Жаңалықтар

Жемқорлық жолы қайтсе кесіледі?

Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес қана оны түп тамырымен жоймақ. Бұл – Қарағанды қаласында ұйымдастырылған республикалық семинар-кеңес қозғаған мәселе. Етектен тартқан осынау дертке дауа бар. Ол – «Нұр Отан» партиясының жоба-жоспарында нақты көрініс тапқан. Тек ендігі міндет – соны нәтижелі жүзеге асыру. Республикалық семинардың арқалаған жүгі – осы. Мұнда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес басшылары жемқорлықсыз қоғам құрудың жолын пысықтады.

«Нұр Отан» партиясының XVI Съезінде Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізді одан әрі дамыту үшін «Бес институционалдық реформа» ұсынғаны мәлім. Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуына мүмкіндік туғызатын бұл реформаны іске асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жос­пары қабылданғаны белгілі. Алайда, мемлекеттік аппараттағы, экономика мен әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алмай аталған реформаны жүзеге асыру мүмкін емес.

Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВ, Қа­рағанды облысының әкімі:

Елбасымыз атап көрсеткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғам болып күресуіміз керек. Бүгінгі семинар-кеңестің жұмысы нәтижелі болып, ұтымды ұсыныстар мен пікірлер айтылады деп сенемін.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Республикалық қоғамдық кеңес төрағасының бірінші орынбасары Оралбай Әбдікәрімовтің айтуынша, жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының нәтижесіне өңірлердегі, сондай-ақ, тұтастай алғанда елдегі барлық қоғамдық үдерістерге партиялық ықпалдың болмауы әсер етуде.

Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, Республикалық қоғамдық кеңес төрағасының бірінші орынбасары:

Бағдарлама міндеттерінің ауқым­дылығын түсінбеу, біздің жұмыс­ымызға қоғамның тартылмауы, ең бастысы – формализмнің етек алып, адамдардың мәсе­лелеріне немқұрайлы қарауының салдарынан нәтиже болмай тұр. Содан партиялық жұмыстың ти­ім­ділігі төмендеп барады. Рес­публикамыздағы партиялық ұйым­дарға жемқорлыққа төзбеушілік ахуалды қалыптастыруда және оның көрінісімен емес, салдарымен күресуде жүйелілік, ұстанымдылық жетіспейді.

Осыған орай, жемқорлыққа қарсы мәдениет пен оған қоғамның атымен төзбеушілігін қалыптастыруға ғана емес, сонымен бірге, азаматтық қоғам институттарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға қатысу мүмкіндігін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасының маңызы зор.

Сондықтан, басты міндет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күшін біріктіру, мемлекеттік жобаларды еш кедергісіз жүзеге асыру дейді «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев.

Қаныбек ЖҰМАШЕВ, партия хатшысы:

«Нұр Отан» париясының басты стратегиялық бағыттарының бірі – сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет мәселелері. Сондай-ақ, үйлестіру де аса маңызды. Шын мәнінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бүтін қоғам жұмылдырылып отыр.

«Нұр Отан» партиясы филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестер мен Партиялық бақылау комиссиялары, сондай-ақ, партиялық бақылау бойынша инспекторлар өңірлердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі партияның тиімді құрылымдары.

Семинар-кеңестің қорытынды­сында өңірлердегі Жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестердің, 2015-2025 жылдарға арналған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» бағдарламасы шеңберінде «Жемқорлықсыз ел – гүлденген ел» партиялық жобаны іске асыруда партиялық бақылау комиссия жұмысының тиімділігін қамтамасыз ететін ұсыныстар қарастырылды.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button