«Жолы жіңішке» журналистермен жүздесті

Аналар мерекесі қарсаңында аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК «Saryaqa» телеарнасында БАҚ саласында жүрген қыз-келіншектермен жүздесіп, әңгіме өрбітті. Әкім бұған дейін өңір журналистеріне жүйелі түрде кездесіп, сұхбат беруге уәде еткен болатын. Ал, «Әкім сағаты» аталған кешегі бағдарлама – сол уәденің орындалысы. Гендерлік теңдіктен бастау алған пікір алмасуда тілші қауымы қоғамның әр саласындағы мәселелерді қамтыды. Бұқараның көкейінде жүрген әлеуметтік-экономикалық мәселелер сауалдарға арқау болды.

Аймақ басшысы мереке алдындағы бұл жүздесу мәнінің зор екендігіне тоқтала келіп, сұрақтардың баршасына жауап беруге дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, алдағы уақытта барлық басқарма басшыларымен бірге БАҚ өкілдерімен пікір алмасуға әзір екендігін атады.

  • Біз Сіздермен кеңейтілген форматта кездесеміз деп келіскен едік. Келесі жолы біз тұрғындарды алаңдататын барлық сала басшыларымен бірге кездесеміз деп ойлаймын. Сондықтан, мұндай ашық әңгімеге әзірмін, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Кездесу тізгінін ұстаған «Saryarqa» телеарнасының шеф-редакторы Гүлбақша Ақажанова қазір қоғамда өзекті мәселенің біріне айналған ана мен балаға қатысты зорлық-зомбылықты атап, жәбір көрген жолы жіңішке қауымды паналататын мемлекеттік негіздегі ұйымдар ашу жайын көтерді. «Сонда жетім балалар мен өз-өзіне қол жұмсайтын жайттар кемитін бе еді?» дейді тілші.

Гүлбақша АҚАЖАНОВА, «SARYARQA» телеарнасының шеф-редакторы:

  • Қиын жағдайға тап болған аналар, қыз-келіншектердің тұрақты тұруы үшін мемлекеттік мекемелер ашу жоспарда бар ма?

Аймақ басшысы бұл мәселенің орынды екенін ерекшелеп, ірі қалаларда мұндай орталықтардың ашылуы тиістігін мақұлдады. Бұл орайда жұмыс басталғанын және жеткізді. Бұл жөнінде сұхбат беруге уәде етті. Облыстық бюджеттен осыған байланысты қаражаттар да қарастырылмақ.

Тілшілер назарынан облыс орталығының дамуы мен ондағы әлеуметтік, тұрғын үй құрылысы да, кейбір шағын аудандардағы инфрақұрылым жүйесі, әлеуметтік нысан құрылысы да тыс қалмады. Ана мен бала мәселесі де қозғалды. Соның ішінде, көпбалалы отбасынан шыққан баланың колледжге түсуіне қатысты облыс тарапынан бөлінетін грант жайы да сөз болды.

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, «Айқын» газетінің тілшісі:

  • Өткен жылы көпбалалы отбасы балаларына грант бөлінген болатын. Әрине, баршаға белгілі көпбалалы отбасылардың балаларын ақылы түрде оқытып, ақылы үйірмелерге беруге мүмкіндігі жоқ. Содан көбісі жоғары оқу орнының гранттарына ілікпей қалады. Сол себепті, 9 сыныптан соң колледждерге барады. Ал, биыл облыс әкімінің гранттары бөліне ме?

Аймақ басшысының айтуынша, грант бөлу биыл да жалғасады. Былтырғыға қарағанда көбірек. Тек ең бастысы, сол грантты алатындай балалардың дайындығын пысықтау керек.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК; облыс әкімі:

  • Былтыр Мемлекет басшысының тапсырмасымен облысқа 200-ге жуық грант келді. Қосымша облыстан 50-60 грант бөлінді. Сіз жаңа дұрыс атап өттіңіз. Көпбалалы отбасынан шыққан балалардың дайындығы кемдеу болғандықтан бөлінген 200 гранттың 51 гранты алынды. Осы орайда, біз облыс грантын көбейтіп отырмыз. Осы жылы 100 грант береміз. Республикадан да 200 грант бөлінеді. Тек балалардың дайындығы болуы тиіс.

Ұзын-ырғасы бір жарым сағатқа созылған кездесуде келелі мәселелер көтерілді. Ұсыныс-тілектер айтылды. Әкімге тікелей жолданған сұрақтар жауапсыз қалмады.

Әдеттегідей, әкім қашанда ашық әңгімеге дайын екендігін танытты. Оған қоса, бұл кездесу мұнымен тоқтап қалмақ емес екен. Жалғасы бар.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

(Кездесу туралы толығырақ газеттің алдағы сандарында жарияланатын болады)