Бас тақырыпРуханият

Жетістікке жетелейтін жеті асу

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультеті «Тұлғатану» ғылыми зерттеу орталығының ғалымдары Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын талқылады. Оның тарихи маңыздылығы, елтанудағы танымдық, тәрбиелік мәнін жоғары бағалап, мақаланың отандық тарихты оқыту мен насихаттауда үлкен рөлі бар екендігін атап көрсетті.

Тәуелсіздік алғаннан бері Ұлы Дала елінің рухы асқақтай түсті. Бүгінде біз – берекелі тіршілік кешіп отырған ұлттар мен ұлыстар жаңа қоғамды, жаңғырған достық қарым-қатынасты әлемге көрсете алдық. Әрбір жылымыз ғасырға бергісіз тәуелсіз ел болып, бабалар аманатын орындаудың және тарихи мұраларын жетілдірудің арқасында көш бастап келеміз. Әлемдік өркениетте өз орнымызды тапқандығымыз Елбасы мақаласында тұжырымдама ретінде анықталған. Соның ішінде, Ұлы Даланы мекендеген қазақ елінің, мемлекетінің, мәдениетінің 40 ғасырлық тарихы бар екендігі жанжақты дәлелденген. Шындығында ірі тарихи прогрессивті оқиғалар Ұлы Дала кеңістігінде болып, уақыт озса да өзінің тарихи мәнін жойған жоқ. Оның дәлелі Еуразия құрлығындағы ертедегі құрылған Арқайым сияқты қала мемлекеттердің болуы және оларды зерттеу барысында табылған тарихи жәдігерлер еуроцентристік көзқарасты жоққа шығарды. Ұлы Даланың жеті қырының бірі көне заманнан басталып, бүгінге дейін өзінің мәдени деңгейінің жоғарылығында. Еліміз үшін өндірістік қатынастарды дамытуда, қорғаныс қабілетін күшейтуге қосқан жылқы малының қазақ халқымен бірге пайда болып дамып келе жатқандығы жайлы ой қорытуы Ұлы Даланың қуаты мен құдіретінің тарихын көрсетеді.

Көшпенділер мәдениетінің символы және күші Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесін Елбасы халқымыздың «ұлттық кодының» айрықша элементі деп көрсетуі ұлтымыздың мақтанышын тудырады. Мақаладағы қазақ халқының әлемдік өркениеттегі орнының биік екендігін дәлелдеп көрсететін қырларының бірі, Ұлы Даладағы ежелгі металл өндіруде біздің бабаларымыз көне заманда-ақ озық технологияны меңгергендігін айқындай түседі. Табиғи ортаға бейімделіп өмір сүре білген халықтың тарихи орнын объективті тұрғыдан көрсеткен. Сонымен қатар, жануарлар бейнесін өзінің рухани және материалдық мәдениетінде ерекше көрсете білген бабалардың әлемдік мәдениеттегі өзіндік орнының маңыздылығы нақты баяндалған.

Көшпенділер мәдениетінің әлемдік өркениеттегі орны бар екендігін дәлелдеудің бастауы болған, бірінші Алтын адамның табылуы екендігі сөзсіз. Бұл да өркениеттің бай мұрасы – Ұлы Даланың жеті қырының бірі.

Біздің ұлы бабаларымыз Еуразияның Ұлы Даласында өз билігін жүргізді. Бұл жерлерде өшпес қаһармандықтың жыры мен мол рухани байлық қалыптасты. Олар аспан әлемінің заңымен сәйкестендіріп әмбебап шаңырақ киіз үйді жасай білген шеберлігін айшықтап көрсеткен.

Ұлы Даланың тарихи тұлғасы Әбу Насыр Әл-Фараби «… адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді. Ғылыммен айналыссам деген адамның ақыл-ойы – айқын, ерік-жігері – зор, тілек-мақсаты – ақиқат пен адалдыққа қызмет етуге талап жолында болуы шарт» деген тарихи ұстанымы сияқты терең философиялық еңбектер Ұлы Дала елінде жазылғандығы Елбасының мақаласының негізгі тұжырымы болған.

Ұлы Жібек жолында еуразиялық көшпенділер өз қалаларын, алтын ордаларын, керуен сарайларын салып, саяси, мәдени, сауда байланыстарын бақылап тұрған. Осы жол арқылы отырықшы өркениет көшпелілердің қару-жарақ, ат әбзелдерімен, әртүрлі материалдық және рухани байлықтарымен танысып, қазіргі жаһанданудың алғашқы үлгісі болғандығының маңызын ерекше көрсеткен. Ал, бүгінде тәуелсіз қазақ елі жаңғырған жаңа Жібек жолының бойында өзінің тарихи миссиясын орындау жолында.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласындағы көтерілген «Ұлы Даланың жеті қыры» жайлы танымдық, тәрбиелік, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті тарихи жобаларды жасауды көрсеткені өте маңызды деп санаймыз. Соның ішінде, «Ұлы Дала тұлғалары», «Түркі өркениеті», «Ұлы Даланың Ұлы өркениеттері», тағы басқа жобалары – ұлтымызды өзіміздің тануымызға және әлемге танытатын үлкен тұжырымдамалық мәні бар тарихи бастаулар.

Нұрсахан БЕЙСЕНБЕКОВА,

«Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button