Жаңалықтар

“Жолдау – нақты мысалдармен түсіндірілуі керек”

Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» өңірлік коалициясы Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауын талқылады. Шараға барлық саяси партиялардың аймақтық басшылары, мәслихат депутаттары, кәсіподақ мүшелері және жастар қатысты.

«Мемлекет басшысының Жолдауымен жұртшылық танысты. Енді оны құрғақ сөзбен мазмұндай бермей, нақты, әрі жанды мысалдармен, әрбір адамға түсінікті тілмен жеткізу қажет» деп мәлімдеме жасады Демократиялық күштер коалициясы мүшелері.

Жиынға төрағалық еткен «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова Жолдаудың маңызды әрі уақытылы қабылданған шешім екенін айтты.

Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі, «7-20-25», «Нұрлы жер» бағдарламалары, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, құқық қорғау жүйесін модернизациялау сияқты мәселелер үлкен маңызға ие. Бұның барлығы әрқайсысымыз үшін маңызды, әрі дамыған 30 елдің қатарына кіруде алға қойған мақсаттар. Бұл құрғақ сөз емес, ол үшін бюджет қаражаты бөлінеді, сондықтан, Елбасы анықтаған тапсырмаларға сай әрекет етіп, халықтың әл-ауқатын жақсарту жолында әр қазақстандықтың үлес қосуы – маңызды.

– Биылғы Жолдаудан айқын әлеуметтік бағдар көрінеді. Қазақстан халқының әлеуметтік әл-ауқаты мен өмір сапасын жақсарту жөніндегі нақты ісқимыл жоспарланған. Елбасы жүйелі және жан-жақты нұсқаулар берді. Бұл кең ауқымды тарихи құжат әлемдегі құбылмалы экономикалық және күрделі геосаяси жағдайда ұсынылып отыр. Бұның өзі Елбасының көрегендігі деп білеміз, – дейді Қадиша Оспанова.

Отырыс соңында демократиялық күштердің аймақтық коалициясы жұртшылыққа үндеу жариялады.

 «Елбасы ұсынған теңдессіз шаралар, бірінші кезекте, табыстың тұрақты өсуіне, халықтың өмір сапасын жақсартуға және әлеуметтік дамудың басты салаларына бағытталған. Президенттің Жолдауы әлеуметтік әділеттіліктің қағидалары мен әлеуметтік мемлекеттің құндылықтары – еліміздің ең басты стратегиялық басымдықтары, ал қазақстандықтардың әл-ауқаты мен ұлттық мүдде – Елбасы саясатының негізі болып қала беретінін тағы бір мәрте көрсетіп берді. Қазақстанның әрбір азаматы елдегі ауқымды өзгерістерге өздерінің қатысын сезінуі тиіс. Елбасы Жолдауын іске асыру халықтың өмір сүру деңгейі мен еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға нағыз серпіліс әкеледі» делінген үндеуде.

Салтанат ИЛЬЯШОВА,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button