Жігер жаныған жүздесу

Саяси қуғын-сүргін және аштық құрбандарын еске алу күні облыстың танымал спортшылары бар «Туған жер» атты спорт керуені Қарағандыдан Осакаров ауданына жолға шықты. Мұндағы мақсат – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар:  рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өңір жастарының жігерін жанып қайту еді.


Алдымен, сапарға әзірленген спортшылар Қарағандыдағы Н.Әбдіров атындағы спорт сарайы ауласына жиналып, сапар барысын тілге тиек етті. Ал, аталған жобаның арқалаған міндеті – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, дене шынықтыруға шындап көңіл бөлуді жеткізу. Сонымен қатар, өскелең ұрпақ бойындағы патриоттық рухты оятып, Арқа спорт саңлақтарының тәжірибесі мен шеберлігін жастарға таныту болды.
– Бұл азаматтар спорттың қыр-сырына әбден қанығып, айла-тәсілін әбден меңгерген. Бағындырған биіктері де аз емес. Сондықтан, болашақ чемпиондарымыз мұндай спортшылардың ақыл-кеңесін алуға тиіс. Жалпы, мұндай сапар Осакаров ауданымен шектелмейді.
Алдағы уақытта осындай керуен Нұра, Қарқаралы және Бұқар жырау аудандарына қатынап, жастардың жігерін жанитын болады. Сонымен қатар, Ботақара және Нұра ауылдарында спорт алаңдарын құру жұмыстары да қолға алынатын болады, – деді облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабеков.
Сөйтіп, таң бозымен жолға шыққан қос автокөлік Осакаров ауданына жетіп, спортшылар аудан орталығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткішіне гүл дестелерін қойды. Мұны біз өткен ғасырдың қаралы жылдар құрбандарына бүгінгі ұрпақтың танытқан құрметі деп түсіндік. Әрмен қарай, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бауыржан Дулатовтың көш бастауымен керуен Пионерское ауылына жол тартты.
Мұнда спортшылар ауылдағы №3 орта мектепте болып, оқушылармен кездесті. Оларды қызықтырған сауалдарға жауап беріп, шеберлік сағаттарын өткізді.
– Өздеріңіз көріп-білгендей, балалар спортқа аса қызығушылықпен қарайды. Бойларындағы жалын, қандарындағы жігер жүздерінен-ақ көрініп тұр емес пе? Еліміздің ертеңгі чемпиондары деп білемін оларды. Сондықтан, бұл керуеннің ауданымызға ат басын бұруы, Пионерское сынды ауылдарға келуі – аудан жастары үшін айрықша оқиға деп айтар едім.
Бұл ретте, ауданның дене шынықтыру және спорт бөлімі де ауқымды жұмыс атқаруда. Жерлес спортшылардың жетістіктері – соның дәлелі іспетті, – деді Бауыржан Дулатов.
Сөйтіп, аудан жастарымен жүздесу үшін ат арылтып келген спортшылар қатарында қазақ күресі бойынша халықаралық санаттағы спорт шебері, ҚР чемпионатының қола жүлдегері, 2017 жылғы Әлем кубогының иегері Бекзат Ахметбеков, дзюдо және самбо күресі бойынша ҚР спорт шебері, Әлем кубогының қола жүлдегері, ҚР чемпионы Айдын Дартаев, дзюдо бойынша халықаралық санаттағы спорт шебері, ҚР чемпионатының жүлдегері Ақжігіт Оралов, дзюдо бойынша ҚР спорт шебері, Еуропа кубогының қола жүлдегері Ажар Салықова, бокстан ҚР спорт шебері, 2018 жылы өткен екі халықаралық турнирдің жүлдегері Рустам Шаймерденов, жеңіл атлетика бойынша ҚР спорт шебері, Қазақстан чемпионы Александр Киселев және тағы бір жас жеңіл атлет, ҚР чемпионы Василий Копейко болды. Пионерское ауылынан қайтып аудан орталығына оралған спортшылар келесі кезекте Осакаров кентінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне табан тіреді.
Мұнда облыс спортшыларының жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері бейнеленген фотосурет көрмесі де ұйымдастырылыпты. Өз кезегінде, ауыл жастары ілінген суреттерді тамашалап, қонақтарға түрлі сауал жолдады. Бұдан кейін, қонақтар спорт түрлері бойынша жастардың жаттығу залдарын аралап, тәжірибелерімен бөлісті.

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.