Жер кодексіндегі өзгеріс

Жер кодексіне жақында енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беру институтын сақтап, одан әрі жетілдіруге бағытталған. Осы өзгерістерді түсіндіруге орай облыстық кәсіпкерлер палатасында ұйымдастырылған дөңгелек үстелге мемлекеттік ұйым, кәсіпкерлер қауымы жиналды. Пікір алмасу барысында кәсіпкерлер көкейтесті сауалдарын жолдап, ойларындағы алаңдарын ортаға салды. Жалпы, мамандардың айтуынша, Жер кодексіндегі өзгерістер және толықтырулар жерді жалға алуды жетілдірген. Мәселен, ауыл шаруашылығы жерлері бұдан былай конкурстық негізде жалға беріледі. Бұл норма ҚР Жер кодексінің жаңа 43-1 бабында реттелген.

Онда мемлекеттік меншіктегі және пайдалануға берілмеген жер учаскелері шаруаға жалға алу құқығымен белгіленген тәртіпте ауыл шаруашылығын жүргізу үшін уақытша жалға алу құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылатыны айтылған. Ал, ол жерлер әкімдіктің қоғамдық кеңес және үкіметтік емес ұйымдармен келісе отырып, бекіткен тізіміне сәйкес беріледі.

Берік ЖҰМАТОВ, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау басқармасының бөлім басшысы:

: – Жер беру әкімдік бекітіп, конкурсқа шығарған, қоғамдық ұйым және үкіметтік емес ұйымдармен келісілген тізімге сай ұсынылады. Бұл тізім жалпы ұйымдардың төртеуінің кем дегенде үшеуі оң шешім берген жағдайда келісілді деп саналады. Конкурстың жариялығын қамтамасыз ету үшін жер комиссиясы құрамына салалық қоғамдық бірлестік, кеңестердің, кәсіпкерлер палатасы өкілдерін қатыстыру қарастырылған.

Жаңа заң бойынша барлық ықтимал қатысушыларға конкурс ашықтығын және тең қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, жаңа тәртіп конкурсты өткізу хабарламасын бұқаралық ақпарат құралдарында және әкімдіктің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялауды қарастыратын болады. Сондай-ақ, ақпараттық стендтерде және ресми сайттарда жариялау үшін бір мезгілде олар облыс көлеміндегі барлық әкімдіктерге жолданады.

Сонымен қатар, өзгерістер жерді тиімді пайдалануға да қатысты болып отыр. Мысалы, берілетін жерлердің ұтымды пайдаланылуын тексеру мақсатында, заң жобасымен тұрақты мониторинг жүргізу қарастырылды: жалға алудың алғашқы 5 жылында – жыл сайын, келесі кезеңдерде суармалы егістікте әрбір 3 жылда, шабындық жерде – әр 5 жылда. Қысқасы, жерді мақсатты пайдалану үшін бақылау күшейеді.

Дөңгелек үстелде кәсіпкерлер қауымы жерді заңсыз басып алу, иемдену секілді жайттарға қатысты мәселелер көтерді. Бұл орайда қадағалаушы мемлекеттік ұйымдар тарапынан қандай да бір алдын алу шараларының кейде орындалмайтындығын да атады. Сөз кезегінде мемлекеттік ұйымдар нақты деректер бойынша тиісті шаралар қабылдайтындығын жеткізді.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

 

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.