Бас тақырыпЖезқазған

Жезқазғанда қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Жезқазған және Сәтбаев қалаларындағы супермаркеттер мен ірі базарлардың жұмысы елде төтенше жағдай жарияланған сәттен бастап, талапқа сәйкес жолға қойылды. Азық-түлік сататын сауда орындарының жұмыс уақыты өзгеріссіз, қалыпты жағдайда тұтынушыларға қызмет көрсетуде. Күнделікті тұтынатын азық-түлік қорының жеткілікті болуы және бағасының қымбаттап кетпеуі – жергілікті биліктің жіті назарында.

Жұртшылық жиі бас сұғатын «Ұлы дала» супермаркеті мен «Шаруа» базарында сауда-саттық әдеттегідей қызып жатпағанымен, төтенше жағдай талабы бойынша сатушылар бетперде таққан, сауда орындары антисептикпен қамтамасыз етілген.

Сәтбаев қаласының тұрғындары азық-түлік алу үшін жиі баратын жері – Тәуелсіздік «Тұрар» базары. Ол тұрақты жұмыс істеп тұр. Онда әр үш сағат сайын санитарлық-дезинфекциялау жұмысы жүргізіледі. Сатушылар бетперде және жеке қорғаныш құралымен қамтамасыз етілген. Төрт жерге антисептик орнатылған.

Осы қаладағы «Акцент» супермаркетінің жұмыс уақыты – сағат 09.00-ден 20.00-ге дейін. Сауда орнында эпидемияға қарсы іс-шара күшейтілген. Үш сағат сайын дезинфекциялау жұмысы жүргізіледі, кіреберісіне бірнеше антисептик қойылған. Нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер тек қаптамалы түрде сатылады. Сатушылар медициналық бетперде, антисептик және басқа да жеке қорғаныш құралымен жабдықталған.

 Санитарлық қауіпсіздік шарасын сақтау мақсатында жергілікті атқарушы орган қызметкерлері, прокуратура, полиция және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауірсіздігін бақылау басқармасының өкілдері күнделікті рейд ұйымдастырып тұрады.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button