Бас тақырыпОблыс әкімі

Жастармен ашық әңгіме

Кеше «Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалының ғимаратында аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ төрағалығымен облысы әкімі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысы өтті. Келелі кездесу өңір жастарының өзекті мәселелеріне, «Жастар жылы» аясында атқарылар ауқымды жобаларға негізделді.

– Өңірде екі жылдан астам уақыт қызмет етуім барысында бірнеше мәрте жастармен осындай жүздесулерде болдым. Әр кездесуден қанаттанып, жігерленіп шығамыз. Кеңес деген – бір істі бірлесіп, кеңесе отырып шешу деген сөз ғой. Сондықтан, бүгін біз емін-еркін, ашық пікірлесеміз деген ойдамын. Ең алдымен, сіздердің ой-пікірлеріңізді тыңдағым келеді. Себебі, тың ой, жаңа идеялар, прагматизм бәрі-бәрі жастардың бойында. Ұсыныс-тілектеріңізді, идеяларыңызды ашық айтуларыңызға болады. Қандай да бір шектеу – жоқ. «Асыл – тастан, ақыл – жастан». Екіншіден, сіздерді алаңдататын мәселелер, шешімін таппай жүрген проблемалар барын да жақсы білемін. Оны да ортаға салсаңыздар, – деді Ерлан Жақанұлы.

Аймақ басшысының бұл сөзі кездесуді еркін өткізуге ұйытқы болды. Жас толқын барынша ашық пікір алмасып, көкейкесті сауалдарын жолдап, жүйелі жауап ала алды. Себебі, кеңеске қатысушылар қатарында облыстағы департамент және басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен бөлек, өңірдің түрлі саладағы белсенді жастары да бар еді. Олардың қатарында IT, робототехника, кәсіпкерлік, мәдениет, өнер саласының, қайырымдылық, еріктілер тобының мүшелері тағы бар.

Сөйтіп, алғашқы болып мінберге көтерілген облыстың жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мирас Құттыбай «Жастар жылы» аясында аймақта атқарылар ауқымды шаралар мен тың жобаларға тоқталды. Жастар жұмыссыздығы мәселесін тілге тиек ете отырып, бос ұрандаудан бұрын нақты жұмыстарды, жастарға берері бар жағымды жаңалықтарды алға тартты.

Еркін өткен кездесудің ендігі көрінісі – аймақ басшысының «Арқа ақшамы» газетінің бас редакторы, ақын Жанат Жаңқашты ортаға шақырып, өз пікірін білдіруін сұрағаны дер едік. Алдын-ала дайындықсыз сауал да қойылды. Мәселен, газет редакторы Қарқаралы ауданына қарасты Саробалы ауылындағы ауызсу мәселесін тілге тиек етті. Аталған ауылда 1000-ға жуық мал бордақыланады екен. Жастар да ауылға атбасын бұрып жатқан көрінеді. Десе де, саробалықтар- ды алаңдатып отырғаны – су шығатын жалғыз құдық қана бары. Бұл аз десеңіз, ауылда ұялы телефон байланысы да, мәдениет үйінде көрермен отыратын орындық та жоқ екен. Ауылдан көшуге бел байлаған жастар үшін де бұл ауқымды мәселе.

Бұдан өзге, облыс орталығындағы мектептер ауласында бүлдіршіндерге спорттың бес түрімен тегін айналысуға мүмкіндік беретін модульді спорт кешендерін тұрғызу, ұлттық тағамдарымызды шетелге насихаттауға жол ашатын «Сарқыт» жобасын жүзеге асыру, күн энергиясын заманауи пайдалана білуге серпін беретін жылыжай салу, IT, робототехника, кәсіпкерлікті дамыту сынды түрлі ұсыныстар да айтылды.

Аймақ басшысы әр салаға жауапты басқарма басшыларының пікірін тыңдай отырып, тиісінше орнықты жауап берді. Қала, аула тазалығы, абаттандыру мәселесі де тілге тиек етілгенін айта кету қажет. Мәселен, ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанты Карина Байсейітова «Өз ағашыңды отырғыз» жобасы туралы баяндады. Түлектер мектеп бітіру құрметіне орай, туған қалалары мен ауылдарында ағаш отырғызса деген бастаманы облыс әкімі де қолдады.

– Бұл жыл сайынғы игі дәстүрге айналатынына сенімдімін. Қала және аудан әкімдеріне түлектер паркін ұйымдастыру және онда ағаш отырғызу үшін жер учаскелерін бөлуді тапсырамын. Бюджетте көгалдандыруға ақша қарастырылған. Отырғызылған ағаштарға күтім жасап, суғару керек. Сондықтан, егер ағаш отырғызсаңыз, онда оған барып, күтімде ұстау қажет, – деді Ерлан Қошанов.

Жиын соңында аймақ басшысы жастардың барлық ұсынысы назарсыз қалмайтынын, қолдан келген көмек жасалатынын жеткізді.

Рауан ҚАБИДОЛДА.

 

Басқа материалдар

Back to top button