Бас тақырыпЖаңалықтар

Жетістік жолы – қарышты қадам

Елдің қоғамдық-саяси өміріне елеулі серпіліс берген Мемлекет басшысының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында алға қойылған міндеттер мен оларды жүйелі негізде жүзеге асыру жолдары Қарағанды қаласы активінің жиынында кең тұрғыда талқыланды. Маңызды басқосуға еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік және коммуналдық-мемлекеттік мекемелердің басшылары, саяси партиялардың, мемлекеттік емес ұйымдардың, діни бірлестіктердің, жастар қауымы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Активті жүргізу тізгінін ұстаған қала әкімі Нұрлан Әубәкіров өзінің кіріспе сөзінде Елбасы Жолдауының уақыт тынысымен үндестік табатын мәні мен маңызына ерекше назар аударды.

– Стратегиялық сипаттағы құжатта Ұлт көшбасшысы қазіргі таңдағы даму үдерісінің аса маңызды жетістіктерін атап өтіп, алдағы міндеттер ауқымын айқындап берді. Соның аясында мемлекеттің жуыр маңдағы дамуына қажетті басымдық мазмұны бар 6 міндет нақтыланды. Біз осынау мерейлі міндеттер мен ауқымы кең тапсырмаларды басты өзек ете отырып, қаланың алдағы кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық бағыттағы ілгері басу жолдарын белгілеп алуға тиістіміз, – деді Нұрлан Ерікбайұлы.

Кіріспе сөзіндегі ой ұшқындарын негізгі баяндамасында ұтымды жалғастырған қала басшысы қаланың бүгінгі күнге дейінгі қол жеткізген жетістіктеріне түбегейлі талдау жасап, жаңа Жолдаудан туындайтын кезек күттірмес міндеттер хақында нақты деректермен дәйектелген тартымды әңгіме өрбітті.

Шынымен де, қай тұрғыдан алып қарастырсақ та, Жолдаудың түпкі межесі – азаматтардың әл-ауқатының өсуі. «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы – соның қолайлы бір тетігі. Осыны тереңірек қаузар болсақ, бағдарлама іске қосылғаннан бергі кезеңде Қарағандыда жалпы сомасы 102 млрд. теңгені құрайтын 600-ден астам жоба қолдау тауып, тиісінше, 7000 жаңа жұмыс орындары ашылған екен. Қазіргі уақытта қала экономикасындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлес салмағы 50 пайызды, табыс кірісі 48 пайызды құрап отыр.

Елбасы жылдың басты құжатында тауар өндіруші-экспорттаушылар мен өңдеу өнеркәсібіне мемлекеттік қолдау көрсету қажеттілігіне айрықша көңіл бөлгені белгілі. Бұл бағыттағы тиімділіктің басты тетігі – мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Осы мүмкіндік облыс орталығында өте ұтымды қолданысқа енгізіліп отыр. Бұл тұжырымның күмән тудырмас айғағы – жалпы сомасы 82 млрд. теңге болатын 28 инвестициялық жобаның іске асырылуы. Нәтижесінде пайдалануға берілген жобалардың үлес салмағы жалпы өндіріс көлемінде 18 пайызды құраса, өндірілген өнімнің құны жылына 60 млрд. теңгеден асып жығылады. Бұлардан тысқары, алдағы жылы жалпы сомасы 37 млн. теңгені құрайтын 2 ірі жобаны іске қосу жоспарда тұр. Олар – «YDD Corporation» ЖШС ұсынған ферросилиций өндіру жөніндегі жобасы мен ферромарганец, феррохром, силикомарганец, жартылай кокс және әкті күйдіру жөніндегі «Проминвест Глобал» ЖШС жобасы. Осы жобалар аясында жаңадан 600 жұмыс орны ашылмақшы. Ең бастысы, аталған екі жоба да экспорттық бағытты ұстанады. Демек, қаланың ғана емес, облыстың өнімді экспорттау қуаты анағұрлым ұлғая түседі.

Өнеркәсіп саласында өнімді өңдеумен шұғылданатын агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары да айрықша маңызға ие. Бүгінгі күні олардың үлесіне қаладағы өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемінің 23 пайызы тиесілі. Мұның қаржылық көлем көрсеткіші – жылына 88 млрд. теңге. Осы бағытта Индустрияландыру картасы бойынша «Евразиан Фудс» АҚ, «Қарағанды ұн комбинаты» ЖШС және «Қарағанды Нан корпорациясы» өндірістері кеңейтілді. Сондай-ақ, «GreenNtchnology» ЖШС және «Сарыарқа Нан Қарағанды» секілді өнім өндіру орындары ашылды. «GreenNtchnology» ЖШС келешекте өзінің жер аумағын 8,5 гектарға ұлғайта отырып, өндірістік жылыжай салуды жоспарға енгізген. Былтырғы жылдан бері айтарлықтай ірі «Альфарух» ЖШС көтерме-бөліп тарату логистикалық орталығының құрылыс жұмыстары басталды. Оның тауарларды арту-түсіру және жүктерді өңдеу қуаты жылына 350 мың тоннадан асып түсетін болады.

Әлеуметтік салада да әлеуетті әрекеттер бар. Айталық, балабақшаның жылжуы қиын кезегін жекеменшік балабақшаларды мемлекеттік тапсырыс негізінде ашу тәсілі арқылы оңтайлы шешуге жол ашылды. Сұранысты тиісінше қамту көрсеткіші – 88,8 пайыздық деңгейде. Кейінгі кездің өзінде «Солнышко», «Hogwarts», “Академия детства – 2”, «Бала Шоқан» балабақшалары жаңадан пайдалануға берілді. Жаңа балабақшаларды ашу, оларда мемлекеттік тапсырыс тәсілін қолдану әдісімен биылғы жылы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамту жайы жоспарда тұр.

Ендігі міндет – көрсетілетін қызметтің сапасын одан әрі арттыра түсуге көңіл бөлу. Сол мақсатта бүлдіршіндердің табиғи қарымы мен қабілетін ашып, жетілдіруге арналған әдістемелік және нақты бағыттардағы жұмыс түрлері кеңінен қолға алынбақшы. Бұл тұрғыда көптеген балабақшаларда өзін-өзі мейлінше ақтаған заманауи жобалар бар, солар басқа балабақшаларға да енгізілетін болады.

Осы орайда, жалпы білім беру және мектепке дейінгі тәрбие саласында оң сипатты мазмұнды иеленетін оңтайлы үдерістер қарқынды атқарылып жатыр. Қала әкімінің баяндамасында олар туралы егжей-тегжейлі айтылды.

Мерейлі жетістіктер медицина ісінде де баршылық. Бұл тұрғыда жаңа емханалар мен орталықтардың тұрғындар игілігіне тапсырылуы, құжаттардың сандық үлгіге көшірілуі, Майқұдық пен Сұрыптау станциясында жаңа Жедел жәрдем станцияларының ашылуын жоспарлау сияқты көңілге қонымды жайттарды тілге тиек ете аламыз.

Халықты толғандыратын мәселенің бірі – баспанамен қамтылу жайы. Күрмеуі қиын осынау сауалдың түйінін тарқатуға да жете көңіл бөлініп келеді. Оның төте жолы – «Нұрлы жер», «7- 20-25» мемлекеттік бағдарламалары шеңберіндегі жұмыстарға қарқын қосу. Биылғы жылы 324 пәтерлік 16 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Аталған бағдарламалар аясында коммерциялық тұрғын үйлерді тапсыру жоспарын жыл сайын 20 пайызға ұлғайтып отыру көзделуде. Қала құрылысына қатысты келешектегі кемел әрекеттердің бірі – Оңтүстік-Шығыс аумағы мен Майқұдықтың аралығын қосу. Жоспар бірнеше кезеңге бөлінген. Бір сөзбен түйсек, баспанасыз адамдардың армандары орындалар шақ алыс емес секілді.

Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылумен, сумен қамту ісінде біршама жаңашыл ұстанымдар орын алмақшы. Кәріз желілерін жаңғырту шаралары да – күн тәртібінде.

Тұрғындардың денсаулығын нығайту мақсатында денешынықтыру мен бұқаралық спортты насихаттау, олардың қолжетімділігін назардан тыс қалдырмау жайы – қала әкімдігі тұрақты шұғылданып отырған міндеттердің бірегейі.

Сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қою мақсатында қолға алынған пәрменді шаралар күн санап тиімді нәтижесін беріп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар бұқараның қатысуымен жүйелі жоспар негізінде жүргізілу үстінде.

Актив жиынында «Нәтиже» сүт фабрикасының директоры Дулатбек Акпаров, «Eurasia Building» бас инженері Ерлан Созақбаев, №101 мектеплицейдің директоры Рахат Қазтаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Әсел Белялова, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің 6-курс студенті Диана Бекмырзаева және мәдениет саласының майталманы, қоғам қайраткері Рымбала Омарбекова сөз сөйлеп, өздерінің ой-тұжырымдарымен бөлісті.

 Актив соңында қала әкімі өзінің орынбасарлары мен салалық бағыттардағы бөлімдер басшыларына нақты тапсырмалар беріп, қалың қауымға сәттілік тіледі.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button