Қарқаралы

ЖАТ АҒЫМДАРҒА – ТОСҚАУЫЛ

Дәстүрлі дінімізді сан тарауға бөліп, теріс пиғылды іс-әрекеттерді жүзеге асырып жатқан діни ағымдарға тосқауыл қою мақсатында Қарқаралы ауданында толағай жұмыстар атқарылуда. Бұл ретте аудандағы жастар ресурстық орталығы жанынан ашылған конфессияаралық қатынастар мәселелерін зерттеу және талдау секторы бірталай шаруаның басын қайырды.

Аталған сектор мамандары діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, аудандағы елді мекендерді аралады. Егіндібұлақ, Мәди, Тәттімбет, Нұрмақов, Абай, Шарықты, Қаракөл, Балқантау, Темірші, Томар, Бақты, Қайнарбұлақ, Нұркен, Жаңатоған ауылдарында тұрғындармен «Діни экстремизм мен терроризмнің профилактикасы және деструктивті діни ағымдардың қызметі» тақырыбында кездесулер өткізді. Ақпараттық-түсіндірме тобының мүшесі Е.Ілдебаев, аудандық Құнанбай қажы мешітінің бас имамы А.Қуатбеков, «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестігінің дінтанушы мамандары – Ж.Хушкелдиев, А.Абдрашов дәріскер ретінде жұртқа жат ағымдар жайында түсінік берді.

Кездесулер барысында, зайырлылық қағидаттарын, дін саласындағы мемлекеттік саясат және дәстүрлі құндылықтарды түсіндіру, діни экстремизмнің алдын алу, радикалдық идеяларға қарсы иммунитетті қалыптастыру, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстаның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауындағы діни экстремизмді насихаттаудың алдын алу, интернет пен әлеуметтік желіде оның жолын кесу жұмыстарын жүргізу, қазіргі қоғамда, әсіресе, діни қарым-қатынас са­ласындағы радикалды көзқарасқа байланысты кез келген әрекетке төзімсіздікті қалыптастыру керектігі туралы жан-жақты түсіндіріліп өтті.

Аталмыш іс-шаралардың бас­ты мақсаты – жастардың діни сауаттылығын арттыру, адамгершілік-рухани құндылықтарын, қазақ халқының салт-дәстүрін түсіндіру арқылы экстремизм мен терроризмнің таралуына жол бермеу, діни ахуалды саралау арқылы екі жақты пікір алмасу болды. Дінтанушы мамандардың пікірі ұлттық сипатқа айналған дәстүрлі ислам мен дүниетанымымызға сырттан келіп, ықпал жасағысы келетіндерге жол бермеу керектігі, қазаққа ислам дінін үйретудің қажеті жоқ, ежелден исламды өзінің кең байтақ даласында дін ретінде қабылдап оны, бойына терең сіңірген дегенге сайды. «Бізге исламды қайтадан түсіндіру жұмыстарын емес, оны бабалар ұстаған кейіпінде қайта жаңғыртып, халықтың діни сауатылығын қалыптастыру жұмыстарын қолға алғанымыз жөн. Жаһандану заманында қоғамның тұтастығын көздеп, діни сауатсыздықтың алдын алу, тек қана, мемлекетке емес, әрбір азаматқа жүктелген жүк», – дейді топ мүшелері. Сонымен қатар, дәстүрлі емес діни бағыттағы кітаптар, уағызшылар, әлеуметтік желілердің зардабы туралы сөз қозғалды.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Сағыныш ӘБІЛОВА,

«Орталық Қазақстан»

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button