кешегі жылқышының қандай болғанымен басталып, бүгінгі жылқышыны «түртіп» өтіп, біраз мәселенің басын қайырып, сауалын қойып, жауабын да өзі айтады.

Жалпы, ресми мәліметтерге жүгінсек, елімізде жылқы саны жылдан жылға артып келеді. Жылқы шаруашылығы жөнінен алғашқы үштікте 2017 жылғы есеп бойынша ШҚО 322 700 жылқымен топ бастаса, Түркістан облысы 307 мың жылқысымен екінші орында, Алматы облысы 296 400 жылқымен үштікті түйіндеп тұр. Айтпақшы, Қарағанды облысы төртінші орында, 280 мың 600 жылқы бар дейді stat.gov.kz.

Осы сайт 2018 жылдың аяғында Қарағанды облысында 309 мың 800 бас жылқы бар деп тіркеген. Шығыс Қазақстан облысы бір жыл ішінде әжептеуір алға ілгерілеген екен және жылқы саны бойынша 2018 жылы да бірінші орында тұр. ШҚО-да жылқы саны – 362 400 дейді ресми мәлімет. 2019 жылдың көрсеткіші өзімізге де қызық. Ауыл шаруашылық министрлігінің мәліметіне сүйенсек, ШҚО 394 518 бас жылқымен әлі де топ басында келеді. 2018 жылы үшінші орынды місе тұтқан Түркістан облысы бір сатыға көтерілген екен. Жылқы саны – 346 431. Қарағанды облысы жылқы саны бойынша үштікке ілігіпті. Бізге тиесілі сан – 337 202.

Айсұлтан МҰХАМЕДИЯҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button