Жаратқанға жақындататын ұлы іс

    Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

     Мұсылман қауымын қуаныш пен шаттыққа бөлейтін, адамзатты береке мен бірлікке бастайтын, Ислам дінінің екі мерекесінің ұлығы – Құрбан айт баршамызға құтты, Алла алдындағы ақ ниетіміз қабыл болсын, ардақты ағайын!

 

Ұлық мереке

Әлемдегі мұсылман қауымы осы күні Алла Тағаланың разылығы үшін шынайы ниетімен құрбан шалып, ізгі амалы арқылы Раббысына жақындай түседі. Дініміздің діңгектерінің бірі – қажылық парызы орындалатын уақыт. Жыл сайын елімізден мыңдаған кісі қасиетті қажылық парызын өтеп, ел мен жерге берекет пен бейбітшілік тілеп қайтады. Ал, еліміздегі бұқара халық айт күнінде мейірімділік пен қайырымдылықты арттырып, құрбан шалып шат-шадыман болады. Жалпы «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Құран Кәрімде Жаратушы иеміз: «Намаз оқы, құрбан шал!» деген. Аллаға шүкір дейміз, елімізді бейбіт жолмен, сарабдал саясатымен басқарып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев асыл дініміздегі ұлық мереке – Құрбан айт мейрамын Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Соның нәтижесінде, бұл – ұлық мерекені халықтық деңгейде атап өтуге, көпұлтты Отанымызды мекен еткен халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы өте зор. Алланы бір, пайғамбарды хақ деп білген мұсылмандар мешіттерімізде айт намазын оқып, дұға жасап, бір-бірін мерекемен құттықтап, мәре-сәре болғаннан кейін құрбандық шалады. Мешіттерге түскен құрбандық еттері ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен жесірлерге, мүгедектерге таратылады. Осылайша адамда мейірім, қамқор, кешірім, қайыр-шапағат, сабыр сынды көркем мінез қалыптасады. Сонымен қатар, бұл күн – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін ұлық мереке. Өйткені, Алла тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған.

Айт күнгі

әдептер

Құрбан айт күні ағайын-туыстарды, дос-жарандар мен көршілерді айтпен құттықтап, ақ дастархан басында Алланың бұйырған ризық-несібесінен, құрбандық етінен дәм татқан абзал. Құрбан айт – отбасы құндылығын да арттыратын мереке. Ата-анамызға, жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беріп қуанту, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтетін болады. Құрбан айттың мұсылман жамағатын, ұлыстар мен ұлттарды біріктірудегі, өзара бауырмалдықты арттырудағы рөлі орасан зор. Адамдар бір-біріне: «Айт құтты болсын!» айтып, аман-саулық сұрасып,  сәлем арқылы ынтымақтастықты арттырады. Бұл күні ерте тұрып, ғұсыл құйынып, хош иіс себініп, мешітте айт намазын оқу – сауапты іс. Құрбандық етінен дәм тату, Аллаға мадақ, пайғамбарға (с.ғ.с.) салауат айту – сүннет амал.

Құрбан шалудың шарттары

Құрбан шалу айт намазынан кейін айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Егер бұл талап орындалмаса, айт күнінен алдын немесе кейін шалса, онда ол садақа саналады. Қой, ешкі, сиыр және түйені құрбандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп, ортақ шалуды шариғатымыз құптайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Соқырлығы анық белгілі соқыр, ауруы белгілі аурушаң, (жүре алмайтындай дәрежеде) ақсақтығы белгілі болған ақсақ және (жілік майы жоқ) өте арық малдар құрбандыққа жарамайды», – деген.

Ұлттық дәстүрді жаңғыртатын күн

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, дінбасымыз «Дін мен Дәстүр» бағытын үйлестіріп, жергілікті мешіттерде мүбәрак мерекені жоғары деңгейде өткізу үшін бірқатар игі шаралар мен ізгі істерді жүзеге асыруды жолға қойды. Уағыздарда да діни тұрақтылық пен бейбітшілік, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайту мәселелеріне мән беріліп келеді. Осы орайда құрбан айт күндерінің құрметіне мешіттерде тәрбиелік мәндегі ұлттық ойындар мен салауатты шаралар өткізіледі. Жалпы халыққа ақ ниетпен ас беріледі.

Отбасы мүшелерімен мешітке келіп, ұрпақтарымызды иманды, ибалы етіп тәрбиелеуге септігімізді тигізейік.

Алла тағала ниеттеріңізді, ізгі амалдарыңызды және шалған құрбандықтарыңызды қабыл етсін! Еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы баянды, береке мен бірлігі бекем, келешегі кемел болсын!

Қабылбек Әліпбайұлы,

Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің бас имамы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.