Бас тақырыпЖаңалықтар

Жолың болсын, жас түлек!

Елбасы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының білім беру жүйесіне байланысты 76-қадамында ЭЫДҰ елдері стандарттарының негізінде адам капиталының сапасын көтеру мақсатында 12 жылдық білім беруді кезең-кезеңімен енгізу, сондай-ақ, мектептегі оқыту стандарттарын жаңартып, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру мәселелерін көтерген болатын. Бүгін облыстағы 512 орта білім беру ұйымдарының оқушылары соңғы қоңырау салтанатына қатысады. Онда бас-аяғы 7 000-ға жуық 11-сынып оқушысы (3 725 қазақ тілінде, 3 275 – орыс тілінде) алтын ұя мектебімен қоштасады. Оқу жылы аяқталуға жақындаған сайын үлкен өмірге қадам жасау алдында тұрған түлектер санасын сан сұрақ мазалайтыны рас. Ол – алдымен, мектеп бітірушілердің алдағы ұлттық біріңғай тестілеуді сәтті тапсырып, ата-анасының, ұстаздарының сенімін ақтау. Сондай-ақ, белгілі мамандықтың иесі атану үшін сапалы білім ұсынатын жоғары оқу орындарына дұрыс таңдау жасау. Ал, бүлдіршіндердің жазғы лагерьге баруы мен мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы ата-аналардың назарын аудартады.

Сонымен, биылғы оқу жылының қорытындысы қандай? Жыл несімен ерекшеленеді?

ҰБТ тәртібі өзгерген жоқ

 Көпшілікті алаңдатқан ҰБТ-дан бастайық. Биыл тестілеуге қатысуға облыс бойынша 5 380 мектеп бітіруші өтініш білдірді. Олардың сынақты сәтті тапсыруы үшін 15 пункт жұмыс істейтін болады. Пункттердің бесеуі жоғары оқу орындарында (Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, Қарағанды мемлекеттік индустриалдық университеті), сондай-ақ 10 мектеп базасында (Балқаш, Қаражал қалалары, және Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Ұлытау, Шет аудандарында) орналасқан.

Бекітілген ережелерге сәйкес, республика бойынша ҰБТ 20 маусым – 1 шілде аралығында өтеді. Ал, облыста тестілеу өткізудің нақты күндері мамыр айында анықталмақ.

Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бірі болып табылады. Бұл жөнінде облыстың білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің маманы Гүлдана Нұрсұлтан:

– Тестілеу биылдан бастап ЖОО-ға ақылы негізде түсу үшін жылына 4 рет (қаңтар, наурыз, маусым-шілде, тамыз айларында) өтуде. Қаңтар айындағы тестілеу ақылы бөлімге түсетін 11 (12) сынып оқушылары мен шығармашылық мамандықтан басқа мамандықтарға ауысатын студенттер үшін өткен болатын. Ал, наурыз айында ақылы бөлімге түсетін 11 (12) сынып оқушылары қатысты. Биылғы және өткен жылдардағы мектеп және колледж түлектері мен шетелде білім беру ұйымдарын бітіргендер үшін ҰБТ маусымшілде айларында өтеді. Алдағы уақытта ақылы бөлімге түсетін талапкерлер тамыз айында өтетін тестілеуге қатысады, – дейді.

 Биыл, сондай-ақ, ақылы негізде қысқартылған оқу мерзімі бойынша ұқсас бағытқа түсетін техникалық және кәсіптік білім алған түлектер тестілеуден босатылды. ҰБТны қаңтарда және наурыз-да тапсырғандардың мемлекеттік білім беру грантын тағайындайтын конкурсқа қатысуға мүмкіндігі бар. Ал, ағылшын тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттары бар талапкерлер «Шет тілі» пәні бойынша ҰБТ тапсырудан босатылады. Тестілеу тапсырмалары 2 блоктан – 3 міндетті және 2 бейіндік пәннен (таңдау бойынша) тұрады.

Әр талапкер 3 сағат 50 минутта өз қалауы бойынша тестілеуді қазақ, орыс немесе ағылшын тілдерінде тапсыра алады.

125 мектеп жөндеуден өтеді

 Ата-аналарды алаңдатқан мектептер жайына тоқталар болсақ, биыл облыстағы 125 жалпы білім беретін мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізу (4,4 млрд. теңгеге) жоспарланған. Оның ішінде, 45 мектеп ғимараттарына күрделі және 80 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Әсіресе, шатырды жөндеу, терезе, есіктерді, еденді ауыстыру, қасбетті жөндеу, жылыту, ыстық сумен қамтамасыз ету жұмыстарына көп көңіл бөлінген. Оған қоса, жалпы құрылыс жұмыстары, электр жарығы, су құбыры, спорт алаңдарын орнату, аумақты көгалдандыру жұмыстары да күн тәртібіндегі мәселе» дейді облыстың білім басқармасының мамандары.

 Мамандардың сөзіне сүйенсек, осы уақытқа дейін 89 жалпы білім беру мектептерінде жөндеу жұмыстарының алдында байқау жүргізілген. Оның ішінде, Ұлытау ауданындағы 5 мектепке және Балқаш қаласындағы 2 мектепке, Қаражал қаласындағы 3 мектепке облыстық бюджетті соңғы нақтылау кезінде қаражат бөлінуіне байланысты байқау жарияланған.

Жазғы демалысқа жағдай жасалған

Аймағымыздағы бүлдіршіндердің жаз айларындағы демалыстарын Алматыдағы «Бөбек» сауықтыру орталығы, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы және Қарағандыдағы «Салют» секілді лагерлерінде өткізуге мүмкіндігі бар.

Жалпы, жазғы маусымда облыстағы 184 мың оқушы лагерлерде демалады. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 9 мың (2018 жылы – 175 мың оқушы) балаға артық.

Осы орайда, қала сыртындағы және мектеп жанындағы 348 лагерь мен 339 бейінді алаңдардың қызметі іске қосылмақ.

Мектеп жанындағы лагерлер мен мектеп алаңдары жалпы білім беру мектептерінде жұмысын бастайды.

Сондай-ақ, биыл Елбасының «Рухани жанғыру» бағдарламасы аясында 105 туристік лагерлер жүйесінің жұмысы күшейтіледі деп күтілуде. Балалар бағдарлама аясында облыстың тарихи аймақтарына, көрнекті жерлеріне саяхат жасауға мүмкіндік алады.

Жазғы маусымның тағы бір ерекшелігі – көпбалалы және әлеуметтік азқамтылған отбасылардың балалары жазғы лагерлерде демалады. Балалар үйлерінің тәрбиеленушілері және девиантты мінезқұлықты оқушылар да жазғы демалыстарын лагерлерде өткізеді.

Түлектерде таңдау бар

 Биылғы оқу жылында қарағандылық мектеп оқушылары білім бәйгелерінде көш бастады. Жуырда АҚШ-та робототехника бойынша өткен VE Competition әлемдік біріншілігінде жерлестеріміз үздік орынды иеленді. Соңғы екі оқу жылында облыстың 72 оқушысы халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпазы атанды. Олардың қатарында Ресей, Өзбекстан және Италия елдерінен қатысушылар келген V халықаралық «RoboLand-2019» фестивалінің жеңімпаздары бар. Бұл – облыс оқушыларының деңгейін көрсетеді.

Қазіргі таңда мектеп бітірушілер облыстағы 9 дербес жоғары оқу орны және ондағы 5 мемлекеттік ЖОО арасынан үздік мамандықтарға таңдау жасай алады. Аталған жоғары оқу орындары өткен жылы 10 мың маман даярлап шығарған болатын.

Мәселен, жуырда еліміздегі тәуелсіз аккредиттеу және рейтинг агенттігі Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің педагогикалық және заңгерлік мамандықтар, әлеуметтік, экономикалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша, ал, ҚарМТУ-дің техникалық мамандықтар бойынша үздік ондыққа енгенін айтқан болатын.

Жалпы, облыстың білім басқармасы мамандарының айтуынша, биылғы оқу жылында аймақтың білім көрсеткіші ауыз толтырып айтарлық нәтижеге қол жеткізді. Өңірдің республика деңгейіндегі жобалардың флагманы екенін тілге тиек еткен мамандар, қарағандылық оқушылардың халықаралық сайыстардан жүлдесіз қайтпайтынын айтады.

Аяулым СОВЕТ

Басқа материалдар

Back to top button