Жаңаарқа

«Жас келсе – іске»

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан білімді де өнерлі жастарға қолдау көрсетіліп, олардың шыңдалуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Соның бірі – «Дипломмен –ауылға» бағдарламасы.

Елбасы Қазақстан халқына Жолдауында: «Еліміз үшін мұғалім мәртебесін арттыру – ең өзекті мәселе» деп атап көрсетті. Бүгінде ұлтымыздың өнері мен мәдениетін рухын асқақтатар талантты да талапты жас ұрпақтар қатары көбеюде. Сондай талант иесі біздің Жаңаарқа ауданына «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы арқылы келген Шекимовтар отбасы. Уәлихан Сейітұлы және Гүлмира Жансұлтанқызы балалар музыка мектебіне домбыра сыныбының мұғалімі болып орналасты. Екеуі де – жоғары білімді мамандар.

Соңғы үш жылда жас мамандардың қол жеткізген жетістіктері жетер­лік. Қарағанды қаласының 80 жылдығына арналған халық аспаптарында орындаушы жас музыканттардың облыстық байқауында лауреат дайындағаны үшін Құрмет грамотасымен, Қарқаралы қаласының 190 жылдығына, Саз мектебінің ашылғанына 50 жыл толуына арналған аймақтық жас орындаушылар байқауына талантты, кәсіби шебер шәкірт әзірлегені үшін Құрмет грамотасымен, Жас музыканттардың облыстық байқауына лауреат дайындағаны үшін бірнеше Алғыс хаттармен марапатталды. 2015 жылы Қарағанды қаласында оқытушылар арасында өткен I облыстық «Шабыт шаттығы » байқауында шеберлік көрсеткені үшін «Солист» номинациясына ие болып, III дәрежелі дипломмен марапатталды.

Кейінгі екі жылда мектебімізде «Арқа сазы» домбырашылар ансамблін ашты. Ансамбльдің де қадамы жаман болмады. 2016 жылы Астана қаласында өткен Н.Тілендиев атындағы І республикалық «Өз елім» байқауында «Арқа сазы» ансамблі ІІ орын иеленді. Осы байқауда жүлдегерді дайындағаны үшін, жоғары шеберлігі үшін У.Шекимов бірнеше мадақтамаға ие болды.

Сондай-ақ, Қарағанды қаласында өткен «Тұлға» халықаралық байқау-фестивалінде «Арқа сазы» домбырашылар ансамблі І орын иеленді. Ал, Уәлихан Сейітұлы үздік ұстаз дипломымен марапатталды. Халықаралық қайырымдылық фестиваль – «РУХ» байқауында да домбырашылар ансамблі Бас жүлдені жеңіп алды.Осы байқауда екі шәкірті I-орынды иеленді. Бұл – Уәлихан Шекимовтің тынымсыз еңбегінің жемісі.

Осы отбасының үлкені, 4 жастағы Сезім Сейітова – «Ақерке» балабақшасының тәрбиеленушісі. Ол да өнерге жақын. «Тұлға» халықаралық байқауында, ән номинациясы бойынша ІІІ орынды иеленіп келді.

Мәңгілік Ел болуды мұрат еткен мемлекеттің жастарға сенім артуы – заңдылық. Мектеп басшысы Дина Дүйсембекова да әрбір байқауға қатысу үшін ұжымды ұйымдастырып, басы-қасында бірге жүреді. Ал, Шекимовтар отбасының алар биіктері алда екендігіне, қоғамға, мектеп өміріне қосар үлесі қомақты бола түсеріне сенім мол.

Ләззат БЕКХОЖИНА.

ЖАҢААРҚА ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button