Жаңалықтар

Жедел жәрдем көліктері табысталды

Басты байлық – денсаулық. Ол –өмірдің кепілі және негізі. Дәрігерлік жұмыс та көптеген салаға бөлінеді, солардың ішінде, елмен етене араласып, халыққа алғаш боп көмек көрсететіні – жедел жәрдем қызметі. Үлкен жауапкершілікті жүктеп алатын да осы сала иелері. Осы орайда бұл мамандықтағы жұмыс иелерінің барынша жедел қызмет атқаруына облыс әкімдігі үлкен мән беріп отыр.

Биылғы жылға жедел жәрдем көліктерін сатып алу үшін облыстық бюджеттен 126 млн. теңге қаражат бөлініпті. Есеп бойынша бұған 21 бірлік техника алу қажет. Бүгінгі таңда оның 53 млн. теңгесіне 9 жедел жәрдем көлігі сатып алынып, көлік кілттері бірнеше аудан ауруханаларына берілді.

Бұл көліктер енді ауыл тұрғындары үшін қызмет атқарады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы аудандардың медицина саласын жақсарту үшін барынша жағдай жасап отыр. Мәселен, «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақтоғай ауданына жылжымалы дәріхана жіберілген болатын. Бұл ауыл тұрғындарына дәрі-дәрмекті арзан бағада алуға үлкен мүмкіндік екені белгілі. Қазір жемісті жұмыс атқарып жатыр. Ал, жаңадан берілген көліктер Абай, Жаңаарқа, Ақтоғай аудандарына екеуден табысталса, Шет ауданына 3 көлік жөнелтілді.

– Жаңа көліктер қажетті құрылғылармен жабдықталған. Мұнда өкпені жасанды жолмен тыныс алдыру, көпсалалы керуеттер мен флюрография және сәулелі рентген аппараты бар. Бұл науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – дейді Шет аудандық ауруханасының бас дәрігері Алпыс Аманжолов.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button