Жаңалықтар

Жібек ЕРКЕТАЕВА, дәрігер: «Дәріханадан бұрын дәрігерге барған абзал»

Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ұлт денсаулығын қызғыштай қорып жүрген ақ халатты абзал жанмен әңгіме құрудың сәті түсті. Меңдегенді емдеген маманның алдына арнайы барамыз деп кім ойлаған? Десе де, дертке дауа іздеген дәрігердің ақыл-кеңесі артық етпесі анық. Облыс орталығындағы №5 емханада еңбек ететін бұл кейіпкеріміздің есімі – Жібек ЕРКЕТАЕВА.

– Гиппократ антын қабылдағаныңызға көп болмаған сыңайлы. Жалпы, ақ халатқа адалдығыңыз, қызметіңіз қашан басталды?

– Көп жыл еңбек етіп келемін деп көлгірсімей-ақ қояйын. Қарағанды мемлекеттік медицина университетінен былтыр ғана түлеп ұштым. Ал, негізі Ақмола облысына қарасты Степногорск қаласының тумасымын. Бір кездері бұл өңірге білім іздеп келіп, ақыры жас маман, жас келін болып шыға келгенім бар.

– Жас маман дегеніңізге қарағанда еңбекке араласқаныңызға да көп болмаған сыңайлы?

– Жоғарыда айтып өткенімдей былтыр білім ордасын тәмамдап, іле-шала «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша осы емханаға табан тіредім. Жарғақ құлағым жастыққа тимей, жанталасып жұмыс істеп жүргеніме де жарым жылдан асты. Жанталасып дейтінім, ет үйретіп жатқаным ғой. Есіңізде болса, бірер жыл бұрын педиатрия мамандығы жабылып, орнына менің мамандығым сұранысқа ие болып қалған еді. Қазір қайта қалпына келді деп жатыр ғой. Десе де, күні бүгінге дейін 18 жасқа толмаған балалар мен одан ересектерді қатар қабылдап келемін.

– Ендеше, ересектер мен балаларды қабылдаудың нақты бір кестесі де болған болар?

– Дұрыс айтасыз. Жүйелі жұмыс жасау үшін аптаның сейсенбі, бейсенбі күндері бірыңғай балаларды қабылдаймыз. Бірақ, өмір болған соң, балалар да нақ сол аптаның екі күні ғана ауырмайды ғой? Ересектер де солай. Сондықтан, науқас адамды «бүгін қабылдайтын күн емес» деп есіктен де енгізбей қоя алмайсың.

– Қай мамандық болсын, жеңілі мен ауырын қатар тоспай тұрмайды ғой? Қызметіңізді қаншалықты қиын дер едіңіз?
– Бәлендей қиналып жүрмін демесем де, өзіңіз айтып өткендей әр мамандықтың өз машақаты болады ғой. Бакалавриаттың бес жылын бітірген соң интернатураға түскенде нақты бір саланы таңдауға тура келген еді. Сондағы дәрігерлік қызметтің ең күрделісі хирург болу ма деуші едік. Қазір де солай ойлаймын ғой. Дегенмен, жалпы тәжірибелі дәрігер де әмбебап болуы керектігін түйсіндім. Ол хирургияны да, акушерлік-гинекологияны да, терапияны да, бұл аз десеңіз педиатрияны да меңгеруі тиіс. Сондықтан, мамандығым қаншалықты маңызды болса, соншалықты ауқымды деуге болады.

– Білуімізше, жедел жәрдем қызметкері де жанжақты болуы керек қой. Тек, олар үй-үйді аралап, науқасты өздері іздеп барады. Ал, атқан таңнан батқан күнге дейін тапжылмай кабинетте отырып, науқас қабылдауға бірден ет үйретіп кетпеген боларсыз?

– Бізді күні бойы бір кабинетте отырады деп кім айтты сізге? Біз де үй аралап, науқастардың халін біліп тұрамыз. Себебі, қызметіме қосарлай учаскелік дәрігер болу да жүктеледі. Қарауымда қазіргі күні 2044 адам бар. Сондықтан, жұмыс кестем де соған сай құрылады. Айталық, бүгінгі кешкілік қабылдауым сағат 16.00-ден 20.00-ге дейін. Ал, таңертеңгілік және күндізге уақытта шақырту бойынша науқастарды араладым. Өздігінен қатынай алмайтын ауру балалар, үлкен кісілер бар. Мәселен, сіз қан қысымыңыз жоғарылап, емханаға жете алмайтын жағдайда болсаңыз, емханаға хабарласып, учаскелік дәрігеріңізді шақыра аласыз. Бірақ, мейлінше күндізгі уақытта шақыртқан жөн.

– Қазіргі күні елімізде цифрландыру мәселесіне зор көңіл бөлінуде. Бұл ретте, Қазақстан медицинасының жасап жатқан оң қадамдары қандай?

– Қарағанды облысы цифрландыру дәуіріне енуді нақ осы медицина арқылы бастап кетті десе де болады. Неге дейсіз ғой? Мысалы, сіздің бала күннен бері келе жатқан картаңыз бар. Онда сіздің туғаннан бері қандай аурумен ауырғаныңыз, емдеуден, тексерістен өткен күндеріңіз, қабылдаған дәрілеріңіз – бәрі-бәрі жазылып келген еді. Бірақ, оның машақаты аз емес-тұғын. Қағазбастылық деген қайбір жақсы дейсіз? Міне, бұл күні картаңыздағы деректер «Кешенді медициналық ақпараттық жүйеге» көшіріліп үлгерген. Енді, бұдан былай қағаз арқалаудың қажеті жоқ. Төлқұжатыңыз болса болды. Сіздің емделу тарихыңыз экраннан шыға келеді.
– Мұның барлығы бір жүйе аясында жұмыс жасайтын болса, заңды қандай да бір жолмен айналып өтуге де мүмкіндік азаяды деген сөз ғой?

– Иә. Бұл жүйе жемқорлықтың алдын алады десе де болады. Бұрындары науқастық парақшаны кешегі күнмен ашу сынды заң бұзушылықтар орын алған болса, бүгінгі таңда оның жолы кесілген.

– Жұмыс – көп, уақыт – тапшы дәуірде дәрігерге көріну үшін бір күн бұрын арнайы келіп жазылу қажеттілігі қаншалықты орынды? Мәселен, бірқатар банктерде электрондық кезекке тұру, үйден шықпай қызмет алу сынды уақыт үнемдеудің тиімді жолдары қарастырылған. Емханаларда ше?

– Қазақстан медицинасы заманауи технологияны пайдалану тұрғысынан кенже қалды деуге болмас. Науқастарымыздың өмірін жеңілдетіп, уақытын үнемдейтін бағдарлама ретінде «DamuMed» қосымшасын айтар едім. Заманауи телефондардың кез келгеніне дерлік жүктелетін бұл қосымша арқылы сіз үйден шықпай-ақ учаскелік дәрігеріңізге жазыла аласыз. Екіншіден, қажет болған жағдайда үйге шақырту мүмкіндігіне де иесіз. Үшіншіден, осы қосымшада сізді учаскелік дәрігеріңіз қай дәрігерлерің қабылдауына жазғанын бақылай аласыз. Сонымен қатар, тапсырған анализ қорытындысын да осы қосымшадан көрулеріңізге болады.

– Бір жеріміз ауыра қалса дәрігерден бұрын, дәріханаға асығамыз. Жобалап дәрі жаздырып алып, басымыз ауырса «бастың», іші­міз ауырса «іштің» дәрісін бе­ріңіз дей салудан аспаймыз. Дәрігерге бармай, дәріханаға бару қаншалықты дұрыс?

– Бұл әдет мүлде бұрыс дер едім! Дәрігерге бармай, дәріханаға баруды өз басым құп көрмеймін. Қандай ауру болсын, ең алдымен учаскелік дәрігеріңізге көрінгеніңіз абзал. Неге? Себебі, көпшілік адам созылмалы ауруға шалдыққан болып келеді. Оны өзі де білмеуі мүмкін. Ал, учаскелік дәрігеріңіздің алдында сіз бұған дейін ауырған аурулардың барлығы тізулі тұр деуге болады. Тіпті, ауырмағанның өзінде жылына бір мәрте тексерістен өткен артық етпейді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген бар. Сонымен қатар, адам ағзасы да – әртүрлі. Кеше емдеген дәрі, бүгін емдемеуі мүмкін. Антибиотик сынды әсері күшті дәрілерді жобалап қабылдай беруге болмайды. Бұл – сіздің иммунитетіңізге кері әсерін тигізуі ықтимал. Анау айтты, мынау айтты деп, көрінгеннің сөзіне ере бермей, учаскелік дәрігерді тыңдаған жөн болады!

– Сәт санап Наурыз мерекесі де табалдырық аттағалы тұр. Ормандай оқырманымызға не тілер едіңіз.

«Бірінші байлық – денсаулық» дейді ғой. Дәрігер болған соң, ең алдымен барша оқыр­манға зор денсаулық тілегім келеді. Басымыз аман, бауырымыз бүтін болғай! Жыл басы саналған Наурыз мерекесі құтты да қайырлы болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button