ЖезқазғанТұлға

Жезқазғанның жампозы, Ұлытаудың ұланы

Осыдан бір жыл бұрын Жұмамәди ағамның қайтыс болуына арналған қаралы жиынды жүргіздім. Жезқазғанның орыс-қазағы театрдың алдына сыймай кетті. Жылап тұрды. Жампозын жоқтады ел.

«Халық – барометр, кімнің кім екенін халық біледі», – дейтін ол. Сол халқы Жұмамәдиін (Мәденін) жақсы біледі екен, жақсы көреді екен. Бақұлдасып жатты…. Содан шығар, ағамыздың қызметтерін тізбектеп, марапаттарын санамаламадым.

Басқасын айтпағанда,  Жұмамәди Ибаділдин  1995 жылдан бастап Жезқазған қаласын он жыл басқарды. Бүгінгідей ағыл-тегіл ақша жоқ. Жоқтан бар жасау керек болатын.

1997 жылы мамырдың басында Жезқазған облысы таратылып, Қарағанды облысына қосылды. Осы тұста Жұмекеңе жаңа қызмет ұсынылды. Атауы – Қарағанды облысы әкімінің орынбасары – Жезқазған қаласының әкімі. Бұл дегеніңіз бұрынғы облыс аумағында үйлестіру жұмыстарына басшылық жасауға саятын еді.

Қызмет күрделеніп кетті. Жезқазғанның басындағы облыстық мекемелер мен ұйымдар жаппай жабылды. Шамасы бар ағайын Астана, Қарағанды қалаларына үдере көшті. Жұмыссыздық белең алды. Қалада ғана емес, маңайдағы аудандар мен ауылдарда энергия тапшылығы, жанар-жағармай, отын жетімсіздігі байқалып, ел абыржи бастады.

Жұмекеңнің іс-сапары жиіледі. Ыстық-суыққа қарамайтын. Талай рет қар құрсауында қалып, тікұшақ көтерілген кездер болды. Шәниза жеңгеміз көз ілмей күтіп отыратын.

Сонымен, біраз мәселелер рет-ретімен шешіліп жатты. «Қазақмыс» Корпорациясымен» тығыз іскерлік байланыс орнатылды. Сенделіп қалған бұрынғы облыс қызметкерлері қалалық мекемелерге шақырылды. Кейбір ұйымдар аймақтық болып қайта құрылымдалды. Қажырлы еңбектің нәтижесінде, бұрынғы облыстық аурухана – аумақтық болып құрылып, қызметін жалғастырды. Елімізге әйгілі С.Қожамқұлов атындағы театрды аман сақтап қалу оңайға соқпады. Бұқаралық ақпарат құралдары қалалық ұйымдар болып қайта жасақталды. Дегенмен, бұрынғы Жезқазған облыстық телерадио корпорациясының орнына қалалық телерадио дирекциясын ашу өте қиын болды.  Бармаған жер, баспаған тау қалмады. Жұмекеңнің бастамасымен Қарағанды облысы әкімдігінен бастап, сол кездегі ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Оралбай Әбдікәрімовке дейінгі аралықта жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, «Дидар» телеарнасына  құрамында  Сенаттың, Мәжілістің депутаттары, бірнеше министрліктердің өкілдері бар беделді комиссияның ұйғарымымен қызмет істеуге рұқсат ететін Мемлекеттік Бас Лицензия берілді.

Жезқазғанда Жұмамәди Ибаділдиннің мектебі қалыптасты. Сайдың тасындай шәкірттер әкімдік жұмысын ширатып ала жөнелді. Әкімнің орынбасарлары мен жауапты қызметкерлері Қанат Балмағамбетов, Мұса Танабаев, Арсен Жаңғасқанов, Станислав Филипович, Әнуар Омар, Советбек Медебаев, Әбдікәкім Нұрмағамбетовтер  ел аузына ілікті. Жемісті еңбек ете білді. Шетінен әкім болды немесе облыс, республика деңгейіндегі қызметтер атқарды. Әлі де ат үстінде жүр.

Жұмекең арыз-шағымға шұқшия қарайтын. Өзі айтпақшы, әр хаттың артында адам тағдыры тұр. Әрі қарай бала-шаға, мал-жан. Жылы сөз керек, қолдау керек, қорғау керек. Осындай мәселелер күнұзақ қаралып жататын. Шешімін табатын. «Ертең кел, кейін кел» дейтін шығарып салма жауаптар айтылып, тұрғындарды діңкелетпейтін. Аппарат қызметкерлері үй жағалап, тапсырмалардың орындалысын қадағалайтын.

Жұмамәди Ибаділдәұлы  шаруашылыққа мығым еді. Біраз жерді аралап барып, жұмысқа келетін. Көзі қиядан шалатын. Сондықтан шығар, әр салаға жауапты мекеме, кәсіпорын басшылары тықыршып отыратын. Жұмекеңнен ескерту естімесек екен деп.

Ол білім және денсаулық салаларына күнделікті көңіл бөліп отырды. Осы мекемелердің сол кездегі басшылары Құсайын Жанаев, Кенжетай Қабікеновтермен бірге әр мектептің, әр отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның қызметін талқыға салатын. Жас мамандарды сыртынан бақылап жүруші еді.

«Жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорнына» ұзақ жылдар  Әбдіқашым Тоқтыбаев жетекшілік жасады. «Санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасын» Таңатар Жанаев басқарды. Бұл кісілер әкіммен досжар еді. Алайда, қызметті бірінші орынға қоятын. Мәселе шықса бетің бар, жүзің бар демей, текетіресіп жататын.

Жұмекең туған елінің жарқын болашағы үшін талмай еңбек етті. Елдің рухын көтеруге  барын салды. Қазақ тарихы мен мәдениетін жетік білетін ол ұлтымыздың жақсылары мен жайсаңдарын Жезқазғанға жиі шақырып, елмен кездестіретін. Жер аяғы кеңіген бетте бірінен кейін бірі Кәкімбек Салықов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Ақселеу Сейдімбеков, Илия Жақанов, Қойшығара Салғарин сынды асылдар Жезқалаға қарай ағылатын.

Бір жылдары қоғам және мемлекет қайраткерлері Оралбай Әбдікәрімов, Әбіш Кекілбаев  бастаған зиялы қазақтар Жезқазған өңірін әбден аралап еді. Жұмекең көкем  көсіліп сөйлеп, көкірек шерін тарқатып еді. Жез құманмен  ірілердің қолдарына су құйып, мен де бір жасап қалған едім.

Сондағы кездесулер есімнен шықпайды. Залдағы жұрт демін ішіне тартып, сөз тыңдайды. Бір кезде дуылдата  қол соғады. Жанарларда жасын ойнайды. Театрға Ұлы Алаш Рухы кіріп келе жатқандай. Өн бойың бір ысып, бір суиды.

Жұмамәди Ибаділдин Қарағанды облысының және бұрынғы Жезқазған  облысының басшыларымен тығыз байланыста болды. Қажымұрат Нағманов, Қасымбек Медиев, Қамзе Жұмабеков, Сұлтан Досмағамбетов сынды ел ағаларымен сыйласа білді.

«Қазақмыс» Корпорациясымен» қоян-қолтық жұмыс істеді. Әсіресе, Руслан Юнмен күнде болмаса да, күнара кездесіп тұратын.

Жұмамәди ағамыз коммуналдық саланы жетік білетін. Соны бағалаған әріптестері қысқа дайындық кезінде, қыс ішінде келіп-кетіп жүретін. Облыстық кеңестер  Жезқазғанда жиі өтетін. Бір жылдары Теміртауды «жылытуға» тікелей жетекшілік жасады. Қай жерге жылу жетпесе, Ж.Ибаділдин шақырылатын. Ол жылы сөзін, ұлт мәдениетін, тарихын, тілін бірге ала баратын. Жұмамәди Ибаділдәұлы Қаныш Сәтбаевтың ғұмырын жыр ғып айтатын. Ұлы ғалымның Жезқазған – Ұлытау аймағына сіңірген еңбегін ерекше  насихаттап жүрді.

Уақыт тауып ақсақалдарға сәлем беретін. Қалкен Мәкенбаев, Ошақбай Асылбеков, Игнатий Ли, Ғазиз Омаров тағы басқаларын туған інілеріндей іздеп отыратын…

Әйел шенеуніктердің ішінде Елизавета Қазанғапова, Зинаида Чумакова, Майра Серкебаеваларды аса құрметтеуші еді.

Жергілікті қаламгерлермен, өнер саңлақтарымен туған бауырдай араласты. Шынболат Ділдебаев, Қуаныш Ахметов, Ғалым Мұхамедин, Береке Көшенов, Досжан  Жанботаев тағы басқалары туралы сұрап қоятын. Кездесулеріне, концерттеріне баратын.

Ғалымдай «Ағаш аяқ» пен «Жиырма бесті», «Құлбай байды» ешкім айта алмайды.

– Береке «Ұлытауды» қатырады, ә, –  деп мағмұрланатын. Бекең сахнада шыр айналғанда шырайланып сала беретін.

–  Анау Әнуардың басы қатты, байқаңдар, – дейтін. Әнуар әкім болғанда баладай қуанды. Тәуелсіз елдің әкімдерін ақындардан сайлау керек, – деп.

–  Шынболат пен Қуаныш ұлттық деңгейге көтерілген…

–  Досекең ұлы актер. 28 жасында Лениннің ролін ойнағанда Торғайдың хатшылары қасынан шықпапты. Қайта-қайта «здрасте» деп.  – Сөйтіп, рахаттанып күлетін. Өкінішке қарай, Жұмекең де мұндай сәттер өте сирек болды. Күншілдік, көреалмаушылық, жағымпаздық, жала жабу сынды әдетіміз ағамызды айналып өткен жоқ. Бірақ, сындыра да алған жоқ.

Жұмекең Қарағандыға қызмет ауыстырғанда еріп бардым. Алдымыздан облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембай шықты. Құшақтасып жатыр ағасымен.

– Өзіңізді де, әңгімеңізді де сағынып қалдық. Қарқаралыдағы Ниқанбай достың беріп жіберген қымызы еді, – дейді ол, дәу қоржынның аузын ашып жатып.

Сақтар, ғұндар ішкен сусын ғой… Қазақ қайтіп осал болсын… Жұмекең толғанып кетті…

Облыс Жұмамәди Ибаділдинді жақсы қарсы алды. Жемісті еңбек етті.

Кәсіпорын басқарды. Зейнетке шықты. Кеңесшілік қызмет атқарды. Аттан түспей дүниеден озды. Шартараптан бауырымдап достар келді, әріптестер келді, Қарағандыға. Тұлғалар қамығып сөз арнады. Ақ жуып, арулап ақ ұшақпен туған жерге, «Жер кіндігі – Жезқазғанға» шығарып салды.

Топырағыңыз торқа болсын, қадірлі аға! Өзіңіз айтпақшы, көп сөзді қайтеміз… Кімнің кім екенін халық біледі ғой…

Сізді сағынғанда қызыңыз Луизаның скрипкасын тыңдаймыз. Ол ұлы Абайдың ғана әндерін орындайды…

Базарбай Әлеуханұлы,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button