Жер басып журген соң…

— Өркениет ұдайы жаңарып, үнемі ілгері дамуды қажет етеді. Біздің мекеме диагностикалық орталықта орналасқан. Ғимарат бүтіндей күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай жан-жақты медициналық қондырғылармен қамтамасыз етілген. Адам ағзасына дәрігерлік бақылау жүргізуге, сырқатты дәл анықтауға мүмкіндік туды. Тіпті, алысқа бармай-ақ, көз дәрігерлері жанарыңыздың көру қабілетін дәл анықтап, себебін тап басып айтып бере алады, сол арқылы емдеу жүргізіледі,– деп бастады әңгімесін І санатты медбибі Алтынай Жанғарашева. 

— Медбибі Алтынай Шайқыстанқызы Балқаш қаласындағы №1 емхананың 7 дәрігерлік бөлімшесінде ұзақ жыл еңбек етіп келеді. Қала ішіндегі жекелеген көшелермен қоса, Рембаза, ескі алаңдағы тұрғындарға дәрігерлік қызмет көрсетеді, үй-үйді аралайды. Өзі бірыңғай балалардың денсаулық күзетінде жүрсе, әріптесі, жас маман Гүлімай Исмағұлова үлкендердің алғысын алып жүр. Сырқаттардың алғысын алу бір ғанибет. Ал, аурудың алдын алып, тұрғындардың әрдайым ортасында болу медбибілердің парызы. Дер кезінде дәрігерлік тексерістен өтіп, денсаулығын бақылап отырған жанның көңіл-күйі көтеріңкі, сергек жүретіндігі шындық. Алтынай Шайқыстанқызы ана мен бала денсаулығының күзетінде өзіндік тәжірибе жинақтап, оны жас мамандармен бөлісе жүреді. Жылдар бойы еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған медбибінің еңбек жолы қалай басталып еді?

***

Ақтоғай ауданының Сарытерек елді мекенінде туып өсті, 1987 жылы осындағы орта мектепті бітіріп, арман қуды. Дәрігерлік институтқа түскісі келді, бірақ, адамның ойлағаны бола бере ме? Келесі жылы Жезқазған қаласындағы дәрігерлік училищенің акушерлік бөліміне түсіп, оны 1990 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Сөйтіп, ақ желең киген жас қыздың еңбек жолы туған ауылында басталып, 1993 жылы Балқаш қаласындағы балалар емханасында жалғасты. — Сарытеректегі емхананы білікті маман, іскер азамат Сердалы Мұхамедиев басқарды. Ағайды ұстаз ретінде қатты бағалаймын. Балқаш қаласында балалар дәрігері Төлеутай Қабдоллақызымен ұзақ жыл қызметтес болдым. Тәжірибелі маманның қалалық жердегі қызметімді тез меңгеріп әкетуге айтарлықтай ықпалы болды. Одан кейінгі Максим Тян, Надир Усмановтар да білікті мамандар. Өмірдің өзі іздену, үйренуден тұрады. Сонау тоқсаныншы жылдардағы дәрігерлік қызмет көрсетуді бүгінгімен салыстыруға мүлде келмейді. Компьютерлік жүйе қызметімізге айтарлықтай өзгеріс әкелді. Жаңа заманның жабдықтары өз бетіңмен оқып, үйренуді қажет етеді, сонымен қатар, арнайы біліміңді көтеріп, тәжірибе жинақтауды, білікті мамандардың ақыл-кеңесіне арқа сүйеуді міндеттейді. Біз осы талап тұрғысынан жұмыс жасап келеміз. Әсіресе, ана мен бала денсаулығының бір қалыпты болуына назар аударамыз,– дейді Алтынай Шайқыстанқызы сөз арасында.

***

Әркімнің отбасы, ошақ қасы бар. Әкесі Шайқыстан, анасы Күләш 11 бала тәрбиелеп өсірді. Қанды майдан жорықтарында ерлік көрсетіп, елге оралған Шайқыстан ақсақалдың кеудесі орден, медальге толы еді. Ұлы Отан соғысы жайлы әңгімені көп айтатын. Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл еңбек етті, өз қолтаңбасын қалдырды. Алланың жазғанына не шара бар, 1985 жылы дүниеден қайтты. Алтын құрсақты анасы Күләш қазір 90 жаста, балашағасының қызығын көріп отыр.

— Адамдармен тіл табысып, өмір жайлы толғанып, денсаулыққа байланысты ой бөлісу еңсеңді көтереді. Өзіңді түсінген жандардың жан дүниесіне одан сайын тереңдеп үңілгің келеді. Әр адам бір-бір тағдыр, тек сырласа біл. Дәрігерлік қызметте жылы сөз бен жақсы қарым-қатынасты басты орынға қоямын. Тіршілік болған соң сырқаттанасың, емделіп, қатарға қосыласың. Ең бастысы, өмірге деген құштарлық, адамдардың бір-біріне деген бауырмалдығы суымаса екен деп тілеймін. Адам ұрпағымен бақытты, әрбір отбасындағы балалар еркін өсіп, тәуелсіз елдің бір-бір кірпіші болып қаланып жатса, ұлы даланың шын қожайыны болса, бабалар арманының орындалғаны осы емес па? Әрине, ол үшін мықты денсаулық керек,– дейді Алтынай Шайқыстанқызы.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,

ҚР Ақпарат саласының үздігі.

БАЛҚАШ қаласы.

Суретте: І санатты медбибі Алтынай Жанғарашев

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.