Басты тақырып

Жеңістің 73-інші көктемі

       9 мамыр – қасиетті күн. Өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың мерекесі.
Бұл күні майдан даласында Ұлы Отан үшін кеудесін оққа тосқан әрбір майдангермен Жеңіс күнін бірге қарсы алу сәті бұйырған ұрпақ – бақытты. Айтылатын тілек – біреу. Ол – соғыстың ешқашан қайталанбауы. Өйткені, ел ұраны – бейбітшілік.
Жалпыхалықтық мерекелерде әрбір ардагерге лайықты құрмет көрсете білетін қарағандылықтар Жеңіс мейрамында Отан үшін от пен оқтың ортасында арпалысқан жауынгерлер рухына тағзым етті. Соғыс ардагерлерін ұлықтады.

Жеңістің 73-ші көктемін облыстың 135 соғыс ардагері және 11 500 тыл еңбеккері қарсы алды. Мейрамда кеншілер шаһарының тұрғындары Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан Сарыарқаның мыңдаған ұлдары мен қыздарын еске алды. «Мәңгілік полк» шеруіне қатысқан ардагерлер ұрпақтарының көбісі көз жасын тыя алмады. 15 мыңға жуық қала тұрғыны Ұлы Отан соғысына қатысқан туыстарының суреттерін алып жүрді. Сөйтіп, майдангерлерге лайықты құрметтің жарқын үлгісін көрсетті. Батыр атасы мен әжесінің суретін ұстаған бүлдіршіндердің санасында Жеңіске жол салған ардагер ерлігі жаңғырып тұрғаны қуантты.
Ұлы Жеңістің 73 жылдығына арналған «Мәңгілік полк» шеруіне қатысқандарға қарт майдангерлермен суретке түсу бақыты бұйырды. Жастар бірлесіп ән шырқап, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
«Мәңгілік полк» шеруін ұйымдас­тырушы Оксана Олжабаева шерудің мақсатын атады.
– «Мәңгілік полк» акциясы қаламызда алғаш 2013 жылы өткізіліп, оған 25 адам қатысқан болатын. Жыл өткен соң, қатысушылар саны 1500 адамға артты. Өткен жылы 15 мыңға жуық қарағандылық шеруде жүріп өтті. Биыл да қатысушылар саны осы шамада, – деді Оксана Олжабаева.
Акция аясында үлкендер өз отбасыларынан соғысқа қатысқандар өмірбаянына тоқталып, сол жылдардағы «Майданнан келген xаттар» жөнінде жастарға айтып берді. Жасөспірімдер үлкендерге патриоттық сәлемдеме жолдады.
Қала тұрғындары «Мәңгілік полк» шеруінен соң «Мәңгілік алау» мемориалының алдында «Батырларды мәңгілік есте сақтау» митингісіне қатысты.
Кеншілер шаһарындағы мерекелік салтанатты шеруде облыс басшылығының өкілдері қаһармандардың рухына тағзым етіп, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.
Аймақ басшысы Ерлан Қошанов ардагерлерді, тыл еңбеккерлерін және қарағандылықтарды мерекемен құттықтады.
– Бүгін біз Ұлы Жеңіс күнін 73-ші рет атап өтіп отырмыз. 1945 жылдың мамыры бізден қаншалықты алыстаған сайын, соғұрлым халқымыздың ерлігін бағалай түсеміз. Бірер минуттар бұрын «Мәңгілік полк» шеруі аяқталды. Жыл сайын шеруге қатысушылар саны да артып келеді.
Әрбір Жеңістің өзіндік келбеті бар. Ол – осында отырған батырлар. Ол – бүгінгі күні арамызда жоқ ардагерлер. Отанымызды қорғауға шыққан біздің аталарымыз бен әкелеріміз. Ол – Сарыарқаның даңқты ұлдары – Нұркен Әбдіров, Мартбек Мамыраев, Владимир Бреусов және тағы да басқалары.
Осы бір мерекелік және салтанатты күні Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, бақыт пен ұзақ ғұмыр тілеймін. Ешкім де, ешқашан да ұмытылмайды, – деді аймақ басшысы.

 

Мәңгілік алау алаңына жиналғандар соғыста қаза тапқан миллиондаған боздақтарды үнсіздікпен еске алды. Отан үшін от пен оқтың ортасында арпалысқан жауынгерлерді, тылда еңбек етіп, жеңісті жақындатқан ардагерлерге тағзым етті.

– Соғыс тарихымыздағы ең үлкен қайғылы оқиға болды әрі бізге шынайы патриотизмнің үлгісін көрсетті. Әр ардагердің өмірі – өз жеріне деген шексіз махаббатының белгісі. Ендігі міндетіміз – батырлар ұрпағының, шынайы патриоттардың лайықты мұрагері болу, – деп атап өтті Ерлан Қошанов.

Еске алу митингінде Ұлы Отан соғысының 91 жастағы ардагері Серафима Пономарева сөз алып,  өскелең ұрпаққа бейбіт әрі тату өмір тіледі.

Серафима ПОНОМАРЕВА, Ұлы Отан соғысының ардагері:

– Барлық қаза болғандар мәңгі есте қалады, ал, тірілерге – мәңгілік құрмет болсын. Барлықтарыңызға денсаулық, бақ-береке, бақыт, амандық тілеймін. Отбасыларыңыз бен жүректеріңізге тыныштық ұяласын. Сіздердің жұбайларыңыз, ұлдарыңыз бен немерелеріңіз әрдайым жандарыңызда болсын. Соғыс болмасын! Ең бастысы – біздің байтақ Қазақстанымызда және үйлерімізде бейбітшілік болсын!

Мерекелік шеруде Қарағанды гарнизонының әскерилері сап түзеді. Сарбаздар ардагерлерге құрмет көрсетті.

Облыс әкімі шеруге қатыса алмаған ардагерлердің үйлеріне арнайы ат басын бұрды. Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордендерінің кавалері, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған Қарағанды қаласының Құрметті азаматы Қаппас Түсіповті  құттықтады.

93 жасар ардагер соғыс басталғанда 16 жаста болғанын айтты. 9 сыныптық білімімен мұғалімдер курсын тәмамдап, майданға кеткен ұстаздардың орнында қызмет атқарған екен. Майданға араласу үшін өз жасына 1,5 жыл қосып жазып, сарбаздар қатарына алынған. Ардагер соғыстан соң шахталарда еңбек етіп, кейін партиялық қызметтерге ауысқанын тілге тиек етті.

Аймақ басшысы Жеңіс саябағындағы шатырдың мерекелік дастарқанында ардагерлермен кездесті.

Кездесу барысында сөз алған Ұлы Отан соғысының 96 жастағы ардагері Бүркіт Есжанов еліміздің гүлденіп келе жатқанын тілге тиек етіп, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктерін атады. Елбасының бастамаларына тоқталды.

Шеруден соң Қарағанды көшелерінің бойымен авто-мото көліктер жүріп өтті. Ардагерлердің ұрпақтары халқымыздың батыр ұл, қыздарының ерлігін Жеңіс туларын көкке желбірету арқылы паш етті. Батырлардың қайсарлығын насихаттар  патриоттық әндерден үзінділер шырқады.

Қаланың Жеңіс саябағындағы мерекелік концерт кешке дейін жалғасты. Майдан даласын еске салатын әскери техникалар қойылған саябаққа қала тұрғындары көп жиналды. Балалар  жорық шатырларындағы солдат ботқасынан дәм татып, мәре-сәре болды. Қаруын  асынған жауынгерлермен естелік суретке түсті. Жергілікті және астаналық өнер ұжымдары ұсынған «Барлығын еске түсірейік» қойылымы әрі ұйымдастырылған фаер-шоу көрерменнің қошеметіне бөленді.

ҚР Ұлттық гвардиясы мен Қарулы Күштері ұжымдарының саптық маршпен ән шырқап өтуі – әскеріміздің рухын  айғақтап, жастарды айрықша патриоттық сезімге бөледі.

Түнгі Қарағандымен серуендеген жастар Ұлы Жеңіс күнінің құрметіне арналған ерекше мерекелік отшашуды тамашалады.

Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар облыстың барлық қалалары мен аудандарында аталып өтті.

Ұлы Жеңіс күнінде облыс халқы Ұлы Отан соғысының жеңімпаздарына, ардагерлерге, жалпы Отанын қорғауда қасық қанын аямаған жандарға осылай құрмет көрсетті. Отанға деген сүйіспеншіліктің мерекесінде бейбіт елдің ұландары әрбір арайлап атқан таңына тәубе етті.

Аяулым СОВЕТ.

Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button