Жеңіске бергісіз жеңіліс

Жексенбі күні қазақстандық Геннадий ГОЛОВКИН мен мексикалық Сауль АЛЬВАРЕС қолғап түйістірді.

Өкінішке қарай, 12 раундқа созылған жекпе-жек мексикалықтың пайдасына шешілді. Головкин өзінің кәсіпқой бокс мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Альварес төрешілер шешімімен – 114:114, 115:113 ұпай санымен жеңіс туын желбіретті. Бұл «Канелоның» мансабындағы 50-ші жеңісі болатын.

Бірақ, қос мықтының арасындағы жекпе-жектің нәтижесі күмәнді болды. Жекпе-жекті көрген жанкүйерлер қазақстандық боксшының жеңіліске ұшырағандығына сенбейді. Тіпті, шаршы алаңдағы шайқасты жүргізген комментатор мен Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев мексикалық боксшы жеңіске жеткенде таңданыстарын жасыра алмады. Себебі, Сауль Альварестың жылдамдығы болмаса, жапырып кеткен ештеңесі жоқ. Расымен де, кәсіпқой бокста 12 жыл жеңіліс көрмеген, 38 кездесу өткізіп, 34-ін уақытынан бұрын аяқтаған, әлемдік басты 4 тұжырымның үшеуінің «WBC», «WBA», «IBF» чемпиондық белбеуін қатар таққан Генаның бұл кездесуін жеңіліске балау орынсыз.Төрешілер аз да болса мексикалық боксшы басымдық танытты деп шешім шығарды. Альварес алғашқы жекпе-жектегідей емес бұл жолы ринг ортасында болды. Жылдамырақ қозғалды. Осыны төрешілер оңтайлы пайдаланғаны анық. Десек те, Альварестың арқанға арқасы бір рет тиді. Ал, Гена болса бірде-бір рет арқанға арқасын тигізбеді. Тең ортада жүріп қолғап түйістіргендігін көзбен көрдік. 4-ші раундта Гена қарсыласын құлатуға шамалы сәттер қалған кезінде байқадық.

 Геннадий Головкин «Yahoo Sports» журналисі Крис Манникске берген сұхбатында жеңілмегендігін жеткізген.

«Бүгінгі жекпе-жекте жеңілдім деп ойламаймын. «Канело» тек төрешілер шешімімен жеңіске жетті. Шайқас өте тамаша өтті. Альварестен асып түстім деген ойдамын», – деді Г.Головкин.

Көп кешікпей «Fightnews» ел назарына жекпе-жектің статистикалық мәліметтерін ұсынды.

Жалпы есепте мексикалық 622 (дәл соққы – 202), ал Геннадий – 879, оның ішінде 234 дәл соққы жасаған. Осыдан-ақ, жеңілді деу себепсіз екендігін бағамдай беруге болады. Рас, әділдіктің туы көтерілмей, жеңіс қолдан сусып кетті. Осылайша, 28 жастағы Сауль Альварес орта салмақта әлемнің жаңа чемпионы болып шыға келді.

Спортта саясаттың салқыны ескені анық. Десек те, кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинді жерлестері әрдайым қолдауға әзір, қолдап та жатыр. Белбеу кеткенімен, бел қалды. Гена мексикалыққа кеткен белбеулердің бәрін қайтарып алар күн туар.

Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»

1 thought on “Жеңіске бергісіз жеңіліс

  1. Өте дұрыс жазылған. Рас айтасыз. Нағыз жеңіске бергісіз жеңіліс.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.