«Жігіт деген жыламайды» деген сөз, Анасы бар адамдардың айтқаны…

Өксік өлеңім өзіңе, Ана, арналар,

Арсыз ажалға жасай алатын

бар ма амал?

Менің үйімнің үстінде ұшып жүр екен,

Түсімде көрген қаңқылдақ

қара қарғалар.

Жанымның сірә, табылмайды ғой

бір емі,

Бағымның қайда бақыт тілейтін тірегі?

Алланың ісін алдымен сезген сол болар,

Алатау маған жабырқау қарап жүр еді.

Сергелдең күйде сапарға

шықтым далама,

Тек жақсы ойды жинақтап алып санама.

«Бетінен сүйсем бері қарайды» деп едім,

Безбүйрек тағдыр көп көрді оны Анама.

Сұрап үлгердім барлығы үшін кешірім,

Мамаң бар кезде жалғанның мынау

несі мұң?

Соңғы деміңмен мені күттің ғой сеземін,

Соңғы сөзің де болыпты менің есімім.

Жадымда мәңгі жарқын

бейнеңмен қаласың,

Пенде көңілім іздейді іштей панасын.

«Мұқағалиым келеді ертең» деп жүріп,

Өзің қай жаққа асығып кеттің Анашым?

Әкем де шерлі таба алмай

таңнан жұбайын,

Ағам да шерлі жазмыштың

байқап сыңайын.

Жастықты жырлар шағымда

мынау жалынды,

Жоқтау жаздырып қойғаның қалай, Құдайым?..

Қалғаным анық орныңды сипап абдырап,

Құстарсыз қапты ауыл шетіндегі әлгі бақ.

Көзден жас шыққан ештеңе емес екен ғой,

Жүрегің үнсіз тұрған кезінде қан жылап.

Қара бұлт енді торлай көрмеші аспанды,

Қара шаңырақ табалдырығыңда

жас қалды.

Қара жамылған бауырларыма сабыр бер,

Қара балаңның сырлы сандығы

бос қалды.

Өткінші өмір өкініш болып зырлайсың,

Өтірік дүние зарымды қалай тыңдайсың?

Қадіріңді, ана, енді түсініп жатырмын,

Қабіріңе мың барсам да білем тұрмайсың.

6.10.2016.

***

Қарғыс атқыр қазан айы өттің бе,

Дегеніңе жетпедің бе, жеттің бе?

Қарашаны күтіп жүрген тағатсыз,

Менің аңғал Анамды алып кеттің бе?

Жалған мынау шыныменен бес күн бе,

Өмір айтар өстің бе, әлде, өштің бе?

Оңашада жылап алам еріксіз,

Көз жасымды көрсетпеймін ешкімге.

Көңілсіздік құстардың да қайтқаны,

Жылдағыдай әндерін де айтпады.

«Жігіт деген жыламайды» деген сөз,

Анасы бар адамдардың айтқаны…

22.10.2016.

***

Құбылды дүние, құбылды,

Құрыққа салып құлынды.

Анашым күтіп алмадың,

Әскерден келген ұлыңды.

Іздедім қатты сол күні,

Іздеудің білсең зор мұңы.

Сүт кенжең қазір ер жеткен,

Тағдырдың тербеп толқыны.

Шертелік бәрін, шертелік,

Ызадан барам өртеніп.

Сен кеткен күннен жоғалды,

Мендегі шексіз еркелік.

Үйіме келдім жабыға,

Өзіңді қатты сағына.

Суретің – сәуле жүрекке,

Жаулығың – жылу жаныма.

Жазамын өлең саған көп,

Жасайтын басқа амал жоқ.

Ешкім айтпасын деп жүрем,

Сен туған ұлды жаман деп.

28.11.2016.

***

Мама сені сағындым бүгін қатты,

Жанарыңа жазылған жырым тәтті.

Тынымы жоқ тірліктің түйінінен,

Тентек ұлың ештеңе ұғынбапты.

Аңғал шақты тұрмын ғой шерте, міне,

Зор сеніммен қараушы ең ертеңіме.

Етегіңе оралып жүретұғын,

Ерке күндер айналды ертегіге.

Сол күз лезде есейтіп жіберген бе?

Болашақтан үзбеймін күдер мүлде.

Сені іздеймін қуанып, шаттанғанда,

Сені іздеймін қуарып, түнергенде.

Төмпешік боп жатырсың ана белде,

Қайғы жүгі артылды қаракерге.

Құшағыңды сыйғызған құшағына,

Қандай өкпе айтайын қара жерге?.

Бізге дейін талайдан қалған өмір,

Анашымнан айырған ойран өмір.

Қызығымды көрсетем деп жүргенде,

Қызықсыз боп кеттің ғой қайран өмір.

Ұл-қызыңды бағыңа баладың тек,

Жұлдызымды жоғары жағады деп.

Жатқан жерің, жан-Ана, жайлы болсын,

Құдай салды мен көндім амалым жоқ.

28.12.2016.

***

Мама, менің арманым қайда кетті?

Оңашада аламын ойға көпті.

Алаңсыз күн алыстан қол бұлғайды,

Арай төккен түндерім айға кетті.

Мама, менің қаламым жазбай қалды,

Қысқа ғана қайырам бар жағдайды.

Бақталасқан сәттерім сағым болып,

Топқа қосқан тұлпарым озбай қалды.

Мама, менің тағдырым «не қыл» дейді,

Кейде «шайқас», ал кейде «беріл» дейді.

Анасы жоқ адамға ақиқаты,

Көктем-дағы көктем боп көрінбейді.

Мама менің шырқалмай сүйікті әнім,

Жыр қыламын амалсыз жиып бәрін.

Тек түсімде келесің, құшақтайсың,

Ұйықтағым келеді, ұйықтағым…

23.03.2017.

***

«…Арсыз ажал алқымыңнан алғанда,

Мұқағали – деуге келді бар шамаң.»

Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ

(Анамның соңғы сәттерінде жанында болған Әкемнің өлеңінен)

Не айта алмай кеттің маған, жан-ана,

Неше түрлі ой келеді санаға.

«Құлға да бір сөз» дейтұғын құл-ғұмыр,

Бір ауыз сөз айтқызбапты-ау балаңа.

Арман, арман, әттең бәрі арманда,

Жырым жылу бере алмайды жалғанға.

Кешір, ана, бола алмадым жаныңда,

Ажал келіп алқымыңнан алғанда.

Бір сағыныш қалды ішімде менің де,

Бір арманың кетті ішіңде сенің де.

Сағынышқа жеткізбеген өмір ме?

Өмірдің бұл екінші аты өлім бе?..

4.06.2017

Мұқағали СЕЙТҚАЗИНОВ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.