Бас тақырыпЖаңалықтар

Жерлесіміз – жеңімпаз

Қостанай қаласында өткен Ахмет Байтұрсынов атындағы республикалық байқауда жерлесіміз Динара Қуанбаева топ жарды. Шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетіне қарасты Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған.

Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретіп, мемлекеттік тілдің мерейін асқақтату жолында аянбай еңбек етіп жүрген ұстаздар Тобыл төрінде бас қосты. Еліміздің әр өңірінен 14 маман жиналған. Мақсат айқын. Қазақстан халқы тілдер күні мен Ахмет Байтұрсыновтың туған күні қарсаңында өздерінің біліктіліктерін көрсетіп, кіл жүйрікті анықтау. Ал, ұйымдастырушылардың көздегені оқытушылардың кәсіби тұрғыда тәжірибе алмасуларына мүмкіндік жасау және мемлекеттік тілді оқыту ісіне ынталандыру.

Сайыс үш кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ұстаздар Ахмет Байтұрсынов атындағы университетте ашық сабақ өткізіп, өздерінің кәсіби біліктіліктерін көрсетті. Келесі кезеңде өздерінің электроны әдістемелік құралдарымен таныстырып, қазақ тілін үйретудің заманауи әдіс-тәсілдерін көрсетті. Педагогикалық-психологиялық жағдаяттарға байланысты берілген тапсырмаларды орындады. Қазылар алқасы тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді. Осылайша, сайысқа түсе отырып тәжірибе алмасты, білгенін көрсетіп, білмегенін үйренді.

Екі күнге созылған байқаудың қорытындысында Қарағанды облыстық тілдерді дамыту орталығының оқытушысы Динара Қуанбаева үздік деп танылып, бас жүлдені жеңіп алды.

Қазылар алқасына төрағалық еткен филология ғылымдарының докторы Жандос Смағұловтың айтуынша, бұл байқау ұстаздардың тәжірибесін байытып, әдістемелік қоржынын молайтты.

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button