Руханият

Қарағандылық оқушы жеңімпаз атанды

Тумысынан дара, қазақ өлеңінің бөлек құбылысы Мұқағали МАҚАТАЕВТЫҢ мөлдір әрі өміршең поэзиясы бірнеше буынды тәрбиелеп үлгерді. Оның өлеңдерін жұрт сүйіп оқиды. Жуырда Алматы шаһарында мұзбалақ ақын мен оның оқырмандарын одан әрі жақындастыра түсу мақсатында ұйымдастырылған «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты онлайн байқауда қарқаралылық бүлдіршін Азеля МЕЙРАМБЕКОВА жеңімпаз атанды.

Сурет Гүлім Бесжанованың жеке мұрағатынан

Болмысы бөлек шайырдың туған күніне орай ұйымдастырылған шараның өтуіне ұйытқы болған – «Дара бала» шығармашылық орталығы. Бұл орталық көптеген игі шаралардың өтуіне мұрындық болып жүрген алтын көпір іспеттес.

Заман талабына сай, онлайн түрде өткен өнер сайысына еліміздің түпкір-түпкірінен көптеген талапты оқушылар қатысқан.

Ал, жерлесіміз Азелянің бәсі барлығынан басым түсті. Өйткені, жарыс талаптарына сай, ұлттық киіммен ақынның өлеңін нақышына келтіре оқып, ұйымдастырушыларды таң қалдырған. Сөзді дұрыс оқу, екпін қоя білу, дауыс ырғағын сақтау, тыныс белгілеріне орнымен тоқталу және оқыған жырын сезіну сынды міндеттерді жоғары деңгейде орындаған.

Азеля Қарқаралы ауданы, Айнабұлақ ауылы, №31 орта мектебінің мектепалды даярлық сыныбында оқиды. Жетекшісі – Гүлім Бесжанова.

Азеляның бағындырар биіктері әлі алда екеніне сенімдіміз.

Жәлел ШАЛҚАР.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button