Бас тақырыпОблыс әкімі

“Жол картасы” көтерме қаражат береді

Елімізде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, дағдарысқа қарсы шаралар кешені қабылданғаны мәлім. Бұған дейінгі экономикалық күйзелісте өзінің тиімділігін көрсеткен жұмыспен қамтудың «Жол картасы» бүгінгі күрделі кезеңде тағы әзірленді. Облыста аталған карта аясында 63,7 млрд. теңге сомасына 16 106 жұмыс орнын құрумен 625 жоба енгізілді. Оның ішінде, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 8 053 адам жұмысқа орналасады. Нысандар құрылысы аяқталғаннан кейін қосымша 712 тұрақты жұмыс орны құрылады. Жұмыспен қамтудың «Жол картасында» еңбекке араласуға дайын азаматтарға жұмыс орнына келгеннен кейін бірден 2 айлық төменгі жалақы немесе 85 000 теңге мөлшерінде «көтерме қаражат» беру жайы қарастырылып отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің аппарат мәжілісінде аймақ басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕККЕ облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем ЖҮНІСБЕКОВА мәлімдеді.

Басқарма басшысының айтуынша, аталған бағдарлама негізінде 33 нысанның құрылысы басталады. Олардың арасында мектептер, балабақшалар, спорт нысандары, тарихи-мәдени кешен, ТКШ және көлік нысандары бар. Сонымен қатар, 458 әлеуметтік-мәдени нысан, инженерлік-көліктік инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөндеуден өтеді.

Ал, елді мекендерді абаттандыруда 134 жоба іске асырылады деп күтілуде. Жалпы, жұмыспен қамтудың «Жол картасымен» 140 елді мекен қамтылады деген жоспар бар. Мұның сыртында, жоғарыда атап өткеніміздей, жұмысқа шығуға дайын азаматтарға жұмыс орнына келгеннен кейін бірден 2 айлық төменгі жалақы немесе 85 000 теңге мөлшерінде «көтерме қаражаты» беріледі.

 – Жұмыс беруші мердігерлер халықты жұмыспен қамту орталықтары инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысу үшін жіберген жұмыссыздармен еңбек шартын жасасқан күннен бастап, үш жұмыс күні ішінде оларға ең төменгі екі жалақы мөлшерінде бір жолғы материалдық көмек төлейді, – деді басқарма басшысы.

Көктемгі егіске дайындық аяқталуда

 Бірқатар шаруашылықтар егіс жұмыстарына кірісті. Биылғы көктемгі егісті 1000,2 мың гектар алаңда өткізу жоспарланып отыр. Өткен жылдың деңгейінен 50,0 мың гектарға артық. Бұл туралы облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов баяндады.

Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 895,5 мың гектар, майлы дақылдар – 28,1 мың гектар, жем-шөптік дақылдар 64,5 мың гектарды қамтиды.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарында картоп 10,6 мың гектар болса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 гектарға артық. Көкөніс – 1,6 мың гектар. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде 96 мың тонна дәнді дақылдар тұқымы және 27,0 мың тонна картоп жинақталған.

 Карантин жағдайында ауыл шаруашылығы бағытындағы жүк көліктерінің блок-бекеттерден санитарлық нормаларды сақтап, кедергісіз өтуі қарастырылған.

Қарағанды облысының өңірлік жедел штабы «Ақпараттықесептеу орталығы» АҚ-мен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Порталдағы «AgroRuqsat» сервисі арқылы Qoldau.kz ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және олардың жеткізушілеріне, көктемгі егіс жұмыстарына тартылған көлік құралдарына және жұмыскерлерге электрондық рұқсаттама алуға электрондық өтінімдер беру көзделген.

 Сонымен қатар, Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, ауыл шаруашылығы техникасын және оларға қосалқы бөлшектерді жеткізу сервистері жұмыс істейді, яғни, жұмыс онлайн-режимде жүргізіледі» – дейді басқарма басшысы.

Қызғалдақ АЙТЖАН

Басқа материалдар

Back to top button