Жасыл шырша жанында

Қазақстанның барлық өңірлерінде ел Президенті атынан балалардың Жаңа жылдық шыршасын өткізу дәстүрге айналғаны белгілі. Қарағандыдағы шырша тойы «Vogue» мейрамханасында өтті. Келе жатқан Жаңа жылмен балаларды Мемлекет басшысының атынан облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ құттықтады.

– Сендер оқуда, спортта, шығармашылықта жақсы қырларыңмен танылдыңдар. Еңбектерің еленіп, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев сендерді Жаңа жылмен құттықтады. Әрбіріңнің арман, мақсаттарың бар. Білімдеріңді жетілдіріп, пайдалы істермен айналысып, еліміздің болашағын ойлайтын азаматқа айналуларыңа тілектеспін. Біз өз тарапымыздан сендердің дұрыс тәрбие мен білім алуларыңа жағдай жасайтын боламыз. Қазіргі уақытта елімізде жаңа спорттық нысандар, мектептер, балабақшалар, оқушылар сарайлары салынып, жаңа үйірмелер ашылуда. Біз сендерге үлкен үміт артамыз. Болашақта сендер үлкен ел азаматтары болып, еліміздің дамуына, өркендеуіне өз үлестеріңді қосасыңдар деген сенімдеміз, – деп атап өтті облыс әкімі.

Жыл сайын өтетін Президент шыршасына 9 – 13 жас аралығындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларының балалары, мүмкіндіктері шектеулі балалар, сондай-ақ, оқу үздіктері, конкурстар мен жарыстардың жеңімпаздары қатысады. Биылғы шыршаға облыстың қалалары мен аудандарынан, балалар үйлерінен, түзету мектеп-интернаттарынан және кемтарлар қоғамының мүгедек балалары, барлығы – 180 бала қатысты. Шара аясында бүлдіршіндер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей телекөпір арқылы Жаңа жылға жолдаған құттықтауын тыңдады. Елбасы оқушыларға өмірде алғыр, оқуда озат болуын тіледі. Оқушылар тәуелсіз елдің болашақ білімді де білікті жастары атынан, ынтымақтастықтың арқасында Мәңгілік Елдің жасампаз ұрпағы атануға тілектестік танытты. Көңілді кеш сахна кейіпкерлерінің шырша жырына жалғасты.

Мерекелік кеш аясында облыстың аудандарынан келген балалар әртүрлі ертегі кейіпкерлеріне еніп, Жаңа жылдық шыршаны айналып, ән салды. Бүлдіршіндердің тілектерін орындап, сыйлық үлестіруге Аяз ата және Ақшақар келсе, сондай-ақ, ертегі кейіпкерлері де мейрамға арналған кештен табылды. Салтанатты шараның негізгі кейіпкерлері кештің көркін қыздырып, ата-аналардың жүрегіне қуаныш сезімін ұялатты. Кішкентай көрермендер үшін дайындалған театрландырылған қойылымдар оларды ертегі еліне шақырды.

Көркем ТҰРАР, Қорғасын орта мектебінің 4-сынып оқушысы:

 – Маған ұстаздарым Ұлытау ауданының шырша тойына барасың деген болатын. Бірақ, маған кейіннен Президент шыршасына шақырту хаты келді. Шырша тойы осындай ерекше болады деп күтпеген едім. Мен сияқты оқушылар Жаңа жылдық кешке әртүрлі ертегі кейіпкерлерінің киімін киіп келіпті. Маған қатты ұнады. Көп сыйлықтар алдым. Бүгін Аяз ата мені қатты қуантты. Ол біздің арманымызды орындайды. Оған зор денсаулық тілегім келеді.

Шырша тойына арнайы бүлдіршіндерге арнап ұйымдастырылған қойылымдар оқушылардың көңілінен шықты. Салтанатты кеште өнерге жақын өрендердің көңілкүйі көтерілді. Облыстық білім басқармасының өкілдері әр қатысушыға Елбасының атынан жаңа жылдық сыйлықтар – планшет, сыйлық сертификаты, кітаптар, интеллектуалдық ойындар, тәттілер толы спорттық сөмке сыйлады.

Сондай-ақ, 300 үздік оқушы «Балдаурен» республикалық оқусауықтыру орталығына жіберілетін болды.

 Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.