Басты тақырыпОблыс әкімі

ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЙТА ТҮЛЕЙДІ

Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ шаруашылық-ауыз су тазартқыш мекемелерінде болып, қалаға берілетін судың сапасын тексеріп қайтты.

Су тазартқыш ғимараттар Жезқазған қаласында екі кезеңмен салынған. Бірінші кезекті 1967 жылы қолданысқа берген. Екіншісін – 1987 жылы, себебі, қала тұрғындарының саны өсіп, жаңа өндіріс ошақтары салынып, пайдаланылатын ауыз су мөлшері ұлғайған. Тазарту үлгісі – классикалық: залалсыздандыру, реагенттермен араластыру, тұндыру, сүзгіден өткізу, екінші мәрте залалсыздандыру.

Жезқазған қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы апта сайын шаруашылық-ауыз су сапасының сараптамасын жүргізіп отырады. Қалада 23 су үлгісін алу нүктесі белгіленген.

– Біздің судың сапасы жақсы, – деді «ЖСҚМ» АҚ шаруашылық ауыз су бөлімінің бастығы Гүлварам Садықова. – Барлығы санитарлық нормалардың талаптарына сай.

Жалпы құны 15,2 млрд. теңгені құрайтын тазартқыш мекемелерді қайта қалпына келтіру және жаңғыртуға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бюджеттік тапсырыстар Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына ұсынылған.

Алайда, мамандардың айтуынша, тұтынушыларға жіберілетін судың сапасын жақсартуда су құбырлары да маңызды рөл атқарады. Осы ретте, аймақтың алдағы 3 жылға арналған даму жоспарында су құбырларын жаңарту мәселесі қарастырылған.

– Сумен қамту бойынша – 7 жобаны, су тарту бойынша – 3 жобаны жүзеге асыру қарастырылған, – деп мәлімдеді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Мәжитов. – Осы жылы Жезқазғандағы қалаішілік су құбырларын қайта құру бойынша екі жобаны жүзеге асыруға 389 млн. теңге бөлінген. Бұл қаражатқа 16,5 шақырым су құбырын қайта қалпына келтіру жоспарланып отыр. Ол су шығынының көрсеткішін 7%-ға төмендетуге және су сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Ерлан Қошанов өзінің орынбасарлары мен басқарма басшыларына жол сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды, ал заң бұзған мердігерлерді «қара тізімге» жіберетінін айтты.

Сондай-ақ, Жезқазғанның алдағы үш жылға даму жоспары шеңберінде жолдар мен көліктерге шамамен 8 млрд. теңге бөлінбек. Биылғы жылы мұнда жалпы сомасы 2,4 млрд. теңгеге жұмыстар жүргізіледі. Олардың қатарына жол қабатын, жол өтпелерін ағымдық және орташа жөндеуден өткізу, теміржол саласын, авиабалансты дамыту, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету енеді. Қарағанды-Жезқазған бағытындағы республикалық маңызы бар жолда жалпы сомасы 1,6 млрд. теңгеге 156 шақырым жол жөндеуден өткізілуде. Облыстық маңызы бар Жезқазған және Сәтбаев қалалары арасындағы, әуежайға апаратын жолдарда орташа жөндеу жұмыстары атқарылуда, жарықтандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, облыстық бюджет трансферттері есебінен Жезқазғанның негізгі орталық №5, №6 жол өтпелерінің 14 шақырымы орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, 9 орамаралық жолдар қала бюджеті есебінен жөнделуде.

Аймақ басшысы кей учаскелердегі жөндеу жұмыстарын өз көзімен көріп қайтты. Қарағанды облысының әкімі назарына «Қарағандыжоллаборатория» КММ-нің мобильді зертханасы ұсынылды. Бұл техника өткен жылы 75 млн. теңгеге сатып алынған. Аталмыш зертхананың артықшылығы – үлгілер нәтижесін алудағы жеделдік әрі зерттеме қорытындыларының дәлдігі.

Әкім 6 жол учаскесінде тендер ұтып алған «КазТрансЭнерго» мердігер ұйымының жұмысына наразылығын білдірді. Ерлан Қошанов өзінің орынбасарларына, басқарма басшыларына және Жезқазған қаласының әкіміне жасалып жатқан жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырды.

– Тағы бір мәрте материалдардың сапасын тексеріңіздер, – деп тапсырды облыс әкімі. – Менің білуімше, бұл мекеме 6 мың шаршы метр аумақты қайта жөндеуге мәжбүрленген. Қажет болса, қайта жөндесін. Асфальттың үлгісін алыңыздар. Сонан соң кеш болмасын. Ол үлгілерді Алматыға, тәуелсіз зертханаларға жіберіңіздер. Қатаң бақылау қажет.

Жезқазған қаласында жаңа мектеп және балаларға арналған нейро оңалту орталығы ашылады. Ол жайлы Жезқазған қаласы активінің отырысында мәлімделді. Жиналыс барысында шаһардың 2017-2019 жылдарға арналған даму жоспары ұсынылды.

Жезқазғанның үш жылдық даму жоспары аймақ басшысының тапсырмасы бойынша қала әкімдігімен және облыс басқармаларымен бірігіп құрылған болатын.

Аталмыш құжат жалпы сомасы 75,7 млрд. теңгені құрайтын 453 шараны қарастырады. Қаржыландыру республикалық және облыстық бюджеттерден, қала қазынасынан, сондай-ақ бюджеттен тыс жұмылдырылады.

Жоспарға сай, 2017 жылы – 11,6 млрд. теңге, 2018 және 2019 жылдары 25,7 және 38,4 млрд. теңгеден сәйкесінше жұмсалады.

Жоспарды жүзеге асыру облыс экономикасының да өсуіне септігін тигізеді деп күтілуде.

3 жыл аралығында өнеркәсіп өндірісі 13,2%-ға ұлғаюы тиіс. Экономикалық өсім жалпы инвестиция көлемі 21 млрд. теңгені құрайтын «Қазақмыс» Корпорациясы» ЖШС өндірісін жаңғырту және қайта қалыпқа келтіру есебінен өседі деп күтілуде. Сондай-ақ, экономиканың дамуына 2,5 млрд. теңгеге жүзеге асырылатын алты жоба да септігін тигізеді.

Тұрғын үйлерге қосылатын 36,4 шақырым коммуникация тартылып, 44,7 мың шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның 6,4 мың шаршы метрі – коммерциялық баспана, ол кезекте тұрғындардың санын 13%-ға қысқартады. 267 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі.

Сауда, қызмет көрсету, туризм салалары бойынша 3 млрд. теңгеден астам инвестициялық қаражатқа 28 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Соның арқасында 219 жаңа жұмыс орны пайда болады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына келер болсақ, Жезқазған ЖЭО жаңа турбоагрегатын іске қосу, жылу жүйелерін жаңғырту және қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл шаралар электр энергиясын өндіруді ұлғайтып, жылыту жүйелеріндегі жылуды жоғалту көрсеткіштерін 11%-дан 17,3%-ға дейін төмендетеді.

Әлеуметтік саланы дамытуға да баса назар аударылуда.

Жоспар бойынша 3 пен 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету қарастырылған. Жаңа білім беру мекемелері пайда болады. Ол – қосымша 1455 орын.

Биылғы жылдың өзінде Жезқазғанда 250 орындық облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат ашылмақ. Аталмыш білім ордасы әзірге қаладағы бір мектептің ішінде орналасады. Ал, 2018 жылы ол үшін жаңа ғимарат салу жоспарда тұр. Облыс әкімі Ерлан Қошанов жобамен және құрылыс жұмыстары жүргізілетін орынмен танысып қайтты.

– Меніңше, жобаны қайта қарап шығу керек, – деп өз ойын білдірді аймақ басшысы. – Ең бастысы, балалардың жүріп-тұруы ыңғайлы болуы тиіс.

Мектептің құрылысына 3,5 гектар жер қажет. Алайда, қазіргі таңда осындай үлкен аумақ, тек, жобада белгіленген жерде ғана болып тұр. Ғимарат 900 оқушыға шақталған. Құрылыс жұмыстары 2019 жылы аяқталады деп күтілуде.

Денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер күтілуде. Жезқазғанның үш жылдық даму жоспарында емханалар мен ауруханалар қажетті жабдықтармен және медициналық құралдармен 75%-ға дейін қамтылатыны көрсетілген. Санитарлық автопарк 100% жаңартылады. Аурухана қалашығы қайта қалпына келтіріліп, Орталық аурухана және Балалар үйі, Облыстық наркологиялық диспансердің бөлімі және Жезқазған қалалық емханасының бас корпусы күрделі жөндеуден өткізіледі.

Мемлекеттік – жеке меншік серіктестік шеңберінде орталық аурухананың ғимаратында балалар нейро оңалту орталығы ашылады. Онда жылына 1000 бала сауықтыру емін ала алады.

Жезқазғанда сондай-ақ, жүзу бассейні бар дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, бірнеше балалар-жасөспірімдерге арналған дене дайындығы клубтарын ашу жоспары бар. Салауатты өмір салтын насихаттау бағытында алдағы 3 жыл аралығында мұнда жеңіл атлетикалық эстафеталар, вело жарыстар мен жартылай марафондар өткізу көзделіп отыр.

Жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарының үлесі Жезқазғанда 55%-дан 85%-ға дейін ұлғайтылады.

– Егер, біз біртіндеп осы жоспарды ұстанып, алға жылжысақ, бұл шаралар жақсы көрсеткіштерге жеткізеді, – деді облыс әкімі Ерлан Қошанов. – Қазірдің өзінде жолдардың жақсарғаны көрініп тұр. Келесі жылы да біз осы қалыппен әрі қарай жөндеу жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Маған жезқазғандықтар өздерін шалғайда қалғандай сезінбегені маңызды. Біз бұл жоспарда аймақ үшін маңызды және әлеуетті шараларды қарастырдық.

Облыс әкімінің

баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button