Жазушылар одағында – жаңа төраға

            

Кеше рухани астанамыз Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының кезекті XV Құрылтайы өтіп, одақ Басқармасының жаңа құрамы мен жаңа төрағасы сайланды. Қаламгерлер қауымының екі тізгін-бір шылбыры көрнекті ақын, республикалық «Жұлдыз» журналының Бас редакторы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТКЕ көшті.

Жасыратыны жоқ, соңғы кезде Жазушылар одағының жұмысы зиялы қауым тарапынан өткір сынға ұшырап, рухани орда төңірегінде алып-қашпа әңгіме де гулеп кеткен еді. Жаңа төраға жайында да әртүрлі жорамалдар айтылып, болжамдар жасалған-ды. Кеше осының барлығына нүкте қойылды.
Құрылтай жұмысына ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыс­танбек Мұхамедиұлы қатысып, Ел­­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың құт­тықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы өзінің құттықтау хатында қаламгерлер қауымын XV құрылтайдың ашылуымен құттықтап, құ­рылтай жұмысына сәттілік тіледі.
Кешегі күнге дейін одақ тізгінін нық ұстап келген Нұрлан Оразалин одақтың ширек ғасырлық жұмысына шолу жасап, бұған дейінгі пленумда жасаған төрағалыққа түспейтіндігі туралы мәлімдемесін нақтылады. Ал, қаламгерлер таңдауы Ұлықбек Есдәулетке түсті. Сонымен, төрағалыққа өз кандидатураларын ұсынған 151 үміткердің арасынан басым дауыс жинаған ақын Ұлықбек Есдәулет Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы болып сайланды.
Біздің «Орталықпен» шығармашылық байланысын үзіп көрмеген танымал тұлға, талантты ақын Ұлықбек Есдәулетті жаңа қызметімен құттықтап, кешегі сұңқар Сәкен, құлагер Ілияс, қос Ғабең мен Сәбең, басқа да қабырғалы қаламгерлер басқарған қасиетті қарашаңырақтағы жұмысына табыс тілейміз.

Ерсін Мұсабек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.