Бас тақырып

Жатақхана: кәсіпкерге – мүмкіндік, студентке – жайлы орын

Бизнестің беделі әлеуметтің әл-ауқатына тікелей байланысты. Талабы таудай кәсіпкер білекті сыбана іске кіріскенімен, тұтынушы болмаса, кәсібінің тасы өрге домалайтыны – күмәнді. Осы тұста кәсіпкерлік үшін мемлекеттік қолдау саясаты аса маңызды екеніне көз жеткізуге болады. Бұған дейін кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы облысымызда әртүрлі әлеуметтік нысандар, атап айтқанда, балабақша, медицина нысандары салынып, пайдалануға берілді. Ендігі кезекте – студенттерге арналған жатақхана салу. Осы мақсатта мүдделі инвесторларды іздеу және оны салу механизмдерін түсіндіру мақсатында Білім және ғылым Министрлігі «Қаржы орталығы» АҚ менеджері Олжас Байғожин облыс кәсіпкерлерімен кездесті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бес әлеуметтік бастамасының үшінші – «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бастамасында 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жатақхана салуды тапсырған болатын. Бұл – алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешпек.

Ресми деректер Қарағанды облысындағы үш жоғары оқу орны студенттеріне жатақханаларда 1,5 мыңнан астам орын жетіспейтінін көрсеткен. Елбасының Үшінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру шеңберінде 2022 жылдың соңына дейін 2 ЖОО және 1 колледж үшін 3 жатақхана салу жоспарланған.

Олжас Байғожиннің айтуынша, жатақхана салатын немесе нысанды қайта құрылымдайтын кәсіпкерлердің шығындары жатақханаларда студенттерді, магистранттарды және докторанттрады орынмен қамтамасыз етуге бағытталатын мемлекеттік тапсырыс негізінде өтелетін болады. Аталған механизмнің операторы – «Қаржы орталығы» АҚ.

Мәселен, жатақхана салуға мүдделі кәсіпкер тапсырыс берген соң, құрылыс жобасы қарастырылады. Құжаттар дұрыс болса, инвестормен, болмаса жеке кәсіпкермен алдын ала келісім-шарт жасалады. Яғни, кәсіпкер өз қаражаты есебінен құрылыс жұмыстарын жүргізіп, дайын жатақхананы пайдалануға береді. Содан кейін, студенттердің нақты көлеміне қарай, мемлекеттік тапсырысқа ие болады.

Егер жатақхана нысаны жаңадан тұрғызылса – мемлекеттік тапсырыс көлемі бір студентке жылына 122 АЕК, яғни, 318 786 теңге, ал, егер қайта құрылымдалса – 47 АЕК, яғни, 122 811 теңге, – дейді О.Байғожин.

Кәсіпкердің жекеменшігінде болатын жатақхананы мемлекеттің жалға алу мерізімі – 20 жыл. Осы мерзім аралығында ғимараттың нысаналы мақсатын өзгертуге тыйым салынады. Сондай-ақ, ғимарат иесі орын құнын да өзі белгілейді. Одан бөлек, қосымша көрсетілетін қызметтерден түсетін кіріс көзі тағы бар. Мәселен, ғимараттың бірінші қабатында шаштараз, буфет, тренажер залдарын ұйымдастыруға тыйым салынбайды. Олжас Байғожиннің айтуынша, студенттер жатақханасынан мемлекеттік тапсырыс пен қосымша коммерциялық қызметтер арқылы үш жұлдызды қонақ үйдің кірісінен екі есе артық табыс табуға болады.

Кәсіпкерлерге сонымен қатар, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясындағы қолдау механизмдері де түсіндірілді. Яғни, аталмыш бағдарлама шеңберінде жатақхана құрылысын салатын немесе қайта құрылымдайтын жобалар механизмі әзірленген. Біріншіден, кәсіпкер бағдарламаға қатысатын 6 банктің біреуінен 15 пайыздық мөлшерлемемен несие ала алады. Оның 8 пайызы – белгіленген мөлшерлеме. Кәсіпкер төлейтін айырманы мемлекет субсидиялайды. Бірақ, бұл нақты мөлшер емес. «Даму» КДҚ АҚ өңірлік филиалы директорының орынбасары Гүлнар Сүйіндікованың айтуынша, пайыздық мөлшерлеме кәсіпкер үшін 6 пайызға төмендеуі де мүмкін. Екіншіден, банктен несие алуға кепілзаты жеткіліксіз болғандар «Даму» қорының көмегіне жүгіне алады. Яғни, бағдарлама бойынша 3 миллиард теңгеге дейін жобаларға несиенің 50 пайызына қор кепілдік береді. Егер жоба құны 3 миллион теңгеден жоғары болса, кепіл несие мерзімінің 20 пайызын ғана құрайды.

Гүлнар Сүйіндікова жатақхана салғысы келген кәсіпкерлерге қапы қалмау керектігін де айтты. Мәселен, бағдарламаға барлығы 600 миллиард теңге бөлінген. Қаржы шектеулі әрі облыстарға нақтыланып, бөлінбейді. Аталған соманы өзге облыстар игеріп кетер болса, жоғарыда айтқан 1,5 мың студент жатақханасыз қалуы мүмкін.

Басқа материалдар

Back to top button