ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІП ЖҰРТЫНДА қаңбақ қаңғып жүр

Сексен қатпарды қамтитын Қарағанды облысының том-том тарихы кезінде біреуге алақан жайып, бөгдеден бір сабақ жіп сұрамағанын көрсетеді. Бұл – ауыр өнеркәсіптен бастап, жеңіл өнеркәсіпке дейінгі аралық. Аллаға шүкір, сонау бір жылдары ауыр өнеркәсіптің жүгі ауып барып, қайта қалпына түсті. Тірсегі дірілдеп, тұралап қалғаны – жеңіл өнеркәсіп. Үкімет жарықтық аймақтарда шашылып қалған бұл саланың қаңқасын қайта жинап, дем салып-ақ келеді. Алайда, қанша үшкірсе де, құлдыраудан құлан-таза айығып кеткен жоқ. Жеңіл өнеркәсіп сонау жылдардағы қуаттылығына шықпай тұр. Яки, қазақ түгілі Одақты шыттай қылған зауыт-фабрикалар бүтін елді емес, алақандай аймақты киіндіруге қауқарсыз.

Неге?

Қарағанды аймағының жеңіл өнеркәсібі туралы бүгінде аңыз етіп айту ғана тиді еншімізге. Мойындау керек. Дәуірінде дүркіреген жеңіл өнеркәсібінің жұртында бүгінде қаңбақ қаңғып жүр. Қайсыбірі заманға бейімделген болды. Жанданып, жаңа өнімдер шығаруға ұмтылып-ақ келеді. Алайда, тоқсаныншы жылдарға дейінгі Қарағанды облысындағы жеңіл өнеркәсіп орындары шығарған шұлық бұйымдары, аяқ киім, сыртқы және ішкиімдік трикотажы, тігін өнімдерінің бәрі бірдей жоқ осы күні.

Тарихқа үңілсек, бұл салада сол уақытта 14 кәсіпорын болыпты. Қарағанды киім бірлестігі, Абай тігін фабрикасы, спорттық тоқыма бұйымдар шығаратын «Динамо» фабрикасы, шұлық-ұйық, аяқ киім фабрикалары және тағысын тағылар. Бұл – аты дардай азулылары. Содан қалғаны, тек, шұлық-ұйық фабрикасының сарқыншағы, Абай қаласындағы тігін фабрикасының «көзі». Қарағанды аяқ киім фабрикасы да кейінгі уақытта талпынып жүр. Басқасынан тұқым жоқ. 34 млн. жұптан астам шұлық-ұйық бұйымдарын, 3 млн.жұп былғары аяқ киім, 5 млн. данадан астам сырт және ішкиімдік трикотаж шығарған кәсіпорындар жұлыны үзіліп, сол құлағаннан қайта тұрмады. Мысал үшін, Қарағанды аяқ киім фабрикасы. Қалалық мұрағат деректерінде, алғашқыда «Қарағанды аяқ киім» өндірістік бірлестігі кейін «Қарағанды аяқ киім» фабрикасы Жеңіл өнеркәсіп министрлігінің тері-былғары өнеркәсібіне қарасты болғанын айтады. Оның жылдық қуаттылығы – 3 млн. дана аяқ киім екен. Фабриканың цехтарында 2 жарым мың адам еңбек еткен. Алпысыншы жылдардың соңында әрбір үшінші қарағандылық «Қарағанды аяқ киім» фабрикасынан шыққан аяқ киімді киді дейді деректер. Негізінен, Қарағанды аяқ киім фабрикасы көпшілікке арналған бұқаралық аяқ киімдер шығарған. Ерлердің, әйелдердің аяқ киімдері өз тұтынушыларын толық қамтамасыз еткен. Тіпті, Кеңес Одағындағы бірден-бір аяқ киім саласындағы алдыңғы қатарлы фабрика саналған.

Фабрика аяқ киімін бұқара жаппай тұтынған. Бірақ, ол модельдік аяқ киім шығара алмады. Экспериментік цех жұмыс жасағанымен, оның мүмкіндігі модельдік тауар шығаруға жетпегені мәлім. Десек те, фабрикадан шыққан былғары аяқ киімдердің сапасы сол кезеңнің талабына толық жауап берген көрінеді.

Бұл күнгі Қарағанды аяқ киімі атауымен аяқ киімдер шығаратын кәсіпорын бір кездері жылына 3 миллион жұп аяқ киім шығарған фабриканың қуаттылығына жеткен жоқ. Осыдан кейін жеңіл өнеркәсіп жолының жеңілдігіне күмәнмен қарайсыз.

Жер таңдамайтын, ел талғамайтын сала десек те, кенжелеп келеді. Мұны адамнан жасырғанымен, Алладан жасыра алмаймыз. Өткен шақ пен естелік айту ғана бұйырған саланың салдары туралы ойланатын кез әлдеқашан жеткен. Амал не, айтылуы кем емес. Әйткенмен…

Айталық, саланың мамандары тұтыну деңгейі бойынша жеңіл өнеркәсіптің азық-түлік тауарларынан кейін екінші орында екенін атайды. Олай болса, жеңiл өнеркәсiп экономикалық және стратегиялық қауiпсiздiктi, еңбекке қабiлеттi халықты жұмыспен қамтуды және оның өмiр сүру деңгейiн жаңа геосаяси жағдайларға көтерудi қамтамасыз етеді.

Жеңіл өнеркәсіп дегенде, тек көпшілік киетін киім-кешек қана емес, халықтың денсаулығы тұр түп-төркінінде. Есіктен ентелей енген қытай кооперативтерінің тауарлары жұртты дімкәс қылғаны ешкімге құпия емес. Мәселен, әскерге шақырылған 10 бозбаланың жетеуі – майтабан. Төрт сәбидің үшеуі – қышыма. Қазір тынысы тарылып, дем ала алмай, түшкіріп, пысқырған жұрт көп. Бала да, шаға да, қақалып-шашалып жатқаны. Себеп – сан қилы десек те, соның бірі – сапасыз киім-кешекте тұр. Жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, қан қақсап-ақ келеміз. «Ұра берсе, Құдай да өледі» деген кеп қой біздікі.

Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,

«Орталық Қазақстан»

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.