Жезқазған төрінде — музейлер шеруі

Музей – елдің өткен шағының шежіресі, көненің көзіндей жауһар жәдігерлер жинақталған қастерлі орда, мәдениет ошағы. Оның табалдырығынан аттаған сезімтал жанды сөзбен айтып жеткізуге болмайтын толағай тербелістер құдіреті баурап алары анық. Жуырда Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің 40 жылдық мерейтойына орай, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған республикалық «Көкжиегі кемел музейлер» фестивалінде бас қосқан қалың қауым дәл осындай сезім күйін бастан кешті. Мәдени-ағарту ошақтарының мәртебесін бұрынғыдан да биіктете түскен музейлер шеруіне бас-аяғы 14 музейдің ұжымдары қатысты. Шуақты шұғыла нұрын шашыратқан шараға мерейлі тойын атап өткен жергілікті музейден өзгесі Қазақстанның әр аймағы мен Қарағанды облысының аудан-қалаларынан арнайы келді.

Сыртқы сәулеті мысты шаһардың ажарын ашып тұрған музей ғимаратының алдындағы алаңда өткен республикалық фестивальдің салтанатты ашылу рәсімінде Астанадағы  мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов құттықтау сөз сөйледі. Танымал тұлға Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің қорына өз әкесінен аманатқа қалған асыл қазына – 19-шы ғасырдың орта шенінде басылған Фирдоусидің «Шахнаме» кітабының түпнұсқасын тапсырды. Құнды жәдігерді музей директоры Раушан Қапарова зор ілтипатпен қабылдап алды. Жиын барысында жиналған елге ыстық лебізін білдірген Қарағанды облыстық мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев мерейі өскен музей ұжымына облыс әкімі Ерлан Қошановтың құттықтау хатын табыс етті. Құттықтауларды жарасымды жалғастырған Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекова, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Бағдат Байжантаев, Сәтбаев қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Төлеш және басқалары көңіл төріндегі көрікті ойларымен бөлісіп, тарту-таралғыларын табыстады.

Музейлер шеруінде жұртшылыққа фестивальге қатысушы мерейтой қонақтары – ҚР Ұлттық музейі, «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейі, «Қорқыт ата» мемориалды музейі, Қарағанды облысының тарихи-өлкетану музейі, Қарағанды облысының бейнелеу өнері музейі, Балқаш қалалық тарихи-археологиялық музейі, Теміртау қаласындағы ҚР Тұңғыш Президентінің тарихи-мәдени орталығы, Теміртау қалалық тарихи-өлкетану музейі, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейі, Шет ауданының археологиялық-этнографиялық музейі, Ақтоғай ауданының археологиялық-этнографиялық музейі, Бұқар жырау ауданының тарихи-өлкетану музейі және «Қазақмыс» корпорациясы жанындағы Қ.Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі ұжымдары таныстырылды. Бұл лектен мерейтой иелері де бой көрсетті.
Музей қызметкерлері 2017 жылы «Тарихта өз атыңды қалдыр!» бастамасын көтеріп, акция өткізген болатын. Соның аясында 600-ге тарта жәдігер жинақталса, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айлары аралығында 300-ге жуық тарихи маңыздылығы бар дүниелер музей қорына қабылданып алынған екен. Соған орай, акцияға белсене қатысып, аса құнды бұйымдар өткізгендерге Алғыс хаттары беріліп, оларды «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, қоғам қайраткері, белгілі қаламгер Зинаида Чумакова, сондай-ақ, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Салтанат Нұрлыбаева тапсырды.
Көңілдерді тоғайтқан шараны жергілікті өнер майталмандары әсем билерімен тартымды етіп, әдемі әндерімен әрлеп отырды. С.Қожамқұлов атындағы музыкалы-драма театры әртістері әзірлеген тарихи мазмұндағы сахналық қойылым үзіндісі бабалар бастан өткерген шежірелі-шерлі кезеңдердегі елдік пен ерлік елесін жұрттың көз алдына алып келіп, қапысыз қошеметті иеленді.

Фестиваль меймандары мен қала тұрғындары музей алаңында орналастырылған «Жезқазған – шеберлер мекені» көрме-жәрмеңкесін қызыға тамашалап,
мәдени ошақ ғимараты іргесіндегі ағаш отырғызу рәсіміне қатысты. Сол күні Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде «Ұлт мұрасын ұлықтаушылар»
атты музей қызметкерлерін марапаттау шарасы өткізілді. Оның барысында көпшіліктің назарына «Жүректерде сақталған жылдар» бейнебаян көрсетілімі ұсынылды.
Одан әрі қала әкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың кіріспе сөзімен басталып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі заң қызметі департаментінің директоры Күміс Сейітованың құттықтауымен жалғасқан ақжарма тілектер легі руханиятқа тікелей қатысы бар тұлғалар мен осы салаға жанашыр пейілдегі қоғамға белгілі азаматтардың сөздерімен өрбіп, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің басшысы Раушан Қапарованың жүрекжарды лебізімен түйінделді. Музей жұмысын өркендетуге үлес қосқан бір шоғыр қызметкерлер мен
ардагерлерге түрлі деңгейдегі төсбелгілер, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары мен гүл шоқтары тапсырылды. Мерекелік реңдегі ресми шара соңында «Мы бережем
историю страны» әні тамылжыта шырқалды.
С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапхана залында өткен «Көкжиегі кемел музейлер» республикалық музейлер сайысында фестивальге келген музейлердің бәрі бақтарын сынады. Сайыстың «Музей – мәдениет ошағы» аталатын алғашқы кезеңінде бейнебаян немесе слайд-шоу тәсілімен әр музейдің таныстырылымы өткерілді. «Жаңа әлемдегі музейлер» тақырыбы телінген екінші кезеңде инновациялық мазмұндағы жобалары жария етілді. Ал, үшінші кезеңде «Жанданған тарих іздері» атауымен музейлердің ғылыми-танымдық мазмұндағы баспа бетін көрген полиграфиялық өнімдері көрсетілді.
Сайысқа қатысушы ұжымдар тиістілігіне сәйкес, түрлі номинациялар бойынша тағайындалған жүлделерді иеленді. Осы орайда, «Үздік инновациялық жобалар» аталымында ат оздырған «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының бәсі біршама талаптар бойынша басқалардан басымдау болғанын айта кету артықшылық етпейді. Ұлт ұясында қоныс тепкен музейдің өзгелерге өнеге боларлықтай ерекшеліктерін сайыс қорытындысында қазылар алқасының мүшелері айрықша атап өтті.
Фестиваль аясындағы мазмұны мағыналы, толымды шараның бірі «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы музейлердің атқаратын рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Конференцияға ғылыми негізделген баяндамалар ұсынуда республика аумағындағы 14 музей, Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған қалаларындағы жоғары оқу орындары, Алматыдағы Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен академик Ә.Марғұлан атындағы археологиялық институттың ғалымдары белсенділік танытқан екен.
Маңызды істен Жезқазғандағы колледждер мен орта білім беретін оқу орындарының оқушылары да қалыс қалмағаны байқалады. Республикалық деңгейдегі конференция аясында әзірленіп, шығарылған жинаққа 74 баяндама енгені біраз жайттан хабар берсе керек. Кең сипатты ғылыми-тәжірибелік жиын қорытындысында осындай мазмұндағы конференцияларды екі жылда бір рет өткізу жайы да қаралып, соған орай ұтымды ұйғарым жасалды.
Конференция соңында үздік баяндама авторларын марапаттау шаралары жүргізілді.
Ілкімді жоспарланған іс-шаралар бағдарламасына сәйкес, сырты аймақтардан келген қонақтардың «Теректі әулие» кешеніне саяхаттауы да сәтімен іске асырылды.
Айтулы фестиваль ата-бабадан қалған ұлттық құндылықтарды, бай мұраларды көзінің қарашығындай сақтап, келешек ұрпаққа сынын бұзбай жеткізуді басты мақсат-мұраты санайтын музей мамандарының қызметінде тың серпіліс тудырары дау айтқызбас ақиқат. Біз атқарылған істердің санын емес, сапалық деңгейін бағамдай келе, осынау орнықты ойға табан тіредік.
Қысқасы, қырық жылдық белес биігін абыройлы бағындырған Жезқазған тарихи-археологиялық музейі ұжымының белді бекем буа отырып атқаруға пейіл бұрған берекелі істері руханият саласындағы жетістіктерге жетелей береріне күмәнсіз көз жеткіздік.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.