Жаңаарқа

Жастық шақпен жүздесу

Жастық шақпен жүздесу

Жақында аудан орталығында орын тепкен «Алтын Арқа» тойханасында өткен, аудан өмірімен біте қайнасқан айтулы бір шараның куәгері болдым. Бұл шараға тәуелсіз еліміздің шартарабынан думанды балдәуренге деген сағыныштарын жетелеп, ұзақ жүздеспеген құрбы-құрдастар жиналды.

Салтанатты шараның себепкерлері 1966 жылдары ауданымыздың сол кездегі белді білім шаңырығы В.Ленин атындағы №1 қазақ орта мектебінің 11 «А», «Б» және «В» сыныптарын бітіріп кеткен түлектері. Араға 50 жыл салып, «Алтын Арқа» мейрамханасында торқалы той өтті. Маңдайшадан мен мұндалатып көз тартар «Торқалы тойға хош келдіңіздер!!!» деген лебізді сөздерге еріксіз көз салған қонақтар, тойхана төрінен көрнекті орын тапқан «Жастық шақпен жүздесіп бір жасайық, замандас!» – деп әр көңілге шаттық нұрын сеуіп тұрған барынша әшекейленген сөздерге үңілді. Жалпы, бас қосып отырған үш он бірінші сыныпты кезінде жүзден артық оқушы бітірген еді. Ал, бүгінгі бас қосу шарасына, қосақтарымен қоса есептегенде, жетпіске тарта адам келіпті. Бұл жерде Алланың жазуымен 50-ге тарта сыныптастарының бақилық болғандығы көңілге мұң ұялатады. Жазымыштан озымыш жоқ.

Біздер, (осы жолдар авторы) ұстаз ретінде Қадыр Матин мен Зейнегүл Омарова шақырылған болатын.

Қарап отырсақ, бұл ұрпақ ең алғаш мектеп табалдырығын осыдан 61 жыл бұрын, сонау 1955 жылы аттап, 18 жасқа толар уақытта қолдарына кәмелеттік аттестат ұстаған екен. Мен де осыдан тура 61 жыл бұрын осы ауылға келін болып түсіп, сол мектепте ұстаздық өмірімді бастаған едім. Түлектердің балаң шақтары мен бой түзеген ересек кезеңдері көз алдымда болды десем, артық айтқаным болмас. Уақыт шіркін аққан судай, зырылдап өтіп жатыр. Кешегі оқушыларымыз жетпіске аяқ басуға таяу қалған болса, біз де сексеннің оң мен солын иемденудеміз.

Қолыма осы тойға арнайы дайындалған шақыру билеті тиген еді. Қатты ұнады. Тойды ұйымдастырушылардың бұл мәселеге қатты көңіл бөлгендіктері көрініп-ақ тұр. Әсіресе, осы шақыртуда лайықты орын алған: «Көңіл төрді көтеріп той тойлаңыз, Уақыт тауып, қатардан шет қалмаңыз. Балалықтың бал күнін еске салар, Салтанатта жадырап бір жасаңыз. Жетпіс алды желікті деп сөкпеңіз, Қол тимесе ешкімге жоқ өкпеміз. Құрбы-құрдас жиылып бас қосады, 50 жылдық шараға осы, жетсеңіз» деп сондай үйлесімді жазылған екен. Сұрастырсам бұл жолдар осы шараның басы-қасында жүрген Ислам Амановтың туындысы болып шықты. Сонымен қатар оның аудандық «Жаңаарқа» газетінің биылғы сәуір айындағы санында жарияланған «Сіз бен біз көзкөргенбіз» атты тоғыз шумақ өлеңі де енгізіліпті. Бұл шараның тағы да бір жағымды тұсы, салтанатты түрде той рәсімі бастала отырып, «Өлі разы болмай, тіріге береке кірмейді» деген ниетпен бақилық болған сыныптастары мен дүние салған ұстаздарының есімдерін атап Жарулла ақсақал құран бағыштады.

Мұнан әрі той дастарханындағы жұрт осы шараға лайықты жүрекжарды тілектерін білдіріп, әуелеген әндер айтылып, мың бұралған билер бір-бірімен үйлесімділік тауып, көңілді отырыс той соңына дейін жалғасқанына куә болдық.

Осы шараны ұйымдастырған біздің кешегі оқушыларымызға зор алғысымды білдіріп, айналайындардың дендері сау, өмір жастарының ұзақ болуын тілеймін. Бүгінгі таңда баршасының да зейнет жасына жеткендіктерін еске ала отырып, өмірдің тек қана тұщы дәмі бұйырып, бір күндерінен бір күндері тәуір болсын деймін.

Ақборық ҚАДІРБЕКОВА,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі,

«Алтын алқа» иегері.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button