Жолдың жөнделуіне жаңбыр да кедергі

Жуырда облыс әкімінің міндетін атқарушы Асылбек ДҮЙСЕБАЕВ Қарағанды қаласы әкімдігінде жиналыс өткізді. Жиын барысында облыс орталығындағы жолдарды жөндеу мен оларды жабу мәселесі сөз болды.

Көшелер мен жолдар желілерінің жөнделу барысы жайында Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Арман Жұмекенов баяндама жасады. Оның айтуынша, шілде айындағы жауған жаңбыр жөндеу учаскелеріндегі жұмысты мерзімінде аяқтауға кедергі келтірген. Дегенмен, тамыз және қыркүйек айларында қолайлы ауа райы болады деп болжам жасалып отыр. Сөйтіп, жұмыс қарқынын екпіндете отырып, қаладағы жөндеу жұмыстарын аяқтау көзделуде. Құрылыс және жөндеу компаниясына 37,5 км жолды қалпына келтіру мақсатында барлығы 4 млрд. 921,2 млн. теңге бөлінген.

Бұқар жырау даңғылынан бастап, Терешкова көшесі арасындағы (Поспелов көшесінен бастап Бейбітшілік бульварына дейінгі аралықтағы учаскені қоса алғанда) Ленин көшесін қайта қалпына келтіру жұмысына бөлінген қаражат құны 1 185 млн. теңгені құрап отыр. Мердігер – «Аградор» ЖШС.

Жұмыс барысына келетін болсақ, Бұқар жырау даңғылы мен Жанғозин көшесі аралығындағы жол жиегіне жиектастар қойылып, асфальт төселді. Техникалық тротуар мен жаяу жүргіншілер жолағы салынып, газон себілді. Бұқар жырау даңғылы мен Гоголь көшесі арасындағы учаскеде жарық бағаналарын орнату жұмысы аяқталды. Жеті бірдей жарық нысандарының жетеуі де қалпына келтірілді.

Мұндай жұмыстар қаламыздың көптеген жолдарын қамтыған. Сондықтан, қаладағы көлік кептелістерін азайту мақсатында Қарағанды қаласының ІІБ әкімшілік полиция бөлімімен бірлесе отырып, бірнеше шаралар қолға алынды. Мысалы, «Федеровский» өтпежолының жөндеу жұмыстарына байланысты жабылуына орай, Ермеков – Воинов-Интернационалистов көшелері, Бұқар жырау даңғылы – Ермеков көшесі, Ермеков көшесі – вокзал алды ауласы, Ермеков көшесі – №10 орта мектеп, Ермеков – Липецкая көшелері, Ермеков көшесі – «Березка» бойындағы бағдаршамдардың жұмысы өзгертілді. Республика даңғылы мен Мұқанов көшесіндегі көлік жолын жабу кезінде Республика даңғылы – Приканальная көшесі, Құрылысшылар даңғылы – Кеншілер даңғылы, Құрылысшылар даңғылы – «Еңбек» спорт кешені, Приканальная көшесі – Құрылысшылар даңғылы – Орбита шағын ауданы бойындағы бағдаршамдардың жұмысы ауыстырылды. Сонымен бірге, таңғы және кешкі қарбалас сәттерде көліктер көптеп жүретін қиылыстарда жол қозғалысын реттеушілер тұрады.

Екінші кезеңнің 13 учаскесі бойынша конкурс шаралары жүруде. 23 тамыз күні конкурс құжаттамалары ашылып, 29 тамызда қорытынды туралы хаттама шығарылады. Ал, жұмыстар қыркүйек айында басталып, қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Айта кету керек, қаржылық бақылау инспекциясының конкурсы осымен 2 рет тоқтатылды. Алғашқыда, мердігерлердің құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуге ІІІ-дәрежелі лицензиялары талап етілсе, ендігі кезекте мердігерлердің жұмысты жасау кестесі талап етілді. Қазір барлық ескертулер ескеріліп, Қарағанды қаласы әкімінің бұйрығы бойынша мемлекеттік сатып алуды жүргізетін тұлғалар тәртіптік жазаға тартылды.

Асылбек Дүйсебаев жолдарды жабу мәселесін де айналып өтпеді. Жасыратыны жоқ, қарағандылық көлік жүргізушілері жаз бойы айналып өту жолдарынан көз ашпай келеді. Дегенмен, жол жабылса белгілі бір жұмыстың атқарылып жататыны да белгілі. Жүргізушілер де мұны түсінеді. Түсініксіз тұсы – жабылған жолдардың қашан ашылатыны туралы мәліметтің жоқтығы. Яғни, жол жабылған учаскелерде үлкен әріптермен жолдың ашылатын күні туралы ақпарат көрсетілуі қажет. Ал, мердігерлер бұл мәліметті көрсетпей келді. Халықты ашындырған да сол ашылуы туралы ақпараттың жоқтығында болған екен. Осыны алға тартқан Асылбек Дүйсебаев мердігерлердің жұмысын қатаң сынға алып, жуық арада бұл мәселенің шешімін табуды тапсырды.

Қарағанды облысының ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы, полиция полковнигі Жалғасбай Жақаев қала жолдарындағы жол апаты оқиғалары мен көлік қозғалысын шектеу туралы мәлімет берді. Баяндама барысында қазіргі таңдағы жол-көлік оқиғалары мен жолды жабу кезіндегі мәселелі учаскелер жайы сөз болды.

Былтырғы жылмен салыстырғанда өткен жеті ай мерзімінде облыс көлемінде жол-көлік оқиғаларының үш бірдей көрсеткіш бойынша төмендегені байқалады. Апаттық оқиғалар 7,7 пайызға, өлімге алып келген жағдайлар 14,5 пайызға және жарақат алған жолаушылар саны 7,9 пайызға азайған.

Жиын соңында облыс әкімінің міндетін атқарушы Асылбек Дүйсебаев облыстық және қалалық құрылымдарға нақты тапсырмалар беріп, міндеттемелер жүктеді.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.