Жедел жәрдем жедел ме?

Басқаны қайдам, көшені басына көтере кетіп бара жатқан жедел жәрдемнің дыбысының өзінен секем алып қалатынмын әуелде. Қазір бұл дыбысқа құлақ та, өзгерген түсіне көз де үйренген сияқты. Маңызды қызметтегі мұндай өзгерістер негізсіз емес дейді мамандар.

Жедел жәрдем көлігі дыбысының қаттылығы туралы талап былтыр Денсаулық сақтау министрлігінің шешімімен қабылданған болатын. Халықаралық стандарттарға сай келсе де, біздің кейбір тұрғындардың наразылығын туғызғаны жасырын емес. Бұл жайлы министрліктің өзіне де өтініштер келіп түскені туралы айтылған еді. Десе де, мұндай белгінің жағымды тұсы басымырақ.

– Біздің қызметімізді реттейтін тиісті бұйрық бар. Біз соны негізге аламыз. Онда жеделдігі бойынша 1, 2 және 3 санаттағы шақыртуларға баратын жедел жәрдем бригадалары шақыртуға барғанша, сондай-ақ, науқасты ауруханаға жатқызатын жағдайда емдеу мекемесіне дейін дабыл белгісін қосу керектігі нақты жазылған, – дейді облыстық жедел жәрдем қызметі станциясының директоры Зульфикар Әбілқасымов.

Дабылын тәулік бойы қосып қоюға құқығы бар болса да, жедел жәрдем де түнгі 23.00-ден кейінгі тыныштық режимін бұзбауға тырысады екен.

– Түнгі уақытта аулаларға және ауруханалардың қабылдау орнына кірерде жүргізуші көлік дыбысын сөндіріп қоюға тырысады. Тұрғындардың мазасын алуды біз де қаламаймыз. Алайда, бағдаршамның қызыл түсінен өту қажеттілігі туындағанда уақытқа қарамастан, жүргізуші жедел жәрдем дыбысын қосуға міндетті,– деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, дыбысы арқылы басқа көліктердің жедел жәрдемге жол беруі артқан. Бұған жедел жәрдем көліктерінің алыстан байқалатын жаңа түске енуі де ықпал еткен көрінеді. Бүгіннің өзінде облыстағы барлық жедел жәрдем көлігінің 90%-ы жаңа түске боялып үлгеріпті.

– Көліктер түсін өзгерту үшін 12 млн. теңге жұмсалды. Қазір жедел жәрдем көлігін өткізіп жіберу жағдайлары жақсарғанын байқаймыз. Сәйкесінше, науқасқа жету мерзімі 30%-ға қысқарды, – деді директор.

 – Көлік ішіндегі адамға жедел жәрдемнің түсінен бұрын дыбысының пайдасы көбірек. Сондықтан, оның дабыл белгісінің қатты болғаны дұрыс, – дейді қала тұрғыны Ғизат Оспанов. – Жүргізуші арнайы көліктің келе жатқанын ерте білсе, жол беруге қамдануға мүмкіндігі көп болады.

Сонымен қатар, 10 млн. теңгеге сатып алынған 100 планшет жедел жәрдем қызметі станциясының жұмысы айтарлықтай жеңілдетуге әсер етіп отыр. Заманауи құрылғы науқас туралы барлық ақпаратты білуге, алдын ала жағдайын бағамдауға, шақырту сипатына қарай тиісті бригаданы жіберуге, диспетчермен хабарласып, аудиожазба жіберуге, тіпті, бейнежазба жасауға да мүмкіндік береді. Алдағы уақытта электрокардиограммаларды жіберу қызметі де іске қосылмақ екен.

Денсаулық саласындағы барлық құжат айналым қарқынды түрде электронды форматқа ауысуда. Бұл ретте құжаттарды электронды түрде жүргізген бригада фельдшерлеріне де, науқастарға да ыңғайлы. Планшетке түрлі ойын-сауық бағдарламалары немесе әлеуметтік желілері қосылмаған. Ал, емделушілер туралы мәліметтер интернеттен оқшауланған. Яғни, жедел жәрдем қызметі жұмыс істейтін автоматтандырылған диспетчерлік ақпараттық жүйе интернетке қосылмаған. Мамандар бұл тұрғыдан алаңдауға еш негіз жоқ деп отыр.

 Алайда, көпшілікті алаңдататын басқа мәселе бар. Қабылданған шараларға қарамастан, жедел жәрдем қызметінің келу уақытына шағымданушылар қатары азаймай тұр. Мамандар бұл мәселені тұрғындардың жедел жәрдем қызметі бригадасының бару жылдамдығы шақырту санатына қарай анықталатынын әлі де болса түсінбеуінен дейді.

 – Өмірге тікелей қауіп төнген жағдайда жедел жәрдем 10 минут ішінде жетеді. Науқастың денсаулығы мен өміріне аса қауіпті емес шақыртуларға бару уақыты 15 минутты құрайды. Іш түйілу, өздігінен кетпейтін жоғары температура, босану, түсік тастау қаупі, балаларда болуы мүмкін шағын күйік немесе үсік жағдайларында жедел жәрдемнің жету уақыты – 30 минут. Аталған үш санат бойынша шақыртуларға жедел жәрдем қызметі станциясы бригадалары барады. Соңғы, 4 санатқа созылмалы аурулардың ушығуынан туындайтын, науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қатер төндірмейтін жағдайлар жатады. Оларға ауруханалар мен емханалардың жедел жәрдем бригадалары барады. Бару уақыты – 60 минутқа дейін, – деді облыстық жедел жәрдем қызметі станциясы директорының орынбасары Юрий Бокач.

Сондай-ақ, ол жедел жәрдем қызметі жоғары температура кезінде бұрынғыдай екпе жасамайтынын да ескертті.

 – Көп адамдар екпе жасауымызды өтініп жатады. Жұмыс жасау тәсілі де қолданылатын дәрі-дәрмек те жыл сайын өзгереді. Тек төтенше жағдайларда немесе тырысқақ ұстамасының алдын алу үшін ғана екпе жасалады. Басқа жағдайдың бәрінде науқас ауруханаға жатуы не болмаса емдеуші дәрігердің нұсқаулығын орындауы керек, – деді ол.

Психологиялық көңіл-күй әсерінен бе әйтеуір, жедел жәрдем келгенде бар қорқыныш артта қалғандай болады. Солар берген дәріден жаны қиналған жақыныңыздың беті бері қарап, құлан таза айығып кететіндей көресіз. Жедел жәрдемнің бұл «құдіреті» барлық науқасқа шипа бола алар ма екен? Дер кезінде көрсетілген алғашқы көмек өмірді сақтап қалудың алғышарты екені рас. Сондықтан да, аталған қызметтегі қандай өзгеріс болмасын өмірді сақтауға жұмыс істесе екен дейміз.

Жансая ОМАРБЕК