Жат ағымдармен күрес жандануы тиіс

Жақында Қарағандыда «Радикалдарға теологиялық әсер ету әдістері» тақырыбында облыстық семинар өтті.

«Ислам салғырт қарайтын дін емес», «Экстремистер сананы улап, қоғамды бүлдіреді». Бұл теолог Асқар Сабдиннің жиі айтатын пікірі. Терроризмді ХХІ ғасырдың обасына балаған дінтанушы «Тұрақтылыққа, шын мәнінде, сол радикалдар көп нұқсан келтіреді», – дейді. Бүгінде «Пікір» діндерді қолданбалы зерттеу орталығының директоры қызметіндегі Асқар Сабдин осы бір күрделі құрылымның астарына үңіліп, мәселенің шығу тегін зерделеп жүрген мамандардың бірі және бірегейі. Сан жылғы зерттеу жұмыстарымен қоса, жат ағымның жетегінде кеткендермен тікелей сұхбаттасып жүрген теолог білген-түйгенін аймақтардағы әріптестерімен бөлісуді жөн санады. Осы мақсатта облыстың дін істері басқармасы және «Қазақстанның болашағы үшін» жастар қозғалысы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен Қарағанды қаласында Асқар Сабдиннің бір күндік оқыту семинары өтті. Қарағанды демекші, біздің облыс діни ахуал тұрғысынан республика бойынша алдыңғы бес аймақтың қатарында екен.

Семинарға облысымыздың ауданқалаларынан келген имамдар, теологтар, ішкі саясат бөлімдерінің өкілдері және құқық қорғау саласының қызметкерлері қатысты. Облыстың дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Рахметуллаұлының кіріспе сөзінен кейін семинар тізгінін қолға алған Асқар Сабдин бірден тақырыпқа сай сөз қозғады.

Алдымен Асқар Қалымжанұлы әсіре діншілдердің бетін бері қаратуды қалай бастау негіздерінен бірнеше әдіс-тәсілдерін көрсетті.

  • Радикалдардың бетін қайтару, иландыру дегеннен аулақ болу керек. Біздің мақсат – тек дүниетанымын, ой өрісін кеңейту. Бұл екеуі – екі бөлек дүние. Біз адасушыға шынайы діни білімнің деңгейін көрсету үшін жұмыс істейміз. Яғни, өз деңгейлерін көру үшін біз оларға «айна» қызметін көрсетеміз. Сондықтан, темір тордың арғы жағында айыбын өтеп жүрген әр террористпен жүздескен кезде, алдымен, Құран Кәрімді оқуды талап етемін. Әдетте, әрқайсысының Құран сүрелерін білуі шала-шарпы, білім деңгейі қанағаттанарлық емес. Сонымен бірге, тажвид, ақида, фикх пен тәпсірді сұраймын. Терроризмге айыпталғандардың 99 пайызы білімсіздер санатына жатады. Өкінішке қарай, ақыл-есі уланған радикалдардың санасына «Сендер білімділер қатарындасыңдар. Құран мен Пайғамбар (с.ғ.с) сүннетінен өздігіңнен білім алуға мүмкіндіктерің бар. Себебі, ол – қиын «арифметика» емес» деген жалған ұғымды сіңіріп тастаған. Құран 600 жүз бет болса, бұл радикалдар соның 1 пайызын да білмейді, – дейді теолог.

Шынымен де, семинар барысында көрсетілген бейнероликтерде сұхбаттасқан түзету мекемелеріндегі тероризм фактісі бойынша жазасын өтеушілердің 90 пайызы 5-6 сүреден артық білмейтіндігі, оқыған кітаптары мен тыңдаған уағыздары Қазақстанда тыйым салынған дүниелер екендігі анықталды.

Осы тұста көпшілік тарапынан «әсіредіншілдер немесе жат ағым жетегіндегілерге дұрыс жолды көрсету үшін қанша уақыт кетеді?» деген сұрақ туындауы мүмкін. Бұл тұрғыда теолог «Ол үшін бір немесе он кездесу жеткілікті» деп үзілді-кесілді айтуға болмайды дейді. «Өкінішке қарай, оңалтуға жарамайтын адамдар кездеседі. Бұл айыпталған адамның ішкі дүниесінің ерекшелігіне, психологиялық қиындықтарға, мінезіне байланысты. Кездесу мен тілдесуге дайын емес адамдарды уағыз айтып мазаламай, қажетті кітаптарды ұстатып кетеміз. Мысалы, Ақтөбе облысында жұмыс жасап жүрген кезеңде жазасын өтеп жүрген бір адам кездесті. Қаншама жүргізіліп жатқан ағартушылық пен оңалту жұмыстарына қарамастан, әлі күнге өз ойынан айнымайды. Ал, негізінен терроризм айыбымен сотталғандардың 80 пайызы ашық сөйлесуге дайын», – дейді дінтанушы.

Бүгінгі қоғамдағы ахуалды тік және көлденең жүйелермен бөліп көрсеткен Асқар Сабдин жат ағымдағыларды көлденең, ал, дәстүрлі жолмен жүретін қоғамды тік бағытқа жатқызады. Себебі, қалыпты қоғамда төменнен жоғары қарай көтерілетін субардинациялық сатылар бар. Баласы әкесіне, әкесі атасына бағыну, кіші үлкенді сыйлау сияқты сатылық тәртіп. Ал, жат ағымдағыларда ондай сатылар жоқ. Олар, тек, көлденең бағытты ғана көреді. Өздері би, өздері қожа. Өздерінен басқалар – «кафир». Тіпті, ата-ана, бауырлары да. Қоғамдағы осы бір дағдарыстан арылу үшін Асқар Сабдин: «Кез келген жүйе тік ереже соңынан еруі керек. Мысалы, отбасын алып қаралық. Кез келген өнегелі отбасында бала әкеге бағынады, тілін алады. Бұл қоғамға да қатысты. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Үлкенін қадірлемеген – бізден емес» деген екен. Бірақ, қазір аталмыш тәртіп бұзылған, бәрі де көлденең сипат алған. Айнала ахилер мен ухтилерге (бауыр-қарындасқа) толып кетті. Сол сияқты, дін ғалымы атанып жүргендер де көп. Құранда: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» деген аят бар. Яғни, ислами білімі де бір тік жүйе. Ал, бүгінгілер «басты білімді Пайғамбар (с.ғ.с) серіктері сусындаған қайнардан, яғни, Құран мен хадистерден алыңдар» дейді. Құранды өз тілінде оқи алмайтын, білімі таяз жастарды дінді осындай тіке түсіну жолына түсірген. Сондықтан тобыр өзін ғалымдармен деңгейлес сезініп, сахабаларды – Омар, Әбу Бәкір, Осман, Әбу Ханифа, Мүслім, Бұхари және басқаларды өздерімен деңгейлес санайды. Жастар жалған бостандыққа ұрынды. Шейхсымақтар оларға діннен қалағанын алып, қаламағанын лақтырып тастауға құқық берді. Бірақ, исламда ондай салғырттық болмайды. Сондықтан, тобыршы охлократтар діндарларға билігін тоқтатпаса, кішісі үлкеніне, баласы әкесіне, білмегені білгеніне бағынатын тәртіп қайтып келмесе, көлденең формат дүрбелең тудыруын тыймайды», – дейді.

Қазақстандағы діни ахуал тұрақты. Қарапайым халықтың пікірі осыған саяды. Әрине, Таяу Шығыс пен Мысыр елдеріндегі оқиғаларға қарап, еріксіз «шүкір» деген сөзді айта бергің келеді. Бірақ, тұрақтылық тұғыры шайқалып тұрған Орта Азиядағы кейбір елдердегі діни ахуалдың соңы саяси төңкеріске алып келе жатқанын ақпарат құралдарынан көз көріп, құлақ естіп жүр. Сирия, Ливия, Ирак, Ауғанстанның берекесін қашырған радикалдар бүгін-ертең нысанаға Қазақстанды алуы әбден мүмкін. Сол идеологияның жарықшақтары 90-жылдардан бері қарай бізде де көрініс тауып келеді. Алысқа ұзамай Ақтөбе мен Алматыдағы лаңкестік әрекеттерді мысалға келтіруге болады. Демек, қауіп бар. «Салдармен күрескенше шығу себептеріне назар аударып, алдын алу керек», – дейді мамандар. Арамшөпті бел ортадан үзсең, қайта шығары сияқты, күресті сол тамырдан бастау керек екендігі күмәнсіз.

Жанайдар МАЙКЕН,

журналист.

Комментарии:

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.