Жаңалықтар

Жолдау жүктеген жүк – ауыр

Адамзат жебені ойлап тапқан күннен бастап, уақыттың жылдамдығы еселеп артты. Бір замандарда дөңгелекті ғылым жетістігі, керемет жаңалық деп қабылдаған қоғамды бүгінде ешнәрсемен таңқалдыра алмайсың. Әлем күн сайын өзгеруде. Бұл көштен Қазақстан да қалып қоймауы керек. Үдемелі дамудың жолына түсіп, жаңғырып, жаңарып отыруы тиіс. Осы ретте, Елбасымыздың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы қоғамның өзекті мәселелерінің ұтымды шешімі, дамудың оңтайлы бағыты бола білді.

Қарағандыдағы «Достық үйінде» өткен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысында Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды. Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауды мақсат еткен ұйым мүшелерінің көздегені – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік-экономикалық, саяси және рухани бастамалары мен мемлекеттік саясатына қолдау көрсету.

Елбасымыз биылғы Жолдаудың алғашқы бағыты ретінде халық табысын өсіруге басымдық берді. Яғни, 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі жалақыны 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырды. Бұл 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Демек, осынша отбасының табысы 1,5 есеге ұлғаяды. Сонымен қатар, бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Елбасы ұсынған осы және өзге де негізгі бағыттардың маңыздылығы төңірегінде жиынға қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.

Кеңейтілген отырыс тізгінін қолға алған ҚХА мүшесі, «Болашақ» Академиясының бірінші проректоры, заң ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Рысмағамбетова Жолдаудың маңызды бағыттарына тоқталды.

– «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылдау ұсынысының да маңызы зор. Адамның адам болып қалыптасуы балабақшадан, мектептен басталады. Сондықтан, білім беру сапасына, ұстаздар мен тәрбиешілердің мәртебесіне ерекше назар аударып, оларды жұмысқа ынталандыру шараларын қолға алуымыз керек. Елбасымыз Жолдауда «7 – 20 – 25» бағдарламасын жандандырып, өңірлердегі білікті ұстаздарға, дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне және басқада мамандарға тұрғын үй сертификатын беруді, алғашқы жарна көлемін қайта қарауды тапсырды. Бұл қарапайым тұрғындардың баспаналы болуына жол ашып, әлеуметтік жағдайларын арттыруға мүмкін береді, – дейді Гүлнәр Рысмағамбетова.

Жиын барысында этномәдени бірлестіктер атынан сөз алған «Полония» поляк қоғамының төрағасы Виталий Хмелевский ұлт пен ұлыстың қара шаңырағына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің Елбасы бастамаларын бір ауыздан қолдап, насихаттау жұмысына белсене араласуға дайын екендігін жеткізді.

– Елбасымыздың Қазақстан халқына арнаған Жолдауы тарихи маңызы бар құжат. Ел экономикасын өрістету жолында ғылым мен білімнің дамуына, жастардың әлеуметтік мәселелеріне назар аударымыз керек. Әсіресе, ауылшаруашылығындағы ғылыми тәжірибелер, туризмді дамыту, өндіріске инновациялық технологиялар енгізу, мұның барлығы қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын жақсартуға септігін тигізеді. Сондықтан, күн тәртібінде ұстауымыз керек, – дейді Виталий Хмелевский.

Елбасы Жолдауында жастар мәселесіне де ерекше назар аударылып, 2019 жылды «Жастар жылы» деп атау ұсынылды. Түсінгенге бұл ұсыныстың артар жүгі – ауыр. Елбасымыз бұған дейін де ел ертеңі бүгінгі жастардың қолында екендігін айтып өткен болатын. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы жарқын болуы үшін жастардың білім алып, кәсіп ашуына толық жағдай жасалуы керек.

Елбасы ұсынысын қарағандылық жастар зор ықыласпен қарсы алып, өздеріне артылған сенім жүгіне селкеу түсірмеуге серт берді. Облыстық «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының атынан сөйлеген Александр Урмашов Жолдаудың жастарға жүктеген жүгі ауыр екендігін айтып өтті.

– Елбасымыздың бізге сенім артып, өзімізді көрсетуге мүмкіндік бергеніне шын жүректен қуаныштымыз. Сенімнің жүгі қашан да ауыр, бірақ, ақтай аламыз деген ойдамын. Ол үшін бұрынғыдан да өнімді жұмыс істеуіміз керек. Атқарылуы тиіс жұмыстардың ауқымы зор. Заманауи технологияның тілін меңгеріп, ел ертеңі үшін әрбір іске білек түре кірісер уақыт келді, – дейді Александр Урмашов.

Қазақстанның алға қойған басты мұраты – әлемнің дамыған, бәсекеге қабілетті 30 мемлекетінің қатарына қосылу. Жолдауда айтылған басым бағыттарды жүзеге асыру арқылы халықтың әлеуметтік ахуалын арттырып, білім сапасын жақсартамыз. Ел бірлігі берік болса, алынбайтын асудың болмасы анық.

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген отырысына қатысушылар Елбасының Жолдауда айтқан оң бастамаларына бір ауыздан қолдау білдіріп, резолюция қабылдады.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button