Жанды бейне, өміршең ойлар

Сәкен сөзі, Сәкен ойы әншейінгі тілек деңгейінде қалып қоймай, нақты жүзеге асып отырды. Қол күшін, ақыл-сана қайратын жұмсағандардың алдында Сәкеннің өзі жүрді. Мемлекет басшысы ретінде Сәкен қазақ халқының келешегі туралы талай толғанды. Әрине, коммунистік партияның белгілеген жолын жүзеге асыруда жергілікті ерекшелікті ескермей, ойсыз тарта беруге болмайтынын жан-тәнімен түсінген Сәкен «Қазақ кедейлерінің теңелуіне қатесіз екі жол бар: біреуі – оқу, екіншісі – Қазақстанда кәсіп дүкенін жүргізу» деп білді. Өндіріс ошақтары ашылса, кәсіпорындары салынса, ең алдымен қазақтың ұлттық пролетариаты жасақталып, отырықшылық тұрмысқа көшеді, қоныс тебеді. «Қазақ еңбекшілері жер кәсібіне айналмай, ұйысып ел болмай, еш уақытта қатарға кіре алмайды» деп тұжырымдады.

Жаңаны орнатумен қатар, Сәкен ескі кәсіпорындарды жандандыру, қалпына келтіру ісіне де айрықша мән берді. Оған нақты дәлел – 1923 жылы Қазақстан партия ұйымының ІІІ конференциясына келген Екібастұз жұмысшыларының делегациясын қабылдап, әңгімелесуі. Мән-жайға, әсіресе, қазақ пролетариатының өтініш-тілегіне айрықша назар аударған Сәкен «Екібастағы билеуші адамдардың көбі бұзық адамдар көрінеді. Жұмысшылардың жататын жерлері болғанмен, қараңғы, суық, тамақ аз, киім нашар, монша, мектеп жоқ. Саясат, әлеумет істерінен қазақ жұмыскерлерінің еш мағлұматы жоқ. Оқытушы, үйретуші, бастаушы және сілтеуші жоқ.

Екібас зауытындағы жұмыскерлердің халдерін жөндеуге тез кірісу керек. Қазақстанның Совноркомы 40000 сом ақша бөлді; Екібастағы жұмысшылардың тәнін де, жанын да тәрбиелеуге тезірек кірісу керек» дегені Сәкеннің ең өзекті мәселені қалай түсінгенін ғана емес, нақты шешімін қалай тапқанын анық көрсетеді. Жаңа қоғамның негізі қалана бастаған кезде өнеркәсіп, ауыл шаруашылық, кооперация сияқты өмірдің өзекті мәселелеріне Сәкен тікелей араласып, басшылық жасады. Мүшкіл халге душар болған Екібастұз өндірісінің қазір дүниежүзіне даңқы жайылып отыруының арғы бастауында Сәкен қосқан үлес жатқанын білудің артықтығы жоқ.

Тұрсынбек КӘКІШҰЛЫ.

(Сәкен Сейфуллиннің көптомдық шығармалар жинағы, 5-том, Алматы, «Қазығұрт» баспасы, 2005 жыл).