Қарқаралы

Жасампаздық жаршысы

   Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді жүзеге асыру барысын талқылау мақсатында, Қарқаралы ауданында актив жиыны өтті. Аудандық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын басшылары және ардагерлер қатысқан жиында аудан әкімі Халел МАҚСҰТОВ баяндама жасады.

Аудан әкімі Елбасының еліміздің алдына қойып отырған он міндетіне кеңінен тоқталды.

Елбасы өз Жолдауында, алдымен, өндіріске жаңа технологияларды енгізу маңыздылығына тоқталды. Біз де жоғары еңбек өнімділігі бар өнеркәсіп саласына бет бұруды жалғастырудамыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, өнеркәсіп өнімінің көлемі 8755,6 млн. теңгені құрады.

Елбасының қолдауымен іске қосылған ірі инновациялық «Көктасжал» мыс кен орнында тау-кен кешенін салу және пайдалану» жобасы бүгінгі күнге толық қуаттылығымен жұмыс істеуде. Қазіргі кезде «Алтай полиметаллы» кәсіпорны 500-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Өткен жылы кәсіпорын 387,9 мың тонна өнім өндіріп, 11 мың тонна дайын өнім – мыс қойыртпаларын шығарған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына ауданнан тағы бір ірі жоба енгізіліп, жүзеге асырылуда. Бұл – «Алайғыр кен орнында полиметалдық кендерді өндіру және қайта өндеу» жобасы. Игерілген инвестиция көлемі 3,3 млрд. теңге болса, жобаның жалпы құны 64,2 млрд. теңгені құрайды. Болашақта кәсіпорын жылына 60,0 мың тонна қорғасын шығарып, 550 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады, – деді аудан басшысы. Сондай-ақ, ол бүгінгі күні ауданда жер қойнауын өндеу мақсатында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қ.Аманжолов, Томар ауылдық округтерінде және Абай селолық округіндегі пайдалы қазбалар қорлары расталса, бұл жерлерде де үлкен өндірістер ашылатын болады.

Елбасының «Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту» міндетіне келер болсақ, аудан тұрғындарын баламалы қуат көзімен қамту үшін Қарқаралы қаласынан 2 шақырым жерде орналасқан «Майор» тауларында жел электр станцияларының құрылысы жұмыстарын «Шаңырақ-21» ЖШС жүргізуде. Аудан «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігін де тиімді пайдаланады. Заманауи технологиялардың жекелеген элементтерін қолданып жүрген «Кент-Агро», «Қарынши», «Аппаз», «Берік», «Жайма» сияқты шаруашылық құрылымдары жыл сайын жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді.

Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында да қомақты қаржы бөлінеді. Былтыр республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар автокөлік жолдарында жол белгілерін орнату, жол бөлу жолақтарын салу, жол жиектеріндегі шөптерді шабу, ағымдағы жөндеу, орташа жөндеу жұмыстарына барлығы 900,0 млн. теңге жұмсалды. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, қаржы секторын «қайта жаңғырту» мәселелері де күн тәртібінен түспейді. Мысалы, былтыр аудандық бюджеттен 18 пәтерлік 6 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын салу бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтті. Бұл үйлердің құрылысын 2018-2019 жылдары жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Қарқаралы қаласында «Вектор-Б» ЖШС 3 қабатты тұрғын үй (24 пәтер) салуды жоспарлап отыр. Тұрғын үй құрылысы аяқталғаннан кейін пәтерлер аудан тұрғындарына жалға беріледі.

Президент тапсырмасына орай, аудандағы білім ордаларының материалдық-техникалық базалары жылма-жыл заманауи технологиялармен толықтырылып келеді. Былтыр 16 мектепке робототехника зертханасы, мультимедиялық кабинет, физика, химия кабинеттері сатып алынды. Жергілікті бюджет есебінен биыл тағы 4 робототехника зетрханасы, жаңа модификациялық 12 физика, химия, биология кабинеттері алынады. Бүгінде кең жолақты интернет желісіне 38 мектеп қосылған, бұл 93%-ды құрайды. Жыл соңына көрсеткіш 100%-ға жеткізіледі.

Осындай жетістіктерді сөз еткен аудан әкімі: «Тиімді мемлекеттік басқару, жемқорлықпен күрес және «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» міндетін жүзеге асыруда бірқатар жоспарларымыз бар», – деді. Сондай-ақ, әрі қарай тиімді жұмыс істеу үшін жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Актив жиынында Егіндібұлақ селосының әкімі Рымқұл Инербаев, «Ақбұлақ Агро» ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Ардақ Сламбеков, мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің туризм және рекреация маманы Эльвира Тілеубекова, №16 орта мектеп директорының орынбасары Бақтияр Түсіпбеков те Жолдаудағы міндеттерге ой қосты.

Сағыныш ӘБІЛОВА

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button