Руханият

Жобаның көздегені – бала болашағы

    Бала құқығы – билік назарында. «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы ғимаратында өткен семинарда жас ұрпақты тәрбиелеу барысында туындайтын мәселелер талқыға түсті.

«Заңмен байланысқан азаматтарды әлеуметтік қолдау аймағын құру. Сотталушыларды қоғамнан оқшаулаусыз әлеуметсіздендіру мәселелері: әйелдер мен балалар» тақырыбындағы семинарда қазіргі қоғамда қалыптасқан толғақты түйткілдер қаралды. Балаларға әлеуметтік тұрғыдан қолдау білдіру, жеткіншектердің қылмысқа бару себептері, пробация­лық бақылау және еңбек заңының бұзылуы сынды салмақты мәселелер талқыға түсті.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова ашқан кездесуде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Бижанова бала құқығын қорғау жолында атқарылуы тиіс бірқатар шаруаларға тоқталды.

Азаматтық қоғам, бала құқығын қорғау институтын дамыту және Халықаралық балалар құқығын қорғау конференциясының ұсыныстарына сәйкес Қазақстанда алғаш рет балалар мүддесін қорғауға бағытталған гранттарды іске асыру бастамасы көтерілген болатын.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» қоғамы ұйытқы болған конкурста «Право» қоғамдық қоры жеңімпаз атанды. Бүгінде аталған ұйым «Бала және заң» грантын қолға алуда.

Грант аясында кәмелет жасына жетпей тұрып құқықбұзушы ретінде есепке алынған жасөспірімдерді қоғамға бейімдеу, әлеуметтік-құқықтық сүйемелдеу жүйесінің негізгі бағыттарын қалыптастыру шаралары атқарылады.

«Право» қоғамдық қорының жетекшісі Ольга Рыль бірінші кезекте тағдырдың тәлкегіне түскен жеткіншектерге әлеуметтік қолдау білдіру қажеттігін алға тартты.

Өкінішке қарай, осы мәселеге қатысты қалыптасқан қағида, нақты бір жүйе жоқ. Заң бойынша барлығы жақсы қарастырылған, қамтылған. Алайда, бір ізге түсу үшін әлі де көп еңбек етуіміз керек. Әдістемелік түсіндірме жұмыстарыда кемшін түсуде. Осы жағын ескерсек дейміз, – деді Олга Рыль.

Қазіргі таңда қазақ жерінде 24 мыңнан астам жетім бала бар екен. Оның 8 мыңнан астамы арнайы мекемелерде тәрбиеленуде. Ел Үкіметі осы балалардың жағдайын, тұрмысын жақсарту мақсатында біршама жобалардың тұсауын кесуде.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалар құқығын қорғау комитеті басқармасының басшысы Ысқақ Құлатай отбасылық үлгідегі балалар үйін көбейтудің маңызын айтып өтті.

Жалпы, балалар үйін трансформациялап, оны отбасы үлгісінде жасау – алдағы мақсатымыз. Яғни, Қазақстанда балалар үйі болмауы керек. Әр баланың өз отбасында өмір сүруіне құқығы бар. Министрлік тарапынан қолға алынған жұмыстар балалар үйін мейлінше азайтуды көздейді, – деді Ысқақ Құлатай.

Мұндай семинарлар Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау және бірқатар аймақтарда ұйымдастырылмақ. Өңірлердегі кездесулерде мәлім болған мәселелер қыркүйек айында Астанада өтетін республикалық семинарда талқыға түседі.

Нұрқанат ҚАНАФИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button