Бас тақырыпОблыс әкімі

Жолдың жайы жақсара түспек

Аймақтағы моно және шағын қалалардағы автокөлік жолының жалпы ұзындығы – 1427 шақырым. «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы» қабылданған сәттен бастап, 2018 жылға дейін республикалық және облыстық бюджеттен жол жөндеуге 7 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлініп, 190 шақырым жол жөнделген. Оның 177 шақырымы моноқалалардың, ал, 12 шақырымы шағын қалалардың үлесінде. Бұл туралы аймақ басшысы Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен аппарат отырысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтонов мәлімдеді.

Биыл облыстық және жергілікті бюджеттен 4,1 млрд.теңге бөлініп, 100 шақырымнан астам жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал, келесі жылы 120 шақырым жол жөнделеді. Ол үшін 2020 жылы 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінбек. Бұл – биылғы жылғы қаржыдан 1,5 есеге көп.

  • Келесі жылы Ақтоғай, Қарқаралы, Осакаров және Шет аудандарында 15 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл үшін 1 млрд. 75 миллион теңге қарастырылған. Елбасы тапсырмасын орындау барысында жергілікті маңызға ие жолдарды жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы бөлу жалғасын табады. Бұл моно және шағын қалалардың инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік беруде, – деді Әскербек Халтонов.

«Жол сапасы – аймақ жұртшылығын алаңдатқан басты мәселе» екенін айтқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек келесі жылға жоспарланған жұмыстарды дер кезінде жүзеге асыру үшін қажетті құжаттамаларды уақытылы дайындауды тапсырды.

  • Келесі жылы республикалық бюджеттен жолдарды жөндеуге қыруар қаражат бөлінбек. Сондай-ақ, облыстық бюджеттен бөлінетін қаражаттың да көлемі ұлғаяды. Жол сапасын жақсарту – біздің басы бағыттарымыздың бірі. Сондықтан да, атқарылатын жұмыстарды нақты жоспарлауымыз қажет, – деді аймақ басшысы.

Әскербек Халтонотың айтуынша, жол сапасын жақсартуға «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы да оң ықпал етуде. Биыл аталмыш бағдарлама аясында Жаңаарқа, Нұра және Ұлытау аудандарында 583 млн.теңгелік төрт жоба жүзеге асып, 25 шақырым жол жөнделген.

Басқа материалдар

Back to top button