Жаужүрек батырлармен үзеңгілес тұлға

Өмірін ел қорғау ісіне арнаған батыр, ерліктерін елі аңыз-әңгімелер түрінде сақтаған тарихи тұлға Арғын Тілен ЖАУЛЫҰЛЫНЫҢ тұлғалық болмысы нағыз біртуар қайраткерлер қатарынан орын алады. Тарих ғылымындағы аса маңызды қағидалардың бірі – «Тұлғаны тану үшін оның өмір сүрген заманын білу керек» деген ұстаным. Тілен батырдың өмір сүрген жылдары белгілі. Олай болса, тұлғаны тереңірек тану үшін оның заманына, яғни, XIX ғасырдағы Қазақ елінің тарихына үңілген жөн.

Тілен батырдың қысқаша өмірдеректері

1822 жылы жарық көрген граф М.Сперанскийдің «Сібір қырғыздарының (қазақтарының) Жарғысы» хандық билікті таратып, дала халқын болыстықтарға жіктеді. Қазақ этносын ғасырлар бойы тұтастандырып келген рулық құрылымның шырқы бұзылып, берекесі кетті. Қазақ жерінде округтер ашылып, бекіністер мен бекеттер салына бастады. Көшпелі халық шұрайлы жайылымдарынан айрылып, өрісі тарылды. Жаз айларында жүздеген шақырым жерді малымен, отбасыларымен көшіп өтетін ауылдардың күнкөрісі төмендеп кетті. Орыс патшалығының озбырлығы мен бассыздығы, алым-салық түрлерінің көбеюі, суы мол, шөбі шүйгін жерлерінің тартып алынуы қарапайым халықты мейлінше ашындырып, бейбіт елдің наразылығын туғызды. Міне, осындай жағдайда патша үкіметі қазақ елінің дербестігін жоятынын бірден сезген Қасым ханның балалары бодандыққа қарсы көтеріліс туын көтерді. 1825-1836 жылдары Саржан мен Есенгелді, 1837-1847 жылдары Кенесары сұлтандар қазақ халқының Ұлт-Азаттық күресін бастаған кезде Арқа өңірін жайлаған ру-тайпалар дүр көтеріліп, атқа қонды.

Арқа өңірін жайлаған ел ішінен өз заманында суырылып шыққан қолбасшы батырлардың бірегейі Тілен Жаулыұлы болды. Әрине, халқының сүйіспеншілігіне бөленіп, батыр деген әрі қасиетті, әрі құрметті атаққа ие болу – ондай азаматтың кім үшін қан төгіп, кімдердің мүддесін қорғағандығына, қандай мақсатпен шыбын жанын шүберекке түйіп, ат үстінен түспегендігіне барып тіреледі.

Ел аузындағы бүгінгі күнге дейін үзілмей жеткен әңгімелерге қарағанда, Тілен батыр 1837-1847 жылдардағы Кенесары көтерілісінің мәні мен мақсатын жан-тәнімен түсініп, одан қолдау-көмегін аямаған адам ретінде белгілі. Ол Арғын-Қуандық тайпасына жататын Қарпық-Тоқа руынан. Батырдың ата-тегі былайша өрбиді: Қарпық – Көзей – Тоқа (Қаратоқа) – Бесім батыр – Айтқожа (Дәулетбике шешейден) – Жаулы – Тілен.

Тілен Жаулыұлы – ормандай Орта жүздің халқына сыртқы жаулардан қорған болған XIX ғасырдағы айбарлы батырларымыздың ішіндегі атақтыларының бірі. Сондықтан да, халқымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің батырлар жайлы: «Ол тірісінде бір танылады, өзі өткен соң кейінгі ұрпақ қадірін біліп, қасиетін таныған сайын тағы танылады. Бір кезде бел көрінсе, келер ұрпақ тарихына: өз тұсында көрсетіп кеткен көмегімен, орнатып кеткен туымен, тастап кеткен үлгісімен, нұсқап кеткен бетімен енді бел ғана емес, биік тұғыр боп, асқар тау болып көрінеді» деп тебірене толғанғаны орынды сияқты.

Кенесары көтерілісінің қаһармандары

1837 жылдың аяғы мен 1838 жылдың бас кезінде Кенесары Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы округтеріне қарасты байтақ даланың әр тұсынан бұрқ-сарқ етіп көтерілген шашыраңқы ереуілдерді біріктіріп, бір арналы, тұтас халықтық қозғалысқа айналдырды.

Кенесары туының астында топтасқан қарулы серіктерінің арасында азаттық соғысының мүддесіне соңына дейін берілген, қанды шайқастарда ерлігімен көзге түскен Үш жүздің батырлары болды. Солардың қатарында:

– 1802 жылы туған Ағыбай Қоңырбайұлы – Кенесары ханның бас батыры дәрежесіне көтерілген қолбасшы. Ол патша әскерімен шайқастарда ұтымды әдіс-айла, тосын тапқырлық қолдануы арқасында әрдайым жеңіске жетіп отырғандықтан «Ақжолтай Ағыбай» атанған;

– Жанайдар Орынбайұлы – Кенесары хан бастаған Ұлт-азаттық көтерілісі кезінде айрықша көзге түскен айтулы батырлардың бірі. 1818 жыл шамасында Ұлытаудың Қорғалжын жақ бетіндегі Терісаққан өзені бойында туған. 1837 жылы осы өңірдегі Арғынның Төртуыл, Қалқаман, Қуандық, Сүйіндік, Тінәлі, Темеш, Қозған, Қақсал тармақтарының жігіттерін жинап, Кенесары жасағына қосылған ол көтерілістің соңына дейін ханмен бірге болған;

– Кенесары хан жасағы сапында ерен ерлігімен айрықша көзге түскен батырлардың ішінде Алтай-Қареке руынан шыққан Таймас Бектасұлы мен Мәнжі Күржікейұлының есімдерін естен шығаруға болмайды;

– Хан небір қиын тапсырмаларға жұмсағанда оларды мүлтіксіз орындап, жеке-дара көрсеткен батырлығына орай Жекебатыр атанған (шын аты – Тілеміс Сарыбасұлы) атақты батырдың Кенесары көтерілісі тарихында өзіндік орны бар;

– Кенесары көтерілісіне Арғын Қуандық тайпасына жататын Бөрші руынан шыққан даңқты ағалы-інілі Базар мен Әлке батырлар да қатысқан;

– Кіші жүздің Табын руынан Жоламан батыр жиені Байтабынды ертіп, Сыр бойынан Бұқарбай, Ұлы жүздің Дулат руынан Бұғыбай сияқты кілең көкжалдар Кенесарының үзеңгілес серіктеріне айналған;

– Орта жүздің Қыпшақ тайпасынан шыққан Иман батыр (Амангелді Имановтың атасы) мен Басығара батыр; Ұлытаудан бастау алатын алпыс төрт салалы Торғайдың Терісбұтақ атты арнасының бойында 1822 жылы дүниеге келген Арғын тайпасының Төлек тармағынан шыққан Жәуке Назарғұлұлы да Кенесары хан жасағының сапында қол бастап, өшпес даңққа бөленген. Сонымен, Кененің соңынан ерген нөкерлердің көбісі Алтай-Қарпық, Бөрші, Темештіктер болды. Кіші жүз, Ұлы жүзден де қайраты бойына сыймай келген атақты батырлар Кенесары қолына қосылып жатты…

Бір сөзбен айтқанда, қазақтың соңғы ханының қоластына Алаштың атақты батырлары бастаған он төрт мың қол жиналды. Олар аттың жақсысын мінді, сауыттың тәуірін киді. Бұлар өздерінің ордасын Алтай-Қарпықтың ортасы Құланөтпеске тікті (Наурызбай Қасымұлы // «Сөз өнері», №10, 2018 жыл, 3-бет).

Тілен батыр өзі туып-өскен Құланөтпесте көтерілісшілерге барлық қолайлы жағдайларды жасады.

Тілен батырдың Ақмола мен Ақтау бекіністерін қиратудағы ерліктері

Кенесары патша әкімдерінің бірнеше бекіністерін (Ақмола, Ақтау, Ортау) қиратқаны белгілі. Ол Ақтау бекінісі мен Ақмола дуанын, даладағы басқа да бекініс-бекеттерді қиратып, қазақтардың жерін қайтарып, оларды бұрынғы Абылай хан заманындағы тыныш күйіне көшіру, яғни, қазақ хандығының тәуелсіздігін қалпына келтіруді армандады. Әсіресе, 1838 жылдың мамыр айында Ақмола қамалын алу жеңісі ел есінде берік сақталған. Академик Рахманқұл Бердібайдің «Аңыздың жалғасы» ғылыми мақаласында және зерттеуші Марат Әпсеметовтің «Ақжолтай Ағыбай батыр» аңыз-әңгіме, өлең-жыр жинағында мынандай сөздер бар: «…қазақ-орыс бастаған патшаның адамдары Кенеге қарсы Ақмоланың күнбатыс жақ шетінен қорған соғыпты. Кененің келуін тосып жатқан таяу елдегі Тілен батырдың 500 әскері Кенеге қосылды. Сансыз қалың әскер Ақмоладағы сұмырайларға садақ тартты…».

Кенесарының қолбасылық көрегендігін, түкті жүрек батырлығын жарқырата көрсеткен аса бір ірі жеңісі – Ақмола қамалын алуы делінеді. Бұл – Арқаның дәл кіндік тұсына қадалған көксүңгі іспетті, зеңбірекпен, карабин мылтықпен қаруланған мықты гарнизон, Қоңырқұлжаның жасағымен бірлесе қорғап тұрған мықты қамалтұғын. Жан-жақтан келетін жолдарға да мықты күзет қойылған-ды. Сөйтсе де, Кенесары 1838 жылдың 25 мамыр күні тіке шабуылмен қамалдың қақпасын қақыратып ашты (Хан Кене: Тарихи толғамдар мен пъеса, дастандар. – Алматы: «Жалын», 1993, 258-бет).

Таң ата басталған шабуылда Кене ханның садақшылары қамалды садақ оғының ұшына байланған, тез тұтанатын майланған шүберекті жағып атқылады. Қамалдың көптеген жерінде өрт шықты. Гарнизондағы солдаттардың бір бөлігі өртті өшіруге ұмтылғанда, Кенесарының Басығара батыр бастаған бір отряды қалаға басып кірді. Қамалға тіке шабуыл кезінде Басығара батыр ерлікпен қаза тапты. Оның отряды гарнизонның тегеурінімен шегіне бастаған кезде, Кенесары Басығараның денесін тастамауды және алынған шептен шегінбеуді бұйырды (Бекмаханов Е. «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында»: Оқу құралы. – Алматы: «Санат», 1994, 239-240-беттер).

Кенесарының ұранымен қанаттанған Тілен, Мәнжі, Иман батырлардың жасақтары қамалға қайтадан басып кірді. Қантөгіс, көше шайқасы басталып, ол табан тірескен түрде ымырт үйірілгенше созылды. Түнде әскери старшын Карбышев пен Қоңырқұлжа кішігірім отрядтарымен қамалдан қашып шықты. Келесі таңда үйінділерге айналған қамал әлі де өрт құшағында жатты.

Ақмоланы талқандаған соң көтерілісшілер Тілен батырдың мекені Құланөтпеске келіп, аттарынан ерлерін алып, киімдерін шешіп, біраз тынығып алды. Содан кейін Ақтауға барды. Жазушы Асан Жұмаділдиннің «Кенесары Ақтау дуанын алғанда» деген әңгімесінде: «…Кенесары қолына Тоқа Тілен батырдың 500 сарбазы қосылады. Тиес батыр бұны құптамапты. Бесімнің тоқалы Дәулетбикеден туған Айтқожа мен Сатыпалдыдан тарайтын Тілен мен Тиес батырдың бірі патшаны, бірі Кенені жақтағаны ғой…» деген жолдар бар.

Кенесары әскерлері табиғи бекіністерді шебер пайдалана білді (қамыс, бұта, төбе, т.б.). Патша отрядтары бәрінен де қазақтардың тұтқиылдан шабуылдауынан қатты сескенді. Жеке қамалдар мен бекіністерге шабуыл жасаған кезінде Кенесары жасағы шашыранды қатармен алға ұмтылып, артынша бәрі қосылып, қамалды жанжағынан қоршаған. Бұл әдіс, әдетте, дұшпанды абыржытып, оның күштерін шашыратуға мәжбүр ететін еді. Мұндай тактиканы Кенесары 1838 жылы Ақмола приказы мен Ақтау қамалына шабуыл жасаған кезінде-ақ кеңінен қолданған болатын. Осындай шайқастардың бірін Ақтау қамалының коменданты, капитан Кастрюрин суреттеген еді: «Өткен маусым айының 22 күні сағат жетілерде бүлікші сұлтан Кенесары Қасымов бастаған 2 мыңға жуық қазақ бекініске шабуыл жасады және олар шашырай шабуылдап, сағат ширегіндей уақыт өткенде бекіністі қоршады» (Бекмаханов Е. «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40 жылдарында»: Оқу құралы. – Алматы: «Санат», 1994, 303-бет).

Кенесарының батырлары Тілен, Жекебатыр және Мәнжі ерекше ерлік көрсетіп, Ақтаудағы бекініп алған, қамал салған орыс жасақтарымен ұрыс салып, оларды тас-талқан етіп жеңді. Ақтау бекінісінің тастан соққан үйлерін құлатты. Өртеп жіберді. Көптеген қару-жарақтар мен әскери тұтқындарды қолға түсірді.

Ақмола приказы мен Ақтау бекінісіндегі шайқастар өте қиян-кескі болды.

Осыдан кейін Кенесары 1838 жылдың жаз және күз айларында жүйелі түрде приказдарға, бекеттерге және разъездерге шабуыл жасап, дұшпанның дайындалған жем-шөптерін жойып, қатынас жолдарын қиратып, партизандық күрес жүргізуді жалғастыра түсті. Ол сатқын сұлтандардың ауылдарын жиі-жиі шапқыншылыққа ұшыратып, шекаралық шеп маңындағы чиновниктер мен тілмаштардың малдарын айдап әкетті және сауда керуендерін қолға түсіріп отырды.

Алайда, 1838 жылдың соңына қарай Кенесарының іс-әрекеті тек партизандық шабуылдарды ұйымдастырумен ғана шектелген жоқ. Ол іс жүзінде бұрыннан армандап жүрген мақсаты – бірлесіп күресу үшін Орта жүз бен Кіші жүз қазақтарын біріктіру ісін қолға алған еді.

Міне, осыдан кейін, Кенесарының осал жау еместігіне Омбы әкімдерінің көзі анық жетті.

Көтерілісшілердің Нұра жеріндегі бекеттерді мазалауы

Нұра жерінің ой-шұңқырын жақсы білетін Тілен батырдың кеңесімен 1838 жылдың жазында Кенесары сарбаздары әрқайсы 10-15 казактан құралған қарулы командалары бар Ақсеңгір, Балықты-Баятар, Бозайғыр, Қушоқы, Шұбаркөл бекеттеріне шабуыл жасады. Қазақ сарбаздары орыс әскеріне ес жиғызбай, таң алдында кенеттен тиіп, казактарды тұтқындап, қару-жарағын олжалап, аттарын айдап әкетіп отырды. Маусым-шілде айларында Кенесары Тіленшат, Сарысу бекеттеріне және Сасықкөл маңындағы казактардың қосынына шабуылдады. 1838 жылы 12 шілдеде алқызыл жалау көтерген 400-дей сарбаз Қушоқы постын қоршап, казактардың 50 жылқысын айдап кеткендігі туралы хорунжий Казин Николай I патшаның өзіне хабарлаған. Сол жылғы 1-5 тамыз күндері 5 офицер, 470 казактан құралған старшина Симоновтың отрядын Кенесары тынымсыз шабуылдап, он пистолет, тоғыз мылтық, он үш қылыш, жеті найза, төрт жүз тоқсан бес мылтық оғы, төрт жүз сексен пистолет оғын және басқа да қару-жарақты қолға түсірген. 6 казакты өлтіріп, 2 урядникті тұтқындаған. Бұл ұрыста 14 казак жараланып, Симоновтың әскері Жақсы Көң өзені мен Шалқар көлінің оңтүстігі бағытымен абыройсыз кейін қайтуға мәжбүр болған (Нұра. Нұра ауданы: Энциклопедия. – Қарағанды: «Болашақ-Баспа», 2014, 41-42-беттер).

Кенесары жігіттері шебер шабандоз болғандықтан, жер жағдайын жақсы білгендіктен қуғыннан жеңіл құтылып кетіп отырған.

1938 жылы Нұра бойындағы Тіленшат бекетінде әуелі есаул Панковтың, кейінірек Карбышевтің 200 казактан, екі офицерден және төрт урядниктен құралған отряды тұрды. Бұл жолы Тілен батыр өз сарбаздарымен Қорғалжын көлінің батыс жағын ала Қушоқы және Бозайғыр бекеттерінің арасынан шыға келіп, Қоңырқұлжа Құдаймендиннің жылқыларын айдап әкетті. Соңына түскен Карбышевтің отрядына жеткізбей, батырдың сарбаздары тәуір аттарға ауысып мініп, Тіленнің туыпөскен Құланөтпесі арқылы Ұлытау жаққа өтіп кетті.

Тілен батырдың 1840-1844 жылдардағы шайқастарда көзге түсуі

Тілен батыр 1840-1844 жылдардағы Өлкейек өзені бойындағы, Ор қамалы бетіндегі Толыбай, Ордақонған жақтағы және Екатерининск станицасына шабуыл кезіндегі шайқастарда батыл қимылдап, айрықша көзге түседі.

Отарлауға қарсы күресте Кенесарының және оның ержүрек батырларының ұрыс даласындағы қомақты жеңістерінің бірі 1844 жылы тамыз айында Екатерининская бекінісіне шабуылы болды. Ол таңғы сағат бесте, шаруалар мен станицаның тұрғындары әлі де дала жұмысына барып үлгермеген сәтте басталды. Казактар станицаға жақын қоныстарда қырағы қарауылдар қойып үлгермеген-ді. Төрт шақырым жерде тұрған күзетшісі бар маяк көтерілісшілердің қалың тобының құйындай шауып келе жатқанын бекініс пен станица тұрғындарына ескертіп үлгермеді. Өршелене қимылдаған көтерілісшілер бекініске тығылып үлгермегендерді, жараланғандардың барлығын тұтқындады. Біраз уақыттан соң бекіністің төңірегіндегі үйлер, қарауыл пикеттерін от шалды. «Қорыққанға қос көрінеді» дегендей, шабуыл кезіндегі қазақтардың тегеурінінен үрейленген, Кенесарының тұтқынынан кейін босаған 42 жастағы урядник А. Романов кейіннен «бүлікшілердің» санын 2000 адамдай мөлшерде белгілеген. Осы оқиғаның мәнісін қортындылауға қарағанда, шабуылдың салдарынан 5 казак қаза болды. 40-тан астам адам тұтқынға түскен, төрт казак отқа жанып кеткен, 2270 бас малдан шабуылдан кейін 39 жылқы ғана қалған. Көтерілісшілердің шабуылдарының жалпы шығынын үкімет 170 000 сом күміс ақша көлемінде анықтаған (Қасымбаев Ж. «Кенесары хан». – Алматы: «Қазақстан», 1993, 76-77-беттер).

Екатерининская станицасын қоршау кезіндегі көтерілісшілердің жұдырықтай жұмыла қимылдауы Кенесары тобының тамаша жеңісіне жағдай жасады. Бұл арада айта кететін бір жағдай Екатерининская станицасы түбіндегі шайқастың сабақтарын Кенесары 1838 жылы көктемде Ақмола бекінісіне жасаған атақты шабуылында ескерген болуы керек.

Тілен батырдың ұлағат дарыған ұрпақтары

«Тоқа руының шежіресі» атты белгілі жинақтың 169-бетінде мынадай деректер ұсынылған: «Тіленнен – Сәтен (Алтын) шешейден: Әтембек, Атабай Әтіби, Болтай, Маман, Елшібай, Шымыр, Жарас; Тұрымтай шешейден: Қараша, Қанай, Қойсоймас, Өзбек, Есенаман; Мәукеш шешейден: Бәйті, Нысан, Сәрби (Сәрібай), Ноғайбай».

Ғалымжан Мұқатов шежіресінде Тілен батырды Тоқаның өзінен тіке таратып 14 ұлын атайды, олар: Әтембек, Сатыбай, Атшы, Маман, Бозбай (Болтай), Жақан (Жарас), Шымыр, Сембі, Батыр, Қараша, Мұсан, Кәрбай, Байтыл (Бәйті), Ноғайбай. Шындығында Тіленде 17 ұл болып, ұрпақ тараған. Оның бәйбішесінен – 8 ұл, ортаншы әйелінен – 5, тоқалынан – 4 ұл. Олардың көпшілігі қазіргі кезде Қарағанды облысының Нұра және Жаңаарқа аудандарында тұрады.

Тілен Жаулыұлынан тарап, еліне тұтқа болған, халқына қадірі артқан елеулі тұлғаларды тізбелегенде қарт шежірешілер, тарихшылар, зерттеушілер бірқатар азаматтарды айрықша бөліп көрсетеді. Олардың қатарында Тінәлі-Қарпық болысы, Майлы-Жаулы бөлімшесінің биі Маман Тіленұлы, оның баласы, Майлы-Жаулы бөлімшесінің старшыны Мәлтік, 1916 жылғы ұлт-азаттық күресіне бас болғандардың бірі Әлсен қажы Шөшімұлы, жазушы-аудармашы, ғалым, Сәкен Сейфуллиннің ықпалында болып, ғұмырының ұзақ жылдары айдауда өткен Сәйділ Талжанов, Ұлы Отан соғысына қатысушы, Даңқ орденінің толық кавалері Мүтәш Сүлейменов, даңқты механизатор, Социалистік Еңбек Ері Нұркен Айтуғанов, белгілі заңгер, ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері Зада Қажыбеков, генерал, ҚР прокуратурасының құрметті қызметкері Асқар Секишев және басқа да көптеген танымал тұлғалар бар.

Тілен батырдың ұрпақтарының арасынан біршама көрнекті ғалымдар да шыққанын айта кеткен жөн. Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған Б.Мамраев, белгілі хирург, травматолог, медицина ғылымдарының докторы Ө.Мәдікенов, профессор, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ЖОО-ның үздік оқытушысы, мемлекеттік грант иегері, Нұра ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденімен марапатталған Қ.Бекішев және тау-кен маманы, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Т.Исабек – осы санаттағы елдің дамуына еңбегін сіңірген азаматтар.

Қайыржан БЕКІШЕВ,

ҚарМУ-дың профессоры, академик,

«Құрмет» орденінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Нұра ауданының құрметті азаматы.

Рашит КАРЕНОВ,

экономика ғылымдарының докторы,

профессор,

Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі,

ҚарМУ-дың еңбек сіңірген қызметкері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері.