Баған

Жарықтық

 

Қазақ баласының ең қастерлі сөзінің бірі – «жарықтық» сөзі.

Жақынына қаратып айтатын сөзі, жақын тартып айтатын сөзі. Сол сөзін алпыс алты мың мақұлықат ішінде тек жылқы малына қаратып айтқан. Неге?

Қай елдің болсын Елтаңбасына қарасаңыз, айтқызбай ұғынатын бейне-кескіндерді көресіз.

Елтаңбасында түйеқұс бейнеленген елдер бар. Ол, әрине, ең алдымен Австралия елі. Елтаңбаларында жылқы жарықтық бейнеленген елдер де баршылық.

Солардың бірі – Қазақ Елі, Қазақия…

Неге жылқы?

Неге алпыс алты мың мақұлықаттың бірі емес?

Болмаса, неге төрт түліктің басқасы емес?! Жылқының тарихы – тереңде. Білетін ғалымдар бесінші ғасырға апарып тіреп отыр. Ботай мәдениетінен хабардар адамға мұны айтып керегі жоқ.

Адаммен бірге көрге кірген бірден бір мақұлықат болса, ол – осы жылқы жарықтық!

Жылқысыз далалықты елестету мүмкін емес. Оның бар өмірі жылқымен байланысты. Жылқы – оның үйі, киімі, тамағы, көлігі, қорғаны, қаруы…

Үйі дейтініміз – барлық ғұмыры жылқы үстінде өткен бабаларымыз аз болмаған.

Қорғаны дейтініміз – ұланғайыр даламызды осы жылқы жарықтығымен қорғаған…

Осы ұланғайыр даланы мекендеген бабаларымыздың басын қосып тұрған не нәрсе дегенде көпшілік қазақтың дастарқанын атайды.

Ол да дұрыс. Алайда…

Жылқы болса керек!

Қазақ баласы қызын алысқа ұзатуға, келінді алыстан алуға мүдделі болған. Онсыз ұрпағын ұсақтап алуы, тіпті, түп-тұқиянын құртып алуы әбден мүмкін-тін. Одан сырт болу үшін ұрпақ қанын дүрсін-дүрсін айырбастап отыру керек еді.

Ондай мүмкіндікті тек жылқы бере алады.

Сондықтан да, дала баласының қаны таза!

Сондықтан да, дала баласының рухы асқақ! Сондықтан, жылқы жарықтық – қазақ баласының коды!

Олай болса, бұл мәселеміз мемлекеттік мәселе болып шығады.

Ұлттық кодымыз ең алдымен мемлекеттігімізді білдіретін нышандарда өз көрінісін тапсын.

Елтаңбамызда жылқы жарықтық қанатты пырақ ретінде көрінісін тапқан. Сол колоритіміздің Елбайрағымызда да көрінісін табуы маңызды.

Елұранымыздың сөзі де, сазы да келісіп тұр. Сол Елұранымызды тағы да кемелдендіре түсейік. Ұлттық кодымызды түстеп тұрып тағы бір шумақ қосайық!

Төрехан МАЙБАС,
«ҚазАқпарат»
баспа корпорациясының
вице-президенті,
жазушы

Басқа материалдар

Back to top button