ЖАУАПКЕРШІЛІКТІҢ ЖҮГІ АУЫР

    Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті ғалым, әрі ұлағатты ұстаз Сұлтан Қапарұлы  ДОСМАҒАМБЕТОВТІҢ арамыздан озғанына да жыл толды. Амал қанша? Дегенмен, қамшының сабындай ғана өмірде мен үшін үлкен мақтаныш – Сұлтекеңдей аптал азаматпен қатар жүріп, таныстығымыз жарасып, қызметтестігіміз келіскен шуақты күндер еді.

 

Меніңше, Сұлтан Қапарұлы азаматқа лайық абыройлы ғұмыр кешті. Үлгілі ұрпақ өсіріп, шығармашыл шәкірт тәрбиеледі. Елу жылдан астам елге қызмет ету дегеніңіз – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қасиет қой. Соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ауыл мектебінде ұстаздық етіп бастап, мемлекет және саяси қайраткер, білікті басшы, ғалым, ҚР әлеуметтік ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, «Еуразия» Халықаралық экономикалық академиясының академигі, Республикамыздың халық ағарту ісінің құрметті қызметкері дәрежесіне көтерілген көрнекті еңбек жолының өзі неге тұрады?

Сұлтан Қапарұлы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келіп, Алматы қаласында білімін ұштады. Алайда, ғұмырының басым бөлігін – Орталық Қазақстанда еңбек етуге арнады. Осы аймаққа еткен еңбегі еленіп, Қарағанды қаласы мен Қарағанды облысының Құрметті азаматы атанды.

Әр жылдары кейіпкеріміз оқытушы, қазір Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті деп аталатын Қарағанды тау-кен институтында кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. Жылдар өте келе, оның шығармашылық ойлау өрісі мен алға қойған мақсаттарды шешу жолдары – мемлекеттік қызметте жұмыс жасауының негізгі принциптеріне, өзіндік нақышына айналды.

1963 жылы ол партияның Қарағандыдағы облыстық комитетіне хатшы, кейін, екінші хатшы болып сайланса, 1969-1982 жылдары Қарағанды облыстық атқару комитетін басқарды. Сәулелі сөзге сараң сөйлемнің, жалаң өмірбаянның астарында кейіпкеріміздің жан-жақты, тиімділігі жоғары қызмет жылдары жатқанын біреу білсе, біреу біле бермейді.  Музыкалық комедия театры, цирк, неміс драма театры, «Октябрьский» спорт сарайы, жеңіл атлетика манежі – Сұлтан Қапарұлының бастамасы бойынша Қарағандыда бой көтреген және ашылған мәдени нысандар.

Оның белсенді ат салысуымен аймақтың ғылыми-білім беру инфрақұрылымы құрылды. Атап айтсақ, ІІМ жоғары мектебі, Қарағанды мемлекеттік университеті (Қазақстандағы екінші мемлекеттік университет), дене тәрбиесі педагогикалық инситуты және тағы басқалар.

Сұлтан Қапарұлы өзі өмір сүрген дәуірден әлдеқайда алда жүрді. Аймақ базасына мемлекеттік экономиканы басқарудың ғылыми принциптері мен әлемнің үздік тәжірибелерін енгізді. Бұған дәлел – сол жылдардағы Қарағанды көмір бассейнінің,  Теміртаудағы металлургия комбинатының, Қарағанды облысы ауыл шаруашылығының қарыштап дамуы.

Сұлтан Қапарұлы соңында экономика, педагогика және құқық салалары бойынша 200-ден астам ғылыми еңбек қалдырды. Оның әрқайсы – кәсіби, нақты, әрі, құрылымды ғылыми туындылар. Кейіпкеріміздің «Орталық Қазақстан: оқиғалар және адамдар» (2001 жыл), «Орталық Қазақстан: табиғат және табиғи ресурстар, оқиғалар және адамдар, реформалар және даму» (2003 жыл) атты зерттеу кітаптарын – сол жылдардағы Қарағанды облысының толыққанды энциклопедиясы деуге тұрарлық.

1982 жылы Сұлтан Қапарұлы Қарағанды педагогикалық институтының ректоры болып бекітілді. Бұл да ғалым ғұмырындағы айшықты оқиғалардың бірі еді. Бұл жылдары аймағымыз педагог мамандарға тапшы болатын. Сөйтіп, мемлекет басшысы жаңадан жоғары оқу орнын құруды нақ осы – Сұлтан Қапарұлына сеніп тапсырды. Кейіпкеріміз абдырап жатпады. Еті тірі, іске берік азамат аз уақыт аралығында алға қойған мақсатқа қол жеткізді.

Сұлтан Қапарұлының Қазақстандағы өкілетті билік институтын қалыптастыруға қатысуы – оның еңбек жолындағы тағы бір жарқын сәттері еді. 1997-1999 жылдар аралығында ол Қарағанды облысы мәслихатының хатшысы болды. Бұл жылдары елімізде жергілікті биліктің қызмет жүйесін реформалаудың аса бір ауыр үдерісі жүріп жатқан еді. Алғашқы депутаттарға тарихи міндетті (еш әсірелеусіз) орындауға тура келді. Яғни, маңдайшадағы «совет» жазуын «мәслихат» деп өзгертіп қана қоймай, өкілетті биліктің атқарушы билікпен, халықпен өзара қызмет жасауының қалыбы мен тәсілін түбегейлі өзгерту қажет еді.

Бұл міндет Сұлтан Қапарұлына екі есе ауыр тиді. Себебі, оған Қарағанды облыстық мәслихатын Жезқазған облыстық мәслихатымен біріккеннен кейін басқару жүктелді. Сөйтіп, республикада өкілетті билікті қалыптастырудың алғашқы кезеңдеріндегі қиындықтарымен қатар, оған ел құрылымындағы әкімшілік-аумақтық өзгерістермен бетпе-бет келуге тура келді. Міне, сол тұста, Сұлтан Қапарұлының бойындағы мол тәжірибе мен еңбекқорлықпен кез келген адаммен тіл табыса білді.

Кейіпкеріміздің айтуынша, өмірдегі оның ең үлкен бақыты – Елбасымен әрі қызметтес әрі жақсы қарым-қатынаста болғандығы. 2016 жылдың ақпан айындағы ғылыми-ізденіс экспедициясы барысында Тұңғыш Президент Кітапханасы қызметкеріне берген соңғы сұхбаттарының бірінде, Сұлтан Қапарұлы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен қоян-қолтық еңбек еткен жылдарын сағынышпен еске алады. Өз сөзінде, кейіпкеріміз елімізде, не болмаса шет елдерде Президентімізбен теңдесе алатын тұлғаны кезіктірмегенін ерекше атап өтеді. Тіпті, Елбасы феноменін жүйелі және ғылыми тұрғыда зерттеу қажеттігін алға тартады.

Сұлтан Қапарұлы лайықты еңбек демалысына шыққан соң да, қоғам белсендісі ретінде толайым тер төгіп,  «Құқықтық Қазақстан» атты республикалық азаматтық қозғалыстың облыстық филиалында кеңес төрағасы болды.

Сұлтан Қапарұлы үшін мемлекетке қызмет ету – ең алдымен халық алдында жауапкершілік жүгін арқалау еді. Сол қағида біз үшін де рухани мұра болмақ. Еліне бола туған есіл азаматтың есімі де жадымыздан өшпек емес. Мәңгі жарық, мәңгі алып қалпында қала бермек.

 

Бейсембай ЖҰМАБЕКОВ,

«Қазақстан Республикасының

Тұңғыш Президенті –

Елбасының кітапханасы» ММ

атқарушы директоры.

СУРЕТТЕ: қазақ баспасөзінің наркескені Н.Оразбековпен.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.