Жаңалықтар

Жоспары – ауқымды, жұмысы – қарқынды

«Қазпошта» АҚ Қарағанды филиалы – облыстың барлық аумағында, тіпті, ауылдық жерлердің өзінде қолжетімді қызметтерді ұсынатын бірден-бір оператор. Сондай-ақ, аталмыш мекеме үшінші жаңғыру өзегі болып табылатын цифрландыру мәселесін де еліміздің өзге өңірлерімен салыстырғанда алғашқылардың бірі болып жүзеге асыруда. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауының тоғызыншы басымдығында айтылатын сыбайлас жемқорлықпен күресте де ауқымды шаралар тұрақты түрде жүзеге асырылады.

Мәселен, әр айдың соңғы аптасында «Қазпошта» АҚ Қарағанды филиалының қаладағы бөлімше басшылары «Сапа күнін» өткізеді. Сондай-ақ, «Сапа күніне» онлайн режимде облыстың барлық аудандарындағы бөлімше басшылары да қатысады. Жиналыс барысында жұмыстағы кемшіліктер мен әртүрлі проблемалар ортаға салынып, оны шешудің оңтайлы мәселелері қарастырылады.

Қауіпсіздік қызметі бөлімінің бастығы Әміриден Ілиясов мұндай жиналыстар сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алуда да маңызды дейді.

  • Сондай-ақ, «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне жұмысқа орналасар алдында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мобильді топтар да жасақталған. Осыған дейін 40 мыңға жуық адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шынында да, пошта операторларының қолынан күніне миллиондаған сома өтеді. Ол – біреудің жәрдемақысы, біреудің зейнетақысы. Сондықтан, халық ақшасының қолды болмауы мақсатында осындай шараларды тұрақты түрде жүргіземіз, – дейді Әміриден Жамсатұлы.

Осы орайда, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің бас маманы Олжас Бурхановтың қатысуымен өткен кездесуде сыбайлас жемқорлық салдары туралы түсірілген ролик көрсетіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, яғни, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салуға қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталмыш бапта кiнәлiге сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жылға дейiнгі мерзімге бас бостандығын шектеуге немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады деп жазылған. Мұндай кездесулер қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, бөтеннің мүлкі алдындағы жауапкершілікті де арттырары сөзсіз.

Екі мыңға тарта адам қызмет ететін Қарағанды филиалы Қазақстан бойынша ең үлкен филиалдардың бірі. Бөлімшелердің 20 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Елімізде интернет сауданың қарқынды дамуына байланысты биылғы жылдан интернет-сәлемдемелерді қабылдау да екі есеге өсіп, аудандармен қатар, ауылдық жерлерде де банкоматтар орнату жұмыстары жүргізілуде.

  • Қазпошта ауыл мен қала арасындағы байланысты үзбей отырған бірден-бір мекеме дейді, Қарағанды филиалының басшысы Жанбота Бөкенов. – Қызмет түрлерін цифрландыруға байланысты қаламыздың Оңтүстік-шығыс және Майқұдық бөліктерінде арнайы сәлемдемелер супермаркеттерін ашу да жоспарда. Бұл – жұмыскерлер саны қысқартылады деген емес, керісінше интернет сәлемдемелердің көбеюіне байланысты жұмыскерлер саны артады деген сөз, – дейді ол.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button