Жексенбі күнгі жыр додасы

Қазақтың біртуары, халықтың қаһарман ұлы, мемлекет қайраткері Жұмабек ТӘШЕНЕВТІҢ жүлдесіне арналған «Жылдың үздік айтыскер ақыны» додасы дәстүрге айналғанына биыл екінші жыл. Әдеттегідей, қайраткер есімін халық жадында жаңғыртып жүрген ұлттық рухтың байрақты ері – Айтбай ЖҰМАҒҰЛ. Биылғы айтыстың жөні бір басқа. Арқаның марғасқа ақындарынан бөлек, шығыстың шайыры, шындықтың көсемі, алдаспан ақын Ринат ЗАИТОВ жыр додасының басты қонағы болды.

Сөз барымтасы облыстық деңгейде өтті. Арқа ақындар мектебінің жас шайырлары бақ сынады. Атап айтсақ, былтырғы «Жылдың үздік айтыскер ақыны» аламанының жеңімпазы Нұрмұхаммед Байсүгіровпен қатар, Сырым Бейсенбек, Нұрсұлтан Рымбай, Еркеғали Бекболат, Жанарыс Тілеубек, Доскей Ботпай, Әлихан Ерғалиев, Бекарыс Оспанов.

Ал, айтыскерлерге баға беретін қазылар алқасының төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Арқаның аймаңдай ақыны Аманжол Әлтай, облыс әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Ерлан Құсайын, белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Қойлыбай Асан, сондай-ақ, азулы айтыскерлер Төлеген Жаманов, Тілеген Әділов, Мақсат Аханов, Дидар Қамиев және кеш қонағы Ринат Заитов болды.

Жексенбі күнгі жыр додасын тамашалауға келген көрермендердің дені – жастар. Ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін жастардың жырға деген сүйіспеншілігінде деп ұқтық. Ақындардың көсіліп шабуына ықпал тигізетін – жанкүйерлердің қолдауы, қиқуы, қошеметі. Олай болса, айтыстың бүгінгі деңгейінің жоғары болатынын залға лық толған көрермендерден аңғардық.

Ақындар жеребе бойынша жұпталды. Алғашқы айналымда Бекарыс Оспанов пен Еркеғали Бекболат, Әлихан Ерғалиев пен Жанарыс Тілеубек, Сырым Бейсенбек пен Нұрсұлтан Рымбай, Доскей Ботпай мен Нұрмұхаммед Байсүгіров сөз таластырды. Финалда Сырым мен Бекарыс, Нұрсұлтан мен Нұрмұхаммед кездесті. Ақындардың сөз саптасы, әзіл қағытпалары барынша салмақты. Елдің көкейінде жүрген мәселелерді ақтарып салды. Тәуелсіздік пен жаңа жыл мерекесін салыстыра отырып, ел егемендігін сыйлаған күннің ел ішінде аса бір маңызға ие емес екенін дөп басты. Бабалардың қанымен қорғап қалған жерін бүгінгілер заңымен қорғай алмай жүргенін айтып ашынды. Не керек, қазіргі таңдағы қордаланып тұрған мәселелерді жетесіне жеткізді жас дүлдүлдер.

Қазылар шешімі шыққанша Арқа ақындар мектебінің оқушысы Абзал Мақаш жырдан шашу шашып, ел қошеметіне бөленді. Күні бойы тартысқа түскен сөз барымтасының нәтижесі де анықталатын сәт туды. Қазылар шешімі бойынша, III орынды Нұрмұхаммед Байсүгіров місе тұтты. II орын Сырым Бейсенбекке бұйырса, I орынға Бекарыс Оспанов лайық деп танылды. Ал, «Жылдың үздік айтыскер ақыны» атағына Нұрсұлтан Рымбай ие болды. Сонымен қатар, жеңімпазға Дәуренбек Әркеннің қолынан шыққан домбыраны ырымдап ұсынса, айтыстың бас демеушісі, кәсіпкер Сапар Ибкеев құны 110 000 теңге тұратын қолсағатты сыйға тартты. Сондай-ақ, ақын Ринат Заитов, облыстық білім басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев, облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мирас Құттыбай арнайы жүлделерін табыстады. Қазылар алқасының төрағасы Аманжол Әлтай сөз сөйлеп, шараға мұрындық болған Айтбай Жұмағұлға алғысын білдірді. Арқа ақындары кеш қонағы Ринаттан қонақкәде сұрады. Ақын тартынып қалмады. Бүгінгі жас буынға деген ырзашылығын жырына қоса кетті.

Осылайша, жексенбі күнгі Арқа төріндегі сөз барымтасы тәмам. Келесі жылы республикалық деңгейде өтпек бұл дода.  

Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Орталық Қазақстан»