Бас тақырыпКоронавирусОблыс әкімі

Жеңіс ҚАСЫМБЕК: “2 сәуірден бастап карантиндік қалаларға кіріп-шығуға тыйым салынады”

Қарағандыда коменданттық сағат енгізілуі мүмкін бе? Коронавирус  облыс аумағына қайдан кірді? Осы және өзге де сұрақтарға аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек  “Saryarqa” телеарнасының студиясында жауап берді. 

Бүгін облыста коронавирустық инфекциямен ауырғандардың жалпы саны 13 адамға жетті. 30 наурызда зертханалық тәсілмен тағы да 6 оқиға расталды. Олар 18 наурызда Минск – Нұр-Сұлтан рейсімен Қарағандыға ұшып келген студенттер. Арнайы рейстің барлық жолаушылары дереу карантинге орналастырылды. Пациенттердің жағдайын дәрігерлер қанағаттанарлық деп бағалайды.

Облыста барлығы 592 адам тәулік бойы дәрігерлердің бақылауында, тағы 514 адам үйлерінде оқшауланған.

– Қарағанды облысының бас санитарлық дәрігерінің өкімі бойынша бүгінгі күннен бастап коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында  бес қалада – Қарағанды, Саран, Шахтинск, Абай және Теміртау қалаларында жекелеген шектеу шаралары бар карантин режимі енгізілді.

Ал 2 сәуір күні сағат 00.00-ден бастап адамдардың аталмыш қалалардың карантиндік аймағына кіріп-шығуына тыйым салынады. Сондай-ақ, 2 сәуір күні сағат 00:00-ден бастап теміржол және автовокзалдардың, әуежайдың (арнайы рейстерді, жүк, пошта тасымалдарын және экипажы ауысатын техникалық тоқтауларды қоспағанда) қызметі уақытша тоқтатылады. Сонымен қатар қоғамдық көліктердің қозғалысы да шектетіледі, – деп хабарлады облыс әкімі.

– Карантин нәтижесінде коменданттық сағат енгізілуі мүмкін бе?

– Мұндай мәселе қарастырылмауда. Ешкім коменданттық сағат енгізуді болжап отырған жоқ.

– Адамдар несие мерзімін кейінге қалдыру және карантин кезінде банкоматтарды толтыру жөнінде көптеген сұрақтар қояды.

– Дұрыс сұрақ. Облыста жұмыс істейтін екінші деңгейдегі банктердің барлық филиалдары осы мәселемен айналысуда. Бұл жұмыстарды Ұлттық банк бақылауда. Біз, жергілікті билік те өз тарапымыздан оны қадағалаймыз. Карантин кезеңінде өсімақы, айыппұл және бұрын берілген несиелер бойынша негізгі қарыз бойынша барлық төлемдерді кейінге қалдыру жоспарлануда. Банкоматтардың толықтырылуына қатысты Ұлттық банк қолма-қол ақшаның тапшылығы болмайтынына кепілдік береді.

– Қарағанды серіктес қалалармен тығыз байланыста. Мүмкін, бір үлкен карантиндік аймақ құру керек пе?

– Біз де дәл осыны айтып отырмыз. Неліктен бес қаланы карантин аймағына кіргіздік? Тағы да қайталаймын, 2 сәуірден бастап бес қала – Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск, Абай шаһарлары кіру және шығу периметрі бойынша жабылады. Осы қалалардың арасында, үлкен еңбек көші-қонын ескере отырып, жол жүруге рұқсат етіледі.

– Коронавирус қайдан келді?

– Коронавирус жұқтырған 10 адам “Минск-Нұр-Сұлтан” авиарейсімен келген. Үш адам – жергілікті тұрғын.
Басқа арнайы рейстерді Қарағандыға қабылдау жоспарланып отырған жоқ.

– Карантин кезінде қанша кәсіпорын жұмыс істемейді?

– Біздің облыста 80 мыңнан астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары бар. Әрине, олардың көпшілігі шектеу шараларын қабылдайды.

– Билік «АрселорМиттал Теміртау» және басқа да өндірістік кәсіпорындардың қызметкерлерін ақысыз демалысқа жібермеуге кепілдік бере ала ма?

– Бұл мәселе бойынша бүгін біз ірі кәсіпорындардың басшыларымен кездестік. Карантин кезеңінде жұмыс орындары мен жалақы сақталады деген келісімге келдік. «АрселорМиттал Теміртаумен» меморандумға әзірше қол қойылған жоқ. Келісім талқылану барысында. Дегенмен компания Үкіметке бұл туралы растама жіберген.

– «АрселорМиттал Теміртаудың» мердігерлік ұйымдары бойынша айтып берсеңіз.

– Жалпы әлемдік экономикалық жағдай. Біздің негізгі экспорттық өнімдерімізге, оның ішінде АМТ өндіретін металдарға баға төмендеді. Сұраныс пен құнның төмендеуі өндіріс көлеміне әсер етеді. Қазір компания өндірісті қолдауға, жалақыға және басқа да төлемдерді өтеу үшін негізгі капиталға салуды жоспарлаған ақшаны бағыттайтын болады.

– Тұрақтандыру қоры мен баға бойынша жағдайды түсіндірсеңіз.

– Кейбір шағын сату нүктелері бағаны негізсіз көтере бастады. Мұны қатаң қадағалаймыз. Қант пен қарақұмықтың бағасы өндірушілер тарапынан өсірілді. Бағаны ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорынан интервенциялар жүргіземіз. Мұндай жұмысты барлық әлеуметтік маңызы бар тауарлар бойынша жүргізетін боламыз. Ондай тауарлардын саны – 19.

– Карантинге алынған көпқабатты үйдің кіреберісін құлыпқа алу қаншалықты заңға сай?

– Сол кезде бірнеше тұрғын үйлерінен шығып, карантин режимін бұзғысы келген. Аудан әкімдігі мен ПИК басшылығы бұлай істемеуі керек еді. Оларға құлыпты алып тастау туралы тиісті тапсырма берілді. Болашақта бұл қайталанбайды.
Онда полиция қызметкерлері кезекшілік етеді. Тұрғындар тәулігіне екі рет медициналық бақылаудан өтеді. Барлық талаптар мен ережелер орындалады.

Сөз соңында аймақ басшысы облыс тұрғындарына үндеу жолдады.
– Тыныштықты сақтауды және белгіленген карантин режимін сақтауды сұраймын. Үйреншікті және қалыпты өмірімізге қайта оралуымыз осы ережелерді қатаң ұстануымызға байланысты болмақ.  Жауапты мемлекеттік органдар жағдайды бақылауда ұстайды, қажетті шаралар жедел түрде қабылдануда, – деді Жеңіс Махмұдұлы.

Басқа материалдар

Back to top button