Жаңалықтар

Жол азабы қашан азаяды?

    Көлік жолдарының бүгінгі сиқы көптің «қарнын аштырады». Бір қыстан қалмай, қабаттары қақырап, жабыны жұлынып қалатын жолдарға көлік иелері де, жұртшылық та қапа. Айталық, былтыр ғана «ине-жіптен өткен» Федоров көпір жолының жөндеуге жабылуы бұқараны біраз әбігерге салды. Жыл толар-толмас бұрын жөнделуіне 220 миллион теңге жұмсалған көпір жолының қайта жөндеуге түсуі сапасыз істің бұлтартпас бір дәлелі емей немене? Мұны бұдан бұрын да жергілікті биліктің өзі де жоққа шығармаған-тын…

Жер қарая, қайла-күректерін асынып, жол жөндеушілердің жолдың жыртығын жамауға кірісетіні – қазір үйреншікті. Бірер жыл бұрын жөнделген жолға, қайта соғып, қабығын аршып отыру – сападан сыр берсе керек. Ал, негізі жолға бөлінетін қаржыда кінәрат жоқ. Сонда, кілтипан неде? Я, болмаса кімде?

Қарағанды облысының көлік жолдары басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылы да жолға берілер қаржыда кемдік жоқ. Дәлірек айтқанда, республикалық, облыстық, аудандық, қалалық маңыздағы жолдарға 27 млрд.теңге қаржы бөлінген. Бұл жолдардың жалпы ұзындығы – 573 шақырымды құрайды екен. Оның арасында, жоғарыда айт­қанымыздай, республикалық, облыстық, қала, аудандық маңыздағы және көше жолдары да бар. Мұнда күрделі жөндеу, қайта жаңғырту, орташа жөндеу де қарастырылған.

Мәселен, республикалық жолдың 15 шақырымы қайта жөнделсе, 9 шақырымын күрделі жөндеу күтіп тұр. 254 шақырым орташа жөндеуден өтеді. Сол сияқты облыстық маңызы зор 3 көпір қайта жаңғыртылады. Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Саран, Сәтбаев, Қаражал қаласының және Абай, Бұқар жырау ауданы жолдарының 103 шақырымы мақсатты трансферттер есебінен жөнделеді деп күтілуде. Қарағанды қаласында 4,3 млрд.теңгеге 160 шақырым жол жөндеу көрмекші.

Жалпы, аталған қаржыға көрсетілген шақырымдағы жолдар жөнделгенде көлік жолының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 75,5 пайызға жетеді деп болжануда.

Жолдардың сапасына келсек, жергілікті құзырлы ұйымдардың айтуынша, мердігерлерге талап жылдан жылға күшейтіліп келеді. Бұл орайда жергілікті билік өкілдері сотқа шағымдануға дейін жұмыс жүргізгендерін айт­қан болатын. Жолға кепілдік беру мерзімі де ұзартылған. Дәлірек айтқанда, екі жылдан үш жылға дейінгі уақытта мердігер салған жолының сапасына жауап береді. Жол жабынын пайдалану мерзімін ұзартатын тың технология­лар да қолданылуда. Жол сапасын сараптау үшін заманауи зертхана да жұмыс істейді. Жолды қабылдап алмас бұрын сол зертхана нәтижелері әбден електен өтпек. Ден қойсақ, жүзеге асқан һәм атқарылар шаруа қыруар.

Десек те, сапа әлі де сын көтермейтіні де ешкімге құпия болмай қалды. Бүгінде аймақ жолдарының 75 пайызы «төрт» пен «үш» деген баға алса, 25 пайызы «екіден» көз ашпай тұр. Яғни, ширегі – қанағаттанарлықсыз. Мағмұрланып «бес» қоятын жол әзірге бұйырмаған. Содан соң сапаға күмәнмен қарамай қайтерсіз…

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button