Ресми

Жемқорлықты жою – ортақ іс

Сәрсенбі күні «Нұр Отан» партиясының Қарағанды облыстық филиалының ғимаратында «Қарағанды облысының азаматтық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ермек ӘБІЛДИННІҢ төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша азаматтық бастамашылдық конгресі өтті.

Cыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны жүзеге асыру бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау мен бағалауды іске асыру бойынша облыстық, аудан және қалалық арнайы мониторингтік топтардың қатысуымен өткен іс-шарада «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңеcтің төрағасы Жандос Сәрсенов баяндама жасап, жаңа жобалармен таныстырды. Қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық қоғам және үкіметтік емес ұйымдарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жұмылдыруға бағытталған арнайы мониторингтік топ барлық мемлекеттік органдарды, квазимемлекеттік секторды қамти отырып, қоғамдық бақылау жүргізетіндігін атап өтті. Сыбайлас жемқорлықпен күресте қоғам өкілдерінің қатысу маңыздылығын атап, қойылған мақсаттарға жетуде белсенділік танытуға шақырды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша азаматтық бастамашылдық конгресін ұйымдастыру арқылы біз жаңа бастамаларды жүзеге асырып отырмыз. Өткен жылы қабылданған шешімдер оң нәтижесін беруде. Мәселен, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізу кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде атқарылған жұмыстардың арқасында Қарағанды облысында 27 млн. теңге, ал, республика бойынша 450 млн. теңге үнемделген. Әрбір азамат өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитетін қалыптастыру қажет. Ол тәрбие және білімнің арқасында жүзеге асады. Осыған байланысты, жұмыстың маңызды бағыты сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және ағарту болып табылады, – деді Жандос Сәрсенов.

Сонымен қатар, жолға қойылған «Қоғамдық бақылау картасы» жобасының мәні мен тұжырымдамасы қарапайым әрі түсінікті екендігін тілге тиек етті. Жобаның басты мақсаты – жол құрылысы, әлеуметтік объектілердің құрылысы, көгалдандыру және өзге салаларда қоғамдық бақылауды орнату болып табылатындығын атады.

Біріншіден, қоғамдық бақылау картасын қалыптастырудың қарапайым және күрделі емес тәсілдерінің бірі әлеуметтік желілер мен телефон байланысын пайдалану. Осыған сәйкес қоғамдық бақылау картасы ол жалпыға белгілі әлеуметтік желілер мен біздің байланыс орталығымыз, яғни, call-орталық негізінде құрылып отыр. Бұл үшін департаменттің «What’s app» және «Telegram» мессенджерлері мен «В Контакте», «Facebook» және «Instagram» әлеуметтік желілерде аккаунттары құрылды. Сонымен қатар, азаматтар фотосуреттермен бірге бейнематериалдарды да жібере алады. Екінші жолы – қоғамдық бақылау картасын азаматтарға арналған «Qamqor» қосымшасы арқылы жүргізу көзделуде. Үшінші жолы аудандарда құрылған арнайы мониторингтік топтар арқылы жүргізілетін болады, – деді Ж.Сәрсенов.

Арнайы мониторингтік топ мүшелері өз ойларымен бөлісті. Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Бейбіт Жұмабеков сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг ұғымы енгізілгелі істің ілгерілегендігін жеткізді. Жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігіне жүйелі негізде талдау жүргізуге және құқық қолдану тәжірибесіне мүмкіндік беретіндігін сөз етті.

Конгресс барысында үгіт-насихат жұмыстарын халыққа барынша жеткізу мақсатында арнайы мониторингтік тобы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топтың облысымыздың әр ауылына дейін жетуін қамтамасыз ету үшін барлық жағдай қарастырылу керектігі де айтылды.

Айта кетейік, облыс бойынша өткізіліп отырған аталмыш іс-шара мұнымен шектелмейді. Жауапты мамандар алдағы уақытта жемқорлыққа қарсы жұмыстарды күшейтетіндігін айтты.

Нұрдос Кәрім.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button