Жаңалықтар

Жас маманға – жаңа мүмкіндік

Жас дәрігерлерді елді мекендерге тартудың тиімді жолы – баспанамен қамтамасыз ету. Кейінгі жылдары жас мамандар үшін қызметтік баспана беру қарқыны артқан. Бұл жағынан біздің облыс – республикада алдыңғы қатарда. Биылдың өзінде болашақ дәрігерлердің таңдауына Теміртау, Қаражал және Қарқаралы қалаларынан 100 пәтер ұсынылып отыр.

Өңірге «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша келетін түлектер енді өз пәтерлерінің дизайнын таңдап, жобалау мүмкіндігіне ие болды. Бұл да жас дәрігерлерді тартудың жаңа әдісі екенін айтады мамандар. – Биылғы жыл Жастар жылы деп жарияланған соң біз болашақ дәрігерлерге ыңғайлы болу үшін барлық мүмкіндіктерді жасап отырмыз. Тұрақты жұмыспен қоса түлектерге 100 АЕК көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Бонус ретінде болашақ пәтерлерін жобалауды өздерінің еркіне қалдырдық, – деп атап өтті облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

Ержан Шәкірұлының айтуынша, пәтерлердегі жөндеу жұмыстары кезінде дәрігерлерге уақытша баспана жалға беріледі.

  • Өтініш беру үшін аудандық әкімдікке барып, барлық қажетті құжаттарды жинау керек. Өтініштер қаралғаннан кейін болашақ дәрігерлер пәтер дизайны мен жобасын ақылдасу үшін әңгімелесуге шақырылады,– деді ол.

Осындай мүмкіндікке ие болғандардың бірі – Руслан Винтоняк. Қарқаралының тумасы резидентура бітіргеннен кейін туған жеріне барып қызмет қылмақ ниетте. Қарқаралы орталық аудандық ауруханасында осыған дейін екі жыл хирург болып еңбек еткен ол соңғы екі жыл бойы сәулелік диагностика мамандығын меңгеріп шыққан.

  • Менің резидентурамды аурухана төлеп берді. Сол арқылы жаңа бағытта білім алуыма мүмкіндік берді. Аса ауыр жағдайлардан басқа барлық науқастарға ота жасаймыз. Әсіресе, жол көлік оқиғаларынан, таудан құлап мертіккендер көп. Бастысы мұнда жұмыс жасауға жағдай бар. Ақыл-кеңесін беретін профессорлар жоқ. Сондықтан, өзіңе, алған біліміңе ғана сенесің,– дейді Руслан.

Бір «әттеген-айы» аудан орталығының қала мәртебесі Руслан сияқты жас мамандарға «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының игілігін толығымен пайдалануға мүмкіндік бермейді. Олар көтерме жәрдемақы, жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктерінен қағылған.

  • Осы жағы ғана көңілімізді түсіреді. Дегенмен де, 3 бөлмелі қызметтік пәтер береміз деді. Отбасымыз үшін бұл да болса жаман емес, – деп ағынан жарылды Руслан Винтоняк.

Русланның зайыбы да – хирург. Биыл интернатурасын бітіріп, туған жерге бірге жол тартпақшы.

Бағдарламаға қатысуға басымдық акушер-гинеколог, неонатолог, инфекционист және жалпы практика дәрігерлері сынды мамандарға беріледі. Себебі, ауылда дәл осы мамандар – тапшы.

Қарағанды медицина университетінің биылғы 400 түлегі, 35 резиденті еңбек жолын ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда бастайды. Биылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік грант бойынша, оның ішінде, ауылдық квотамен оқып бітірген студенттерге кемі үш жыл көлемінде еңбекпен өтеуді міндеттеген еді. Бірақ, Руслан онсыз да туған жерінде, туғандарының арасында берік орнығуды жоспарлап отыр.

Жас дәрігер қазір мемлекеттік емтихандар тапсыруда. Қызметіне тамыздан кіріспекші.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button